Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Маңғыстау облысында іскер әйелдердің саны артып келеді

Қарлығаш Қожабаева – екі баланың анасы. Үй шаруасынан қолы босаған сәтінде торт пісіретін әдеті бар. Қолынан келетін өнері кейін өмірлік таңдауына айналып, есепші қызметін кондитерлік салаға ауыстырған. Еуропаның беделді оқу орындарында біліктілік шыңдаудан өткен соң кәсіби маманға айналды. Аспаздың тәттілері бүгінде қала жұртшылығының сұранысына ие.

Қарлығаш Қожабаева, өңірлік «Кондитерлер» қауымдастығының президенті:

– Мамандығымның кәсіби шебері атану үшін шет мемлекеттерді жиі араладым. Әлемдік тәжірибеде қолданылатын кондитерлік тәсілдерді меңгердім. Әсіресе итальяндық әріптестерімнің бір қауымдастыққа жұмылып, бірлесе жұмыс істеуі қызықтырды. Осы әдісті өз елімізде неге қолданбасқа деп ойландым. Қазір жергілікті мамандардың қолдауымен құрылған кондитерлер қауымдастығын басқарамын. Өз білгенімізбен бөлісіп, жас мамандарды баулуды қолға алып жатырмыз.

Маңғыстауда 55 мыңнан астам адам бизнеспен шұғылданады. Олардың жиырма пайызын іскер әйелдер құрайды. Олар сауда, туризм, тауар өндіру салаларында еңбек етеді. Ал ауыл әйелдерінің үлесі бар болғаны – үш пайыз. Алайда қолөнер шеберлері пішкен ұлттық нақыштағы киім-кешек пен кәдесыйлар ішкі нарықтан бөлек «Қазақстанда жасалған» брендімен шетел асып, сатылып жатыр. Ақтауда сән үлгілерін әзірлеуші дизайнерлер қауымдастық құрып, ортақ іске жұмыла кірісті. Басты мақсат – қазақ халқының тұрмыс мәдениетін насихаттаушылар санын арттыру.

Сәуле Салихова, өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы:

– Іскер әйелдер кеңесінің жұмысы ауылдардағы әйелдерді көлеңкеден шығарып, ауданның болмаса облыстың бюджетіне үлес қосу үшін осындай жұмыстарды көп жүргізіп жатыр. Әйелдер қатары оқуға, семинарларға жиі қатысуда. Сол бізді өте қуантады. Микроқаржы орталығымыз бар, бірнеше әйел несие де алды. Сонымен қатар 85 жаңа жұмыс орнын ашты.

Облыс аумағында мектепке дейінгі жекеменшік мекеме ашқан іскер әйелдер де өз алдына дербес қауымдастық құруды жоспарлап қойған. Мамандар сәбидің ой-өрісін дамытар тың әдістерді қолданысқа енгізіп, дәріс беруді оңтайландыру жолдарын бірге зерттеуді көздеп отыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз