Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
14
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Мейірбек Молдабеков: «Қазақстан ғарыштық технологиялар бойынша үздік 30 елдің қатарына кіреді»

  

–  Мейірбек мырза, еліміз ғарыш саласына бағытталған қаржының көлемі жыл сайын арттырып отырғаны белгілі. Кейбір сарапшылардың дерегінше, соңғы 10 жылдың аралығында Қазақстан ғарыштық жобаларға 1 млрд. долларға жуық қаржы бағыттаған екен. Осы ақпарат қаншалықты рас?

– Өздеріңіз де білесіздер, ғарыш саласы өте қымбат сала. Тек Қазақстан ғана емес ғарышты бүге – шігесіне дейін білетін алпауыт елдердің өзі осы саланы игеруге ондаған жылдарын жұмсап, нақты бір нәтижеге қол жеткізу үшін миллиардтаған қаржы бағыттайды.

Картинки по запросу қазақстан ғарыш

Саланы білетін мамандар ғарыштың ауқымды инвестицияны талап ететінін жақсы түсінеді. Ал жаңа технологиялар дамыған сайын ғарыш саласынан пайда түсіру мүмкіндігі де артып келеді. Демек, кеткен шығынның орнын толтыруға әбден болады.

– Дегенмен де біздің бұл тараптағы жобаларымыз қаншалықты сәтті болды? Айталық, «Бәйте­рек», «Есіл» және «KazSat-1» жобалары туралы не айта аласыз? Иә, ғарыш саласының үлкен қаражатты талап ететіні түсінікті. Бірақ, осы еңбектің нәтижесін қашан көре бастаймыз?

– Сіздер ілгеріде айтқан жобалардың барлығы да агенттік құрылғанға дейін болғанын ескерте кетейін. Бірақ, қателесу адам баласына тән ғой. Ғалымдардың пікірінше, қате тәжірибенің өзі тәжірибе болып саналады екен. Біз осыны ескеру керекпіз.

Ілгерідегі жобалар туралы нақтырақ айтар болсам, «Есіл» жобасының тиімділігі төмен болды. Осы себепті де бюджет ақшасын бекер рәсуәламау мақсатында жұмысы уақытша тоқтатылды. Ал «Бәйтерек» жобасы бойынша біз қазіргі таңда жұмыс істеп жатырмыз.

– Сөзіңізде алпауыт мемлекеттер туралы айттыңыз. Жалпы жаһандық тәжірибеде біздегі сияқты ауқымды әрі күрделі жобаларды жүзеге асыруға қанша уақыт жұмсалады?

– Сұрағыңыз орынды. Асықпай ойластырылған аса күрделі зымыран кешенін жасап шығу үшін ғарыштық елдердің өзі 25-30 жыл уақытын сарп етеді. Біздікі түк емес. Осынау жобаларға бес есе, он есе, кейде жүз есе артық қаржы шығындаған мемлекеттер бар.

Ал біз ұтылған жоқпыз. Айталық, «Бәйтерек» жобасын әзірлеу кезінде аса зор кадрлық-тәжірибелік әлеуетке ие болдық деп айта аламын. Иә, «KazSat-1» жобасын сөз еткенде, бұған тапсырыс берілген кезде бірқатар олқылықтар болғаны жасырын емес.

Алайда сарапшылар бұл арада мына бір жайтты назардан қалыс қалдырып жатыр. Осынау жер серігін өте  сәтті ұшырып, алғашқы кезде 3 млрд. теңгеге жуық түсім әкеліп үлгерді.

Бұл жобаның жұмысы тоқтатылған кездің өзінде біз сақ­тан­дыру бойынша шығыс қаржысын толығымен қайтарып, «KazSat-3» жобасын іске асыруға жұмсадық. Осының нәтижесінде, бізде қазіргі таңда «KazSat-2» және «KazSat-3» байланыстық спутниктерінен тұратын толыққанды байланыс кешені жұмыс істеп жатыр.

Картинки по запросу қазақстан ғарыш

Біле білсеңіздер, мұндай деңгейдегі отандық жүйе кез-келген мемлекетте бар деп айта алмайсыз. Тағы бір жақсы жақсы жаңалық, елімізде жерді қашықтықтан зондтау мақсатында пайдаланылатын жүйе іске қосылып жатыр. Мұның құрамында фран­цуз­дық әріпестер дайындаған «KazЕОSat-1» және «KazЕОSat-2» спутниктері бар.

Бастысы, мұның бәрі елімізге пайда әкеліп жатыр. Бес еселеп, он еселеп мемлекетке пайда түсіруде.

Жалпы бұл сала экономикалық тұрғыдан аса тиімді. Қазіргі таңда ғарыш нарығын назарға алар болсақ, мұның жер серіктерінен, зымыран ұшырудан, ғарышқа қатысы бар технологиялар жасаудан түсетін түсімнің көлемі аса мол. Сол себепті бұл салаға инвестиция бағыттау қажет.

Бұдан ұтылмаймыз.
Ғарыш саласының өзегі қолданбалы ғылыми зерттеулер екені әмбеге аян. Ал біздің еліміз индустриялық мемлекеттен инновациялық даму жолына түсуде. Осынау жауапты міндетті орындауда білікті мамандар мен не­гізгі қозғаушы күш беруші ретінде Қазақстанның ғарыш ғылымы бол­ды және бола береді де.

Дау туғызбас ақиқат, ғарыш саласы ғылымға аса мұхтаж. Бұл саланың өнімдері аса жоғары тех­но­ло­гиялық өнімдер. Ғарыш техникасы мен технологияларын дайындау эко­номика салаларының міндеттерін шешуге арналған.

– Сөзіңіз аузыңызда. Ғарыш саласындағы ғылым туралы айттыңыз. Жалпы бұл бағытта елімізде қан­­дай істердің басы қайырыл­ды?

– Бұл бағытта да атқарылған іс аз емес. Өздеріңіз білесіздер кезінде астрофизика және де Жер әлемнің ионосферасы мен Жерді қа­шық­тықтан зондтау (ЖҚЗ) сала­сын­­дағы ғылыми-тәжіриблік зерттеудің дәс­түрлі бағытын дамытатын 3 ғылыми институтты:  Фесенков атындағы Астрофизикалық институтын, Ионос­фера ғылыми институтын және де Ға­рыш­тық зерттеулерге арналған институтын бірік­тіретін атақты академик Ө.Сұлтан­ғазин атын­дағы Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орта­лығын құр­ған болатынбыз.

Міне, осылар – біздің бұ­рын­ғы агент­тіктің, бүгінгі минис­тр­лік құра­мындағы Аэроғарыш ко­ми­тетіндегі жұмыстардың тео­риялық-ғылыми іргетасы болып саналады.

–  Жоғарыда өзіңіз айтып кеткендей ғарыш саласын дамыту үшін, жалпы бұл салаға тың серпін беру үшін  ға­рыш техникасы мен техноло­гия­ла­ры қажет. Бұл тарапта отандық жобалар жасала ма алдағы уақытта?

– Әрине. Алайда барлығы уақыттың еншісінде. Бұл бағытты іске асыру бойынша осыдан сегіз жыл бұрын Ұлттық ғарыштық зерт­теулер және технологиялар орталы­ғының құрамына қарайтын Ғарыштық техни­ка және де технологиялар институты (ҒТТИ) құрылған еді.

Осы сегіз жылдың аралығында ҒТТИ келесідей нақты нәтижелерге алып келген ғарыштық техниканың қазақстандық үлгілерін жасау бағыты бойынша ғылыми-зерттеулік және де тәжіри­белік-конструкторлық жұмыстарды нәтижелі атқарды.

Бұған мысал келтіре кеткенім жөн болар. Айталық, нақты дәлдік беретін спутниктік нави­гация жүйесіне (ЖДСНЖ) арналып әзірленген диф­ференциалды станцияларды /ДС/ дайындау бағыты бойынша тәжірибелік-конс­трукторлық істер мәресіне жетіп, 50 данадан тұратын үлгілік партиясы әзірленді.

 Бұлардың бәрі де еліміздің аумағында орналастырылып, қазіргі таңда нақты жоға­ры дәлдікті спутниктік навигация жүйесінің кешенінде жұмыс істеп жатыр.

Бұл ғана емес, сонымен бірге ЭВАК жүйесіне арналып (автожолдарда авария және апаттар кезінде шұғыл шақыру жүйесі) борттық терми­налының заманауи 10 үлгілік түрі және диспетчерлік орталығы жасал­ды. Айта кетсем, бұлардың пилоттық үлгісі бүгінгі күні Ин­в­естиция мен даму минис­трлігінің Ахуалдық орталығында сынақтан өтіп жатыр.

 Сондай-ақ ЖШС «ПФ Взлет-Казахстан» жылу тораптары үшін жинақтау мен деректер берудің 1000 модемі жасалып, өндіріске енгізілді.

– Соңғы кездері сарапшылар тарапынан «ғарыш ғылымының жетістіктерін ауыл шаруашылығына да енгізу қажет» деген пікірлер айтылып жатыр. Қазақстанның ғарыш саласы бұған дайын ба?

– Дайынбыз және нәтиже де бар. Қазіргі таңда егіс науқаны кезінде қауіпті зиянкестердің таралу аймағы бойынша деректер базасын жинаудың роботты жүйесінің 5 комплектісі қолданыста жүр.

Картинки по запросу қазақстан ғарыш

Бүгіннің өзінде тапсырыс берушілерге 2 дер­бес суперкомпьютер құрастырылып берілді. Жалпы айтқанда, институт ғарыш құрылғысының 5 құраушысы мен ғарыш жүйелерінің өнімдері және де қызметтеріне техникалық қол жет­кізу үшін барын салуда.

 Бұл мақсатта Қазақстан экономикасының әрқилы салаларындағы тұтынушы­ла­рына аса қажетті 14 арнайы құрылғылық бағдарламалық құралдардың (АБҚ) тәжіри­белік үлгілерін әзірледі.

– Бұл түсінікті делік. Ал ғарыш жүйесі үшін қандай жағымды жаңалықтарыңыз бар?

– Бұл тарапта да екі қолды бос қойып отырған жоқпыз. Бүгінгі таңда отандық ғалымдардың көмегімен ғарыш аппаратының орналасқан орнын анықтау мақсатында жасалған арнайы GPS-модульдерін және де радиобайланыс жүйе­сін қолданысқа енгіздік. Ең бастысы бұлардың бәрі де Қазақстанда жасалған өзіміздің отандық өнім.

– Демек еліміз ғарыш саласындағы атқарған жұмысының жемісін көріп жатыр деп айтуға негіз бар ма?

– Әрине.  Өзіңіз алып қараңыз, қазіргі таңда:

– Қашықтықты лазермен өлшейтін және жергілікті жерге арналған дифферен­циалды түзету жүйесі;

– маркшей­дер­лі істерді автоматтандыру жүйесі;

– тау көліктері басқарудың роботтандырылған жүй­есі;

– тәуелсіз навигация және бай­ланыс жүйесі;

– жоғары дәлдікті спут­никтік навигация жүйесіне (ЖД­СНЖ) арналып дайындалған дифферен­циалды стансысы жұмыс істеуде.

Ең бастысы мұның барлығы да отандық мамандардың қатысуымен жүзеге асырылды. Мінекей, осылайша еліміз ға­рыштық техниканың қазақстандық жоба-үл­гілерін жасау және де  оларды өндіріске кіріктіру саласында алға ілгеріледі.

Сосын біздің елдің ғарыш саласындағы атқарған жұмысына әлем куә. Еліміздің ғарыш­тық түйіндемелері жаһандық нарықта нақты сұранысы бар бұйым­дардың тәжіри­белік өндірісін ұйым­дастыру үшін шағын және орта бизнеске беруге әзір.

Мәселен егер заңдық тұрғыдан алғанда ЭВАК жүйесі үшін борттық терми­налдарына тек ішкі сұраныс 4 млн данаға жетеді екен! Ал бас бостандығынан айырылғандардың абақтыдағы жүріп-тұруын айқын­дау үшін мониторинг жасайтын электрондық білезіктерге сұраныс 45 мың дана, ал диффе­ренциалды стансаларға нақты сұраныс  100 данадан асып жығылып отыр! Бұл нәтиже емей не?

– Бұған қатысты аталған тауарлардың өзіндік құнына қатысты сауал көп…

– Иә, дұрыс айтасыз. Бұл орайда сатып алы­натын ғарыштық техниканың бөлшектері мен тетіктерінің жалпы құны осы дайын бұйым­дардың өзіндік құнының жартысына да жетпейтінін айта кетейін. Неге десеңіздер дайын шетелдік өнімдегі «soft» бағасы өте қымбат.

– Шетелдік өнім деп отырсыз, осы шетелдік өнімге қарағанда қазақстандық өнім несімен артық? Айталық, басымдығы қандай?

– Бұл бірінші кезекте ақпараттық қауіп­сіздіктің болуы. Еліміздің қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігі тұрғысынан алғанда аса маңызды мәселе. Тағы бір басымдығы жобалық және ғылыми жұмыстар­дың арзандығы. Үшіншіден, өнім бағасын құраушы артық шы­ғындардың аздығы.

Картинки по запросу қазақстан ғарыш

Еліміздегі осындай ғарыштық түйіндемелер тұтынушылардың ғарыштық жүйе­лердің өнімдері мен қызметтеріне қолжетімді болуына, сөйтіп, бүгіннің өзінде олардың импорттық нұс­қасын алмастыруға мүмкіндік бере алады.
– Ал Қазақстандағы ғарыш саласына инвестиция құюға келгенде қандай мәселелер бар?

– Иә, проблемалар бар. Соның бірі еліміздің әлеуетіне түк бер­мейтін шетелдік технологияларын пайдалануға әуеспіз біз. Ғарышқа арнап жасалған отандық өнімді пайдаланудың басымдығы өте көп. Ең бастысы ақша Қазақстанда қалады әрі отандық компанияларға инвестиция болып табылады.

Сонымен қатар бұл ғарыш өнімдері мен қызметтерін пайдаланушылардың аппараттық-бағдарламалық құрал­дарын әрдайым технологиялық жағы­нан жаңартып отыруға және де жаңғыртуға жол ашады.

Менің айтарым, қазіргі таңда ғарыш құрылғылары әлемдік нарықта ашық сатылымда жүр. Бұл нені білдіреді? Яғни, керекті  бағдарламалық математикалық қамтамасыз ету жобаларын дайындау біздің қазақстандық маман­­дарымыз бен ғалымдарымыздың да қолынан келеді.

– Осыған орай тағы бір сауал. Қазақстандағы ғарыш ғылымының материалдық-техникалық база­сы қандай деңгейде осы?

– Жасырып жабары жоқ халықаралық деңгейге жете алмай отыр. Ғарыштық технология әрдайым жаңартылып оты­рылуы тиіс, ең алдымен, тәжіри­бе­лік жабдық жаңар­­туды қажет етеді.

Осындай ба­заның болмауы біздің ға­лым­дар­дың жаңа ғылыми-техни­калық әзір­лемелерін әлемдік дең­гейге шыға­руға кедергі келтіруде. Дегенмен, мұның бәрі уақыттың еншісінде деп санаймын. Кемшілік түзетіледі, көш жүре түзеледі ғой.

Мәселен қазір неғұрлым эконо­ми­калық жаңа тех­нологияларды айыр­бас жолымен алу тиімді болып отыр. Бір бір жағынан айырбас, көп жағдайда  ғылыми зерттеулер сатысында да анағұрлым жеңіл.

Сөзімнің тоқ етерінде айтарым ғарыш саласындағы зертханалық және де тәжіри­белік-эксперименттік базамызды үнемі жаңартып отыруымыз қажет. Бұл өз кезегінде шетелдік әріптестері­міздің қызығушылығын туғызатын болады, бұл бір жағынан ғылыми әріптестікті кеңейту мен тереңдету үшін жағдайлар туғы­зар еді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз