Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
6
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

“Масқара!”. Астана шенеуніктері тек қазақша білім беретін мектепке орыс сыныптарын енгізбек болған

Оқу жылы аяқталып, өзге ата-аналар балаларымен бірге демалып жүрсе, бір аптадан бері Астанадағы нөмірі 77-ші мектептен маза қашқан. Гимназияда орыс тілі сыныптары ашылады дегенді естігендер күнде жиналыс өткізіп, қала әкімдігінің табалдырығын тоздыруымен жүр. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепке орысша оқитындарды араластыру ұрпағымыздың болашағына қауіп төндіреді дейді наразы топ. Өйткені, онсыз да ана тіліне шорқақ қаланың балалары, үзілісте орысша шүлдірлеп кетеді деп қауіптенеді.

«Үзілісте балалар орысша сөйлейді. Аулада орысша сөйлейді. Өтірік емес, әке-шешелері де балаларына орысша сөйлейді», – дейді аталған мектепте баласы оқитын Жандос Өстемір.

Тіліміз тереңдетіліп оқытылатын мектепке орыс сыныптарын кіргізуге басшылық та қарсы. Алайда, білім басқармасынан ауызша бұйрық беріліп, электронды поштаға хабарлама келгеннен кейін, бастауышқа орысша оқитындарды қабылдауға мәжбүр болыпты. Қазір орыс сыныбына оқуға 14 бала өтініштерін беріп те қойған. Білім басқармасының бұл бастамасын мектеп ұжымы да түсінбедік дейді.

«Біз әрине қарсымыз. Устав бойынша тіл мен әдебиетті дамытып қана емес, салт-дәстүрімізді, рухани жаңғыру бойынша ұлттық сананы оқушының бойында дәріптеуіміз керек», – дейді Астана қаласы №77 мектеп-гимназиясы оқу ісінің меңгерушісі Айман Сүбебаева.

Осы шудан кейін іле-шала білім басқармасы гимназияға орыс сыныптарын ашуға ата-аналар тарапынан ұсыныс болғанымен, ешқандай шешім қабылданбағанын айтып ақталды. Ал, орыс сыныбына қабылданған оншақты оқушыны басқа білім ордаларына орналастырмақ.

«Орыс сыныптарын ашу бойынша шешім қабылдаған жоқпыз. Мемлекеттік тілде мектеп болды, сол бойынша жұмысын жалғастырады», – дейді Астана қаласы әкімдігі Білім басқармасының баспасөз қызметі өкілі Жазира Асанова.

Яғни, қазір елордадағы 77-мектепте орыс сыныптарына оқушы қабылдау жұмысы тоқтатылды. Білім басқармасы бұл дау қабылдау комиссиясы мен гимназия басшылығы арасындағы түсінбеушіліктен туындаған деп өздерін ақтап отыр. Тағы бір айта кетерлігі, соңғы жылдары ресми статистика бойынша сұраныс орыс емес қазақ сыныптарына артыпты.

Дереккөз: 31-арна

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз