Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
5
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

“Не боп кетті өзі…”. Көмір ұрлаған тұтылды, ақша ұрлағандар құтылды

255

Сонымен не жағдай дерсіздер? Жағдай былай болды…

Әлеуметтік желіде көптеп бөлісілген бұл жаңалықты талқылаушылар көмірдің удай бағасын, алыпсатарлардың дәурені жүріп тұрған мына түлкі бұлаң заманды, ақыры, әлсіздерге ғана күші келетін шолақ белсенділер мен заңымызды әбден сынап, сыбап алды.

Мақсат Үсеновтің аты тағы аталды

„Бір шелек көміріңіз не, кісі өлтірсе де, мына бір бай баласы көз алдымызда тайраңдап жүр ғой әлі„

деп жазды әлеуметтік желіні қолданушының бірі.

 

Ал тағы біреу ортаға ұсыныс тастапты. Оны сарказм деген дұрыс шығар.

Бұған „Ғасыр қылмысы„ деген ат берейік депті ол.

– Шенділер тонналап, вагондап ұрлап жатыр, оны ешкім көрмейді. Теміржолдың бойының барлығы жағалай ұрлық. Бармақ басты, көз қысты, сонымен іс бітті. Ал бір шелек көмір ұрлаған әйелге барлығы жабыла кетіпті. Істі сотқа дейін жеткізіпті. Қайта көмірге қатысы бар бүкіл ұрлықты сол әйелдің атына іліп жібермеген деңіз. Ондай да шығады біздегілерден…, – деп жазады тағы бірі органдағы былықтың басын қылтитып.

„Бұл Қостанайда ғана емес, көмір жағатын барлық өңірде бар мәселе. Өйткені соңғы 2-3 жылда қолдан жасалатын көмір тапшылығы деген пайда болды. Желтоқсанға дейін көмір таба алмай, сеңдей соғылып, сандалған жұрт. Әрине, ұрлыққа бармадық. Бірақ бір ай бойына ағаш жағып отырған кезіміз болды. Көмір жоқ, қайтеміз енді?..„ деп жазады көмірдің зары жанына батқан Фейсбук қолданушысы Арман деген жігіт.

Бұл фактіні біз де растаймыз.

Мәселен, қазір Алматы облысында көмір әлі тапшы. Әрине, жол бойында көмір тиеген ауыр жүк көліктері қаптап тұр. Бірақ олар үстіне баға қосады. 5 мыңнан 10 мың теңгеге дейін.

Күнделікті тамағы мен киімінен үнемдеп, әрең ақша жинағандар, әрине, орта жолда оларға „жем„ болғысы келмейді. Сондықтан вагонның басына бір-ақ барады. Бірақ онымен мәселе шешілмейді. Ол арада құжынаған қара-құрым халық. Көмір тиеген жүк көліктерінде дамыл жоқ. Әйтеуір, әкетіп жатыр, вагондағы көміріңіз тез таусылып қалады. „Оптом„ алатындарға жол ашық. Бұл осы көмірді жол бойында үстіне ақша қосып, мөшектеп сататындар ғой.

Ал үйін жылыта алмай, қиналған халық таң атқанша кезекке тұрып, мазасы кетеді. Көбісінің кезегі келмей қалады. У-шу. Көмір таусылды дейді. Содан, келесі вагон қашан келеді деп күтуге тура келеді. Халықтың берекесін қашырған осы нәрсені реттейтін уақыт келген шығар, енді. Иә, себеппен емес, оны тудырушы салдармен күресу керек шығар, бұл арада, ең алдымен…

„НИнормальное правосудие„

Иә, „Ғасыр қылмысы„ деп ат қойғанда да бұл арада  осы қылмыстың артында тұрған осындай ауызжаласушылық, алыпсатарлық сынды көзге көріне бермейтін көп қылмысты меңзеп тұрғандай.

„Мұны халықты ұрлыққа итермелеу деп айтады„ деп жазды Ержан деген Фейсбук қолданушысы. Бұл сөздің де жаны бар, негізі.

„НИнормальное правосудие„.

Осындай да пікір бар арасында. Меңзеп тұрғаны – түйені түгімен жұтқан, парамен ұсталған Ни деген шенді ғой. Ал ол қылмыстық жауапқа тартылмады. Ол кезде де ел жағасын ұстап еді. Құқықтық жүйе де тығырыққа тірелген. Анығы, оған да реформа керек.

Ақыры, оффшордағы шенеуніктердің ұрлық ақшасы да сөз болды. Аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қоялық. Ұят қой…

Мәселен, Қазақстандағы  қалталы отандастармыз оффшорлық аймақ болып табылатын Виргиния аралдарында – 3 млрд 600 миллион доллар, Сейшель аралдарында – 2 млрд 600 миллион доллар, Кипрде 1 млрд 900 миллион долларды сақтап отыр. Онда да бұл ескі ақпарат.

 

Ұят демекші, қоғам белсендісі Мұрат Әбенов те осы оқиғаға қатты ұялғанын айтып, жазба жариялады.

Масқара болдық қой…

Мұрат Әбенов

„Ұялып отырмын… Елді осындай күйге жеткізгеніміз үшін бетімді басып. Баласы тоңбас үшін қам көңіл ана көмір ұрлауға мәжбүр. Әйел адам 20 келілік мешөкті арқасына салып алған, түнде емес, тапа-тал түсте. Баласы туралы ой қорқынышты да қашырып жіберген. Табиғаттың заңдылығы ғой. Өз баласын суықтан қорғауы керек, қалғаны не болса ол болсын…

Қостанайдың әкімдері, иә, Сіздерге айтамын. Бөссеңдерші енді. Халыққа қалай көмектесіп жатқандарыңды, әлеуметтік мәселені күштілеп еңсеріп жатқандарыңды айтып, мақтаныңдар, қане?.. Астанадан қонақтар келгенде, сөйтесіңдер ғой ылғи…

Міне, сол кезде мына суреттегі әйелдің бейнесі көз алдарыңызға келсін. Таңба дейді мұны. Сіздерге бұл халық салған таңба болсын! Сотты қайтіп ұйымдастырдыңдар? Аудан әкімі кім еді? Социалистік меншіктің қорғаушы – қаһарманы дейміз бе оны?.. Аты-жөнін айтыңдаршы, бәріміз біліп жүрейік.

Халықты қолжетімді көмірмен дер кезінде қамтамасыз ете алмағандар енді 20 келі көмір ұрлап, сотталып жатқан әйелді тамашалап отырған шығар, қазір рахаттанып. Сол ауылдың әкімін бір атаққа ұсынайықшы, өзін және бюджетке 180 теңге шығын әкелген әйелді бүкіл елге әйгілегені үшін…„ деп жазды ашынған ол Фейсбуктегі парақшасында.

Айта кетелік, 180 теңге шығын келтірген тұрғынның ісі Қостанай облысы Ұзынкөл аудандық сотында қаралды. 29-қыркүйек күні Ряжское ауылындағы медициналық пунктің маңында тұрған 20 келі көмірді әйел адам ұрлап кеткен. салдарынан, емханаға 180 теңге шығын келіп, қылмыстық іс қозғалған. «Өзгенің мүлкін ұрлау» бабы бойынша тергеу жүрді.

Ақыры, екі тарап өзара мәмлеге келгендіктен, айыпталушы қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз