Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
0
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Отанды қорғау отбасынан басталады: “Әйелге қол көтеру әлсіздіктің белгісі”

499

Отанды қорғау Отбасынан басталады. Отбасыға деген адалдық еркектің тәрбиесіне тіреледі. Ендеше, неге отбасылық кикілжің туғанда еркектер дереу әйелін ұруға дайын тұрады? Алланың алдында қорғауға, жоғын түгендеп, барын алдынан келтіруге ант-су ішті емес пе? Гендерлік стереотиптік тәрбиенің тереңдегені сонша, үйде ұрыс-керіс шығып, әйел таяқ жесе, оған әйелдің өзі кінәлі деген ұстаным берік қалыптасқан.

Ал, асыл дініміз Исламда «Әйел – Алланың аманаты!» делінген. Имам, ұстаз Арман Қуанышбаев: «Исламда әйеліне қол көтеретін еркектен төмен еркек жоқ. Әйелге ғана күші жететін еркек дейді ондайды. Еркекке күші жете алмайтын. Оны бишара дейді. Себебі, көзіменен, сөзіменен басқарса, қол көтерудің қажеті де жоқ» -деп уағыз айтады.

Жалпы қоғам таяқ жеген әйелге көбіне үстірт қарайды. «Таяқты жегенді білген екенсің, енді ары қарай өз мәселеңді өзің шеш» дейді. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды», «Неде болса өзі бірдеңе бүлдірген ғой» дегеннен аспайтын пәлсапа түбі орны толмас ұлттық дертке айналмасына кім кепіл?!

Әйелдің басындағы қиындық өзіне ғана тиесілі ме? Егер бәріне әйел кінәлі болса, онда оған моральдық, психологиялық, әлеуметтік көмектің керек болғаны ғой.
Адам құқы Конвенциясының 3 және 5 баптарында «Жер бетіндегі бірде бір адам жазалауға, зәбірге шыдауға, қорлауға көнуге тиіс емес» делінген.

Кез келген отбасылық қарым-қатынас махаббаттан басталады. Әйелдердің көпшілігі үшін алғашқы шапалақ – күтпеген жағдай. Ұрып-соғу қыз бен жігіт болып қол ұстасып жүрген кезде көрініс бермейді. Кетісуге ыңғайлы болатын бастапқы кезде бәрі тамаша болады. Ал, екі жас отбасы құрып, бір шаңырақтың астында тұра бастағанда, еркек әйелге белгілі бір билік жүргізгенде барып кикілжің туындайды.

Әйелді қадағалау мен зорлық жасаудың арасында үлкен айырмашылық бар. Әйелін бақылауда ұстайтын еркектер көбіне оның төркінімен, құрбыларымен байланысын шектеуге тырысады. Қайда болдың, кіммен қыдырдың деп есеп алып отырады.

Не істесе де сын айтып, сымбатын мінеп отырады. Өзің жақсы көретін еркектің ұрғанына көну, оның қас-қабағына тәуелді болу – көңілге қаяу салатын, жүрекке жара салатын жағдай. Күйеу – тек ұратын еркек емес, ол сол әйелмен төсектес болатын, көңілі құлазыған кездерде ақыл айтатын ақылшысы (көбіне болуы тиіс, бірақ болмай қалған ақылшысы). Сондықтан ұрған адамнан кетісу қиынға әрі ұзаққа созылады. Өзін ұратын күйеуден кетісе алмаудың тағы бір себебі – қауіп. Әйелге ешкім қауіпсіз өмірді қамтамасыз етпейді. Зорлауға ұрынудың дені ұратын күйеуден іргесін аулақ салғанда болатынын статистика көрсетіп отыр. Келешек алдындағы үрей таяқтайтын күйеуден кетуді қиындатады.

Биылғы жылдың статистикасы бойынша, Қазақстанда бір жылда 36 әйел күйеуінің ұрып-соққанынан қаза болып, зорлық-зомбылықтан зәде болған 742 әйел өз өзіне қол жұмсаған. Бұл тек ресми көрсеткіш.

Қылмыстық кодекстің 108 «Денсаулыққа жан күйзелiсi жағдайында зиян келтiру» және 109 «Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде денсаулыққа ауыр зиян келтiру» баптары бойынша күйеуі ұрып-соққан жағдайда шағым түсіруге болады. Бұл шағым тым құрымағанда үнемі зәбір шегетін әйелдердің құқы тапталғанын нақтылап, олардың күйеулеріне қандай жаза бар екенін ұқтырады.

Картинки по запросу әйелге қол көтеру

Айдар Ерғали, сәулетші:

«Отбасында ғана емес, бүкіл қоғамды шалған дерт бұл – адамдар өз құқықтарын білмейді жəне оларды қорғауға қауқары жоқ».

Азамат дүниеге келісімен өзінің еркектік күш-қуатын дәлелдеумен болады. Бұл оның болмысына тән ғадет. Еркек бір сөз айтты ма, сол сөздің дұрыстығын қалайда дәлелдеп шыққысы келеді. Сөзі жетпей қалған жігіт міндетті түрде іске жұдырықты қосады. Күш көрсетіп, әлімжеттік қылады. Бірі өзіне лайықты бәсекелес іздеп тапса, екінші бірі отбасыда шу шығарып, төбелесіп, әйелі мен бала-шағасын сабау арқылы өзінің менін өсіргісі келеді.

Өнертанушы Ерлан Төлеутайдың айтуынша, қазақта әйел сабау ырымы болған екен. «Қазақта әйел сабау деген ырым болған. Көбінесе, салақ әйелдерді сабаған. Сосын ел көшкенде түйеге жүгін дер кезінде арта алмай, жұрттың соңында қалатын әйелдер, жігіттермен жымыңдасып қойған тоқалдар таяқ жеген. Бірақ сабау дегенге шындап сабады деп ойламау керек, көбінесе тулақ жауып, соның сыртынан қамшы тигізіп ырымын жасаған. Солай әйелдің ұятын оятқан» – дейді өнертанушы.

Анар: «Алты жыл таяқ жедім. Алты жылдан соң бір күнде балаларымды алдым да кетіп қалдым. Бітті. Екінші гәрі ол адамды көрмедім. Екінші рет тұрмысқа шыққанда барып қана әйелдің қандай болатынын, күйеудің қандай болатынын көріп, сезініп, бақытты өмір сүрудемін. Адамның бәрі БАҚЫТҚА лайық!»

Психологтардың айтуынша, «Егер ер адам бір рет қол көтерсе, ол міндетті түрде бұл қылығын қайталайды. Қанша жерден ант-су ішіп, уәде берсе де, өзін-өзі жеңе алмайды. Мұндай еркектермен ат құйрығын кесіскен дұрыс. Оларды аяу бекер. Қол көтеретін еркекке тағы бір мүмкіндік беру дегеніңіз – тағы да таяқ жеуге өз қолыңмен үкім шығару».

Мақала жазу барысында күйеуінен таяқ жеген әйелдердің хаттары толассыз келіп жатты. Күйеуінен зәбір көрген әйелдерге пана болатын «Араша» үйіне бардық.

Ондағы әйелдердің бәрі таяқ жеуден шаршағандықтан жергілікті органдардан көмек сұрағандар. Әрбірінің оқиғасы әр түрлі. Қанша адам, сонша тағдыр. Көбінесе күйеулері неге ұратынын өздері де білмейді.

Себепсіз таяқ жейтіндері көп. Әдет боп кеткен.

Біздің елде тұрмыстық ұрыс-керіс жеке бастың жағдайы ретінде ғана бағаланып, ерлі-зайыптыны татуластырып қана тәмамдалады. Татуласудың ертеңі тағы таяқ жеу. Татуласа алмағандар ажырасады. Ұрып-соққан күйеуінен ажырасып, екінші отбасыда бақытты өмір сүріп жатқан келіншектер де баршылық екен. Бірінші әйелін ұрып-соғып қуып жіберіп, екіншісіне де соны көрсетіп жүрген жігіттерді ел сыртынан ғана айтады. 21 жастағы Света Иванова екі баласымен осы үйді паналап отыр.

«Кіші балам туғанша күйеуім ұрмады, екінші бала дүниеге келген соң қол көтерді, басында шыдадым, анама айтпадым, бірақ ол бәрібір білді, сосын ажырасайық дедім, көнбеді, маза бермейді, қайтып кел дейді, қайтып барсам ұрады, енді кетіспекке бел буып отырмын, балаларым да ұрыс-керістен, ұрғаннан зәде болды, шаршады, тыныштықты қалайды» дейді.

Егерде жүре біткен зорлық жасау әдеті деген психологиялық теория рас болса, онда зорлық етуші еркектерді ашусыз, ұрып-соқпай өмір сүруге тәрбиелеуге әбден болады екен. Шет елдерде отбасында зорлық көрген адамдарға арналған арнайы психологиялық бағдарламалар жүзеге асып жатыр.

Мұндай психотерапевтік топтардың мақсаты – зорлық жасаушы адамдарды өзінің неден ашуланатынын сезініп, бойын кернеген ашуды түсінуге, ашып айтуға үйрету, басына түскен әр қиындықты қол жұмсамай, ешбір зорлықсыз шешуге бейімдеу.

Мұндай топтардың тәжірибесі бойынша, осы психотерапевтік курстардан өткен еркектердің 50% ғана отбасында зорлық жасауын доғарғанын көрсеткен. Бірінші реттен терапияны сіңіре алмағандар екінші қайтара курсқа қатысып, бұлардың 25% зорлық жасаудан арылған. Яғни, психотерапиядан өткендердің 75% зорлық жасамай өмір сүруге қабілетті жандар болып шыққан.

«Қазақстанның тең құқық және тең мүмкіндіктер институты» қоғамдық қорын басқаратын Маргарита Өскембаева гендерлік теңдік және білім сапасы туралы мәселелерді зерттеумен шұғылданады.

Әйелді ұрудың себебін Маргарита Өскембаевадан сұрадық, ол былай деп жауап берді: «Біріншіден, ерлердегі агрессияны емдеткен жөн. Немесе ол адам өз-өзін ұстап үйренуі керек. Психологтар, психиатрлар жұмыс істейді, солардың көмегіне жүгінсін. Егер адам өз-өзіне ие бола алмаса, сырттан көмек сұрауы қажет.

Әйелге қол жұмсау деген тексіздік.

Ол әдетке айналмау үшін бір реттен тоқтату шарт. Адамға қол тигізуге болмайды. Өзін ұстай алмаса, ол ауру болғаны. Әйелін ұратын еркектер көрінгенге жұдырық ала жүгірмейді. Тек әлі жететін әйеліне, үй-ішіне ғана әлімжеттік жасайды. Сырт көзге көрінбейді, өзім би, өзім қожамын деп ойлайды. Ал, егер қарсы шықса, олар тоқтайды. Бір әйел болды бізде көмек сұраған, бірден қарсы шығып, күйеуін тоқтатқан, содан кейін араларында кілтипан болмапты. Немесе тағы бір әйел айтады, 8 рет үйден қаштым, енді қашатын шамам жоқ, милиция шақырып, күйеуіне шағымданып, сот әйеліңе қол жұмсасаң, 20 тәулікке қамаласың деген соң дереу әлімжеттікті тоқтатып, әйелін ұрмайтын болыпты. Бір реттен тыю керек. Заңмен болса да, отбасында болса да».

Ал, басқа елдерде отбасылық зорлықты қалай шешеді екен? Мәселен, АҚШ-та отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу және күресу жүйесі бар. Осы жүйеге қарамастан жылына күйеуінің таяқтауынан шамамен екі мыңдай әйел көз жұмады екен. Ресейде күйеуінің ұрғанынан қайтыс болатын әйелдер саны АҚШ-тан гөрі 6-7 есе көп. Батыс Еуропада бұл шама мыңнан аспайды екен.

Әрине, отбасы болғандықтан бала әкеге де, анаға да мұқтаж болып өседі. Алайда, отбасында зорлықты жиі көретін бала өз қатарластарынан өзгешеленіп тұрады. Олар үнемі жалтақ, қорқақ, тез шаршайтын, психосоматикалық ауытқуларға бейім, күйзеліске ұрынғыш, өзін төмен бағалайтын, түнімен жаман түс көргіш, агрессияға бейім болып өседі.

Әкесі шешесін сабағанды көріп өскен бала өзі зорлықшылдың құрбаны болатын баламен деңгейлес келеді. Оның бойында да жалтақтық, күйзелгіштік белең алады.

Мұндай бала өзі келіп, шешесіне ажырасып кетші деп айтады. Несеме, ата-әжесіне барып тығылады. Солармен өмір сүрген ыңғайлы болады. Кейбіреулері интернаттарда өмір сүрсе, кейбірі зорлық-зомбылықтан қажып, үйден қашып кетеді. Психологтардың айтуынша, отбасында зорлық-зомбылықты, ұрып-соғуды көріп өскен бала осы тәрбиені бойына сіңіріп, зорлықты өзінің есейген шақтағы өміріне ала келеді. Ұл бала әкесінен көргенін істеп, әйелін сабағыш болады. Қыз бала анасының таяқ жегенін көріп өссе, өзін ұратын жігітті таңдап алады.

Және бір жаманы, психолог В.Синельников айтып өткендей, ата-ананың агрессиясынан баланың агрессиясы он есе күшті болады. Яғни, ұрыс-керісті көріп өскен бала әкесінен он есе ашуланшақ, он есе қатыгез болып шығады.

Ұрыс-керіс әр отбасыда болуы мүмкін. Ұрыс пен зорлықтың айырмасы – ұрыс кезінде себептің болуы мен ұру кезінде себептің болмауында ғана. Зорлықшыл адам неге ұрдың деген сұрақтарға көбіне ойдан шығарған жауаптарды кесе-көлденең тартады. Ал, негізгі себеп өзге адамды билеп-төстегісі келген пиғылда. Зорлықтың басты белгісі – оның жүйелі түрде қайталануы және жұдырықтың қаттылығы, ақыры неге апарып соқтыратындығында. Зорлық жасау өзге адамның болмысын басып-жаншуға бағытталған бақылау мен сол адамды билеп-төстеуге құрылатын қаныпезер жүйе. Күйеуінен таяқ жейтін әйелдер үнемі қорқыныш пен күйзелісте өмір сүреді. Өзіне деген сенімі шайлығады. Өзін өте төмен бағалайды. Үнемі аурушаң болады. Басы ауырады, ұйқысыздық мазалайды, белі ауырады және т.б.

Егер еркек зорлық-зомбылық, ұрып-соғуға әйелімнің өзі итермелейді десе, мұндай сөзді ғылыми зерттеулер жоққа шығарып үлгерген. Әйелге қолын бір рет көтерген еркек екінші некеде де дәл сол қарым-қатынасты жалғастыратыны анықталған. Мәселенің бәрі әйелді дұрыс таңдамағандықта емес, еркектің өзі басқаша коммуникацияны меңгермегендікте болып тұр. Көбіне көп инцест, зорлау, отбасылық кикілжің кезінде құрбан болған адамның болмысына терең мән беріледі, бұл әрекет қылмыстың жауапкершілігін кінәлі адамнан құрбанға ілуге тырысу болып шығады.

Жұдырығын ала жүгіретін еркектердің басым бөлігі ашу кезінде бәрін сезіп, түсініп отыратын халде болады. Яғни, өзін өзі ұстай алатын психологиялық жағдайда. Көбінде олар әйелін ұру үшін жағдайды, мезгілді, орынды анық таңдап алып ұрады. Әйелі екеуі оңаша қалғанда, немесе тек өз балалары куә болатын кезде. Ол тек әйелін бақылап ұстағысы келеді. Достарын, бастығын, әріптестерін емес. Зорлық жасаған кезде өзінде анық бақылауда ұстайды. Әдейілеп ұратын болғандықтан шектен шықпайды. Еркектердің ашу шектен шықса, ұрғаннан қаза болатын әйелдердің саны еселеніп кетер еді. Қол жұмсаудың басты мақсаты – әйеліне дегенін істету, сондықтан оны өлтіргісі келмейді.

Қазақ халқы қызды төрге отырғызып, ұлынан артық қадірлеген. Себебі, Нұқ пайғамбар туралы хадисте үлкен ұлы Сам әкесінен қарындасын неге төрге отырғызатыны туралы сұрайды. Сонда Нұқ пайғамбар былай деген екен: «Біздің ырзық-несібеміздің көп болуы Уәсилаға байланысты. Құт қызды жағалап жүреді. Оны босағаға отырғызсаң, шамданады. Төрге шығарсаң, қуанады. Орны жайлы болса, дастарханнан ас-тағамды үзбейді. Тұрмысыңды түзейді». Бұл дәстүр әлі күнге дейін өміршеңдігін дәлелдеп келеді.

Зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қаупі салдарынан қиын жағдайға тап болған адамға арналған дағдарыс орталықтары әр қалада бар. Сондықтан қазіргі заманда таяқ жеуді тағдырына балаған әйелдер жаны қысылғанда осындай орталықтарға баруына болады. Онда моральдық, психологиялық көмек көрсетіледі.

Сияр Шәріп атты Мұхаммед пайғамбардың өмірі хақындағы отбасылық хрестоматияда: «Жұмақ та, тозақ та ананың табанының астында. Үмбетіңе айт, жұмақ іздесе үш қыз тапқан ананы қадірлесін, – дейді Жебірейіл. Пайғамбар: «Үмбетіме: «Анаңды, әйеліңді, қызыңды, құрметте, сыйла» деп айтайын» делінген. Яғни, анасын, әйелін, қызын құрметтеу ер-азаматтың Алладан алған аманаты. Аманатқа қиянат жасамауды үйренейік.

Дайындаған, Шынар Әбілдә

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз