Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
5
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

“Офшорға кетеді”. Қаржыгер Ұлттық банк бастамасының құйтұрқы тұсын әшкереледі

124

Бұл туралы қаржыгер-маман Ілияс Исаев kaz.365info.kz сайтына берген сұқбатында мәлім етті.

Айта кетелік, кеше ҚР Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев БАҚ редакторларымен кездесуі кезінде Қазақстанда алтын құймаларды саудалау құқығын айырбастау орындарына беру бастамасы қарастырылып жатқанын айтқан болатын.

Ақышевтың айтуынша, енді ақша айырбастау орындары шетел валютасы сияқты, алтынның да бағасын белгілеп, сатып алу және сату бағасын таблоға шығарып қояды екен.

Ал ондағы мақсат не? Мұны бас банкир:

«Алтын құйма адамның бағалы металды жинағысы келетіндігін ескере отырып жасалды, тиісінше, біз алтын құймалар бағдарламасын іске қостық», – деп түсіндірді.

Дегенмен қаржыгер-мамандардың бұл реттегі пікірі басқалай.

Ұлттық банктің көздегені – елдің тығып ұстайтын ақшасы

„Таяқтың екі ұшы бар„ демекші, қаржыгер Ілияс Исаев бұл үрдістің ел экономикасына оң және теріс әсерін аңғарып отырғанын айтады. Сөзді жақсысынан бастайық.

– Біріншіден, қазір бюджетте ақша тапшы. Ұлттық банк эмиссиялық институт ретіндегі рөлін де жоғалтып барады. Өйткені ұлттық қордан, бюджетке, бюджеттен экономиканың нақты секторына бөлінген қаржы қайта айналып келмей жатыр. Көбісі, проблемалық несиелер қорына барып толығуда. Оны тазалап қойса, қайтадан пайда болады.

Үкімет бөлген соншама ақшаны экономиканың нақты секторы бойына сіңіре алмай, құсып тастауда. Себебі, жан-жақтың бәрі сыбайлас жемқорлық – коррупция.

Нарықтың аясы тым тар, кәсіпкерлік қажетті деңгейде дами алмауда…

Сол секілді, қазір бізде  көп адам банкке ақша салмайды, қолда ұстайды. Өйткені, банктер ұсынған депозиттердің сыйақы мөлшерлемесі, тіптен, тартымсыз. Пайда жоқ. Қызық емес. Міне, халықтың қолындағы осы ақшаны мобилизациялау үшін, Ұлттық банк алтын құйманы еркін сауда-саттық айналымына шығаруда. Осылайша, халықтың алтынға инвестиция жасауына мүмкіндік бермек.

Екіншіден, ЕХРО бітті. Енді, ол алып ғимаратты өңірлік қаржы орталығын құрып, соған пайдаланамыз деп жатыр. Мәселен, Швейцария, Англия қаржы орталығы. Ал қаржы орталығы бар жерде барлығы емін-еркін саудаланады. Бір сөзбен айтқанда, қаржы орталығы бар жер жерде алтынды емін-еркін сатып алып, сататын қаржы секторы болуы тиіс. Бұл – қаржы орталығының ажырамас атрибуты.

Кейбір дерек бойынша, Қазақстанда барланған 30 мың тонна алтын қоры бар. Бұл Орталық Азия мемлекеттерінің Орталық банктеріне алтын саудалауға жеткілікті деп есептеймін,

яғни, мысалы, Өзбекстанның Орталық банкі алтын сатып алғысы келсе, онда Лондон немесе Швейцария биржасына жүгінбей-ақ, бізден сатып алса болады. Бұл – алтынды еркін саудаға шығарудағы оң құбылыстар.

Коррупционерлерге жақсы болды…

Ал теріс құбылысқа Ілияс Исаев әрең дегенде бәсеңдеткен қаржының сыртқа кету процесінің жеделдеу ықтималдығын жатқызады.

– Мәселен, елімізде алтын құйманы көптеп сатып алушы Өскемен қаласы екен. Мұны Ұлттық банк басшысының өзі айтып отыр. Оны осы өңірдегі халықтың металлдарды жақсы білетінімен, сондықтан оған қызығушылығы басым екендігімен түсіндіріпті. Ал меніңше, бұл арада себеп басқада. Мысалы, алтын құйманы шекарадан алып өте алмайсыз. Оны өткізбейді. Ал бағалы шақалар (монеталар) ақша секілді саналып, емін-еркін өте береді.

Осы шақаларды шығаратын еліміздегі зауыт Өскемен қаласында орналасқан. Демек, құйманы осы зауытқа өткізіп, оны шақаға айналдырып, шекарадан оп-оңай алып өте берсеңіз болады ғой.

Ертеректе мұндай жайт болған. Содан соң, Ұлттық банк монеталарды көптеп шығаруды қойды, көлемін шектеді.

Әрине, коррупционерлерге жақсы болды. Алтын құймамен алады енді алатынын. Оны артынан шақаға айналырса, болды емес пе?..

Банктер сейфін жалға беріп, пайда таппақ

Сондай-ақ маман алтын құйманы сатудан Үкімет те, коммерциялық банктер де пайдаға кеңелетінін айтады.

– Алтын құйманы сатып аларда оның құнына салығы да енеді. Өйткені ол ақша емес, құнды тауар. Ал тауарға салық салынады. Бұл Үкіметке тиімді. Одан соң, сатып алған адам алтын құймасын үйде сақтай алмайды ғой, міндетті түрде банктің сейф қызметіне жүгінеді. Демек, осы қызметі үшін комиссия алуда банк табыс табудың тағы бір түріне кенелмек.

100 грамдық алтын құймасы, шамамен, 1 миллион теңге тұрады екен. Осы құйма түріне қазір сұраныс жоғары көрінеді. Ұлттық банк үш айда 900-ге жуық алтын құймасын немесе 24-25 келі алтын сатқанын айтады.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз