Нұр-Сұлтан
Қазір
-5
Ертең
-12
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

Өз аяғыңды өзің атқандай: сарапшы Қазақстанның жем-шөп экспортына тыйым салуын сынға алды

фото agro-semena.com.ua сайтынан

2021 жылғы 19 шілдеде сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында 15 тамыздан бастап 6 айға негізгі дәнді дақылдарды елден шығаруды шектеу және мал азығын әкетуге толық тыйым салу туралы шешім қабылданды.

“2021 жылғы 15 тамыздан бастап 6 ай мерзімге ҚР аумағынан (оның ішінде ЕАЭО елдеріне) жұмсақ бидайды (5-сыныпты), арпаны, сондай-ақ жом мен күнжара әкетуге мөлшерлі шектеу енгізу мақұлдансын.

Ауыл шаруашылығы министрлігі “Атамекен” ҰКП-мен бірлесіп 2021 жылғы 26 шілдесіне дейінгі мерзімде мөлшерді есептеп және мөлшерлі шектеулерді бөлу тәртібін анықтасын”, – делінген отырыс хаттамасында.

Нарық ойыншыларының бұл жаңалыққа реакциясы көп күттірмеді. Өңірлерде мал азығының бағасы бірден көтерілді. Ал ел ішінде 3 млн ірі қара мал басының өлімі орын алатын туралы қауесет тарады. Себебі, жем тапшылығы.

Артық болса сатыңдар

Шілде айында Қазақстан фермерлері қауымдастығының атқарушы директоры Ақпар Мәуленов өз еліміздегі малдарды азықтандыру үшін Қазақстанға жем-шөп экспортына шектеу қою керек екенін айтты.

“Тіпті толық тыйым салынбаса да, квоталау – белгілі бір көлемді ғана экспорттау және қажетті көлемді елде қалдыру керек.

Бізге ішкі нарық үшін 25-30 млн тонна шөп қажет. Артық болып жатса экспорттауға болады

Негізінен Қытайға экспортталады, бірақ кәдімгі шөп түрінде емес, түйіршік түрінде. Биылғы жылы Қырғызстан мен Өзбекстанда да құрғақшылық болды, оның үстіне ондағы топырақ жағдайлары біздікіндей емес, бізде шабындықтар мен жайылымдар көп. Сондықтан, биылғы жылы оларда да жем-шөп сұранысқа ие . Оның үстіне Өзбекстан мал басын көбейтіп жатыр. Сондықтан, егер шекараны жаппасақ, барлық мал азығы осы аймақтарға кетіп қалуы мүмкін”, – деп есептейді Ақпар Мәуленов.

Ауыл шаруашылығы министрлігі солай істеді. Сонымен қатар, қиындық туындаған өңірлерде биліктің өкімі бойынша жем-шөп дайындау күшейтілген қарқынмен жүргізілуде. Соңғы мәліметтер бойынша, Жамбыл облысында жыл сайынғы қатқыл мал азығы көлемінің 94%-ы, Түркістан облысында – 84%-ы, Алматы облысында –74%-ы дайындалған. Үкімет резервінен бұл облыстарға жем-шөпті арзандату үшін 3,6 млрд теңге бөлінді. Қызылорда облысына – 1,7 млрд теңге, Маңғыстау облысына – 1,9 млрд теңге. Республика бойынша барлығы 16,1 млн тонна қатқыл жем дайындалды, бұл жоспарланған жылдық көлемнің 68%-ын құрайды.

Фермерлік депрессия

Егіс алқаптарындағы фермерлер өздерінің келісімшарттық міндеттемелерін не істеу керектігін ойластырып жатқанда, ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшылар амал жоқтан мемлекет тағы да деструктивті шараларға барғанын тағы да айтуда.

Аграрлық кеңесші Кирилл Павлов азық-түлік бағасының өсуін талдай келе, Қазақстанда субсидиялау жүйесі ашық емес, онда көптеген сыбайлас жемқорлық схемалары бар екенін айтып келе жатқаны бірінші жыл емес. Осыған байланысты нақты сектор субсидияны қолына алмайды. Ол тікелей түпкілікті тұтынушыға өнімнің өзіндік құнын субсидиялауды ұсынады.

Кирилл Павлов

“Тұтынушыға отандық балықты экспорттау шығындарын субсидиялаудан гөрі, неге жұмсау керектігіне таңдау құқығын беру керек немесе шөл даладағы малдың өліміне өтем ақы төлейміз, содан кейін бүкіл ел болып Маңғыстауда он жылдан астам уақыт бойы картон шайнап жүрген түйелерді айналшықтап жүреміз”, — деді сарапшы өзінің Facebook парақшасында.

Сондай-ақ, ол 15-тамыздан бастап жемшөп экспортына енгізілген шектеулерге  түсініктеме берді.

– Иә, фермерлерге жем-шөпті арзандатуға ақша бөлінді. Бірақ егер аймақтарға мұқият зер салсаңыз, онда шөп құнының өсуі тоқтаған жоқ”, — дейді Павлов. — Шөп сатушылар, әрине, сатып алушыларға қарағанда өте риза. Бұл жағдайдың бәрі ертең ет құнына әсер етеді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы министрлігі жем-шөп экспортына тыйым салды. Бұл тек шөпке ғана емес, сонымен қатар жемдік астық, арпа және бұршақ дақылдарына.

Біз қазірдің өзінде жем-шөп экспортымен айналысатын фермерлердің көңіл-күйлері түсіп, күйзеліске түскендігін көрсетеді

Қытайға жоңышқа экспорттауды көздегендер, тіптен, бастарын ұстап алды. Олар келісімшартты бұзғаны үшін айыппұл төлейді. Олар болашақта мұндай бизнеспен айналысқысы келе ме? Күмәнім бар.

Инвестрепутацияны бұзу

Қазақстан Ет одағының Бас директоры Мақсұт Бақтыбаев ауыл шаруашылығы министрлігінің мал азығы экспортына тыйым салу туралы шешімін өз аяғына өзі оқ ату деп атады.

Мақсұт Бақтыбаев, фото weproject.media сайтынан

— Бұл еліміздің инвестициялық климатына тікелей қатысты өте өткір және ауыр тақырып, – дейді сарапшы. — Егер Біз Қазақстанның аграрлық держава екенін немесе оған айналуға әлеуеті бар екенін ойласақ, оған инвесторларды қорғау жөніндегі нақты саясат қажет. Кез-келген фермер, ол үлкен немесе шағы болсын, ол инвестор.

Ол өз бизнесіне ақша салады және белгілі бір тұрақтылыққа сенеді. Мемлекеттің болжамды саясаты өте маңызды

Қытаймен жоңышқа экспортына тоннасына 300-400 доллардан шарт жасасқан аграрлар бар. Мұндай мәмілелерден экспорттық кіріс өте жақсы түседі. Енді міне, біздің экспорттаушыларды жолы жабылды.

— Бұл салынған тыйымнан қанша шаруа зардап шегеді?

— Олардың қанша екені маңызды емес. Тіпті біреу болса да – жағдай қазақстандық инвестициялық саясатты жақсы жағынан көрсете алмайды. Дегенмен, менің білуімше,

жоңышқа экспортына 30-дан астам фермерлік шаруашылық тіркелген. Олар үшін бұл үлкен соққы. Олардың келісім-шарттары бар, қаншама ақша салған және ол несиеге алынған болуы мүмкін

Мұның салдары қорқынышты – келісімшарттарды орындамағаны үшін айыппұлдар төлейді, енді серіктестерін тақырға отырғызған болып саналады ғой. Содан кейін несиелерін төлей алмай отырады. Тауарды жеткізе алмағаны үшін серіктестеріне не деп жауап береді? Қазақстан Үкіметі неге ондай шешім қабылдады? Бұлай болмайды.

– Ал мемлекеттік шектеулер форс-мажор емес пе?

– Жоқ, әрине. Форс-мажор, ол әрқашан да стандартты жағдайлар – табиғи апаттар, ТЖ, соғыс және т.б.

“Өзімізге көбірек қалсын” деген болмайды

– Жоңышқадан басқа, басқа да жем-шөпке келісімшарттар бар шығар?

– Әрине. Арпа да бар. Арпаның экспортына тыйым салу – аяқтан ату. Қазір оның бағасы тоннасына 95 мың теңге. Сонымен қатар, оның өнімділігі бидайға қарағанда жоғары. Арпа – өсіруге өте тиімді дақыл. Бірақ жаңа тыйымның кесірінен фермерлер оны екпейміз деп отыр. Сонда Қазақстан да арпасыз қалады. Импортқа тәуелді боламыз.

– Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда мал азығы жетіспегендіктен осындай шараларды енгізуде. Бұл қисынды емес пе – өзімізге қажет нәрсені экспорттаудың не керегі бар?

– Бізде азық жеткілікті. Олар мал өсірушілер үшін қымбат және ауырлау. Осыған байланысты олар ет бағасын өсіреді деп болжайды. Бірақ біз нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз және қазақстандық қымбат еттің орнына арзан Беларусь немесе бразилиялық сиыр еті келеді. Біздің нарықтың олар үшін бағасы төмен. Еттің бағасы миға қонымсыз бағаға өсетін болса, шеттен келетін ет көбейеді. Сатып алушы бағаның айырмашылығын нақты сезбей қалады, ал жергілікті мал өсірушілер банкротқа ұшырайды.

Жалпы, бұл мәселеде таяқтың екі ұшы бар. Барлығының көңілінен шығатын шешім табу керек. Кейбіреулерге пайдалы, енді біреулеріне зиян келтіретін шешім қабылдауға болмайды

Кешенді тәсіл деген осы. Біздің жағдайымызда ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік шаруашылығына да, мал шаруашылығына да қамқорлық жасауы керек.

Тыйым салып немесе квота белгілеп, біз зиян келтіреміз. Мен мал өсірушімін, мал азығының экспортына тыйым салынғанына қуануым керек – өзімізге көбірек қалады. Бірақ болашақта оның кесірі маған да тиетінін түсінемін.

Сондықтан жем-шөпке қатысты “жотаның биіктігін көрсетемін деп тауды аласартудың” қажеті жоқ. Квоталар – әлдеқайда оңтайлы механизм. Бірақ бұл біздің қажеттіліктерімізді дәл есептеу үшін жұмыс істейді. Артығы экспортталатын кезде. Бірақ квоталар қолданылса ішкі нарықтағы баға төмендемейді. Яғни, квоталау қазақстандық мал шаруашылығы үшін азықтың қолжетімділігі мәселесін шешпейді.

Өгей қызға – соңғы орын

– Неге шектеулерге байланысты міндеттерін орын алмай отырған біздің экспорттаушыларға келісімшарттарын орындауға рұқсат бермеске?

– Бұл келісімшарттарға өткен күнмен қоюға мүмкіндік беретін дәліз. Мемлекет бұған бармайды. Бірақ ол фермерлерге ішкі қажеттіліктері үшін жем-шөбін сатып алуға ұсыныс айта алады. Егер бізді ішкі тұтыну үшін қолжетімділік мазалайтын болса, онда мерзімдік сатып алу тетігін пайдалануың қажет.

Өсіп келе жатқан бағаға ештеңе істей алмайсыз — өзіндік құнын өсіретіндерге қолдау көрсету керек. Яғни малшыларды

Біздің жем-шөпті импорттаушылар тарапынан біраз әрекеттер байқалады. Олар ойынның нақты ережелерінің жоқтығына таң қалуда. Әрине, қазір барлығы не болып жатқанын бақылап отыр, бірақ экспорт нарығын жоғалту қаупі артуда.

Мемлекеттің елдегі ахуалдың қолайсыз дамуына байланысты кез келген іс-әрекеті ведомстволық шешімдермен емес, заңдармен реттелуі тиіс. Және қоғамдық талқылау жасалуы керек.

Ойынның нақты ережелері болған кезде, барлығы алдын-ала болжанатын сценарий бойынша өмір сүреді және жұмыс істейді

Австралияда соңғы бес жылда қатты құрғақшылық болды. Фермерлер малдарын арзанға сатты, ет бағасы төмендеді. Жаңбыр жауып, жағдай жақсарған кезде нарық бағаны теңестірді. Мемлекет не істеді? Олар жағдай тұрақтанғанға дейін фермерлерді несие төлемдерінен босатты, бизнес күйремеуі үшін қолдау көрсетті. Біздің мемлекетіміздің саясаты да осындай болуы керек.

— Байқайсыз ба, ауыл шаруашылығы министрлігі көпшілікке танымал емес шешімдер қабылдаудан чемпион болған тәрізді?

– Жауапкершілік тек ауыл шаруашылығы министрлігінде ғана емес. Үкімет жалпы ауыл шаруашылығына шыңдалмаған. Олар үшін ауыл шаруашылығы ең соңынан көңіл бөлінетін өгей қыз тәрізді. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі даулы жағдай үкіметті ашуландырмаса болды деп көпшілікке танымал емес шешімді қабылдай салады.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз