Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
1
USD
450
-0.49
EUR
487
-1.57
RUB
4.86
0.00

Мусиннен басқа «қартайғандар» аз ба билікте?

113

Аслан Мусин

Кландар қақтығысы ма?

Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күні «президент қысқа мерзімді демалысқа шықты» деген ақпар тарады. Сол күні Қазақстанның Хорватия, Босния мен Герцеговина және Черногориядағы төтенше және өкілетті елшісі Аслан Мусин қызметінен босады.

«Мемлекет басшысының жарлығымен Аслан Есболайұлы Мусин зейнет жасына толуына байланысты қызметінен босады» дейді ресми дерек көзі. Бұл екі ақпараттың қатар жариялануын сәйкестік дейміз бе?

Мұндай себеппен босату бір кездері «аузымен құс тістеген» А.Мусинге аса ауыр тиетіні сөзсіз. Оны қызметтен қуғандардың көздегені де осы болса керек, сірә. Бұлай демеске лаж жоқ. Қызметтен босатудың сылтауы көп қой. Әдетте, «басқа қызметке ауысуына байланысты» деп емексітіп, немесе үндемей-ақ босатып, ұйқысын қашырып қоятын. Ал енді

Мусинді «қартайдың» деп, қайың сойылмен құлақ шекеден ұрғандай етті. Әйтпесе, Мусиннен басқа «қартайғандар» аз ба билікте?

Аслан Мусин 2008-2012 жылдары президент әкімшілігін басқарды. «Аузымен құс тістеді» дегенде осы кезеңді меңзедік. Атырау облысын басқарған Бергей Рысқалиев істі болып елден қашқанда-ақ Мусиннің жанды жері сырқырап қоя берген. Іле-шала Мусин Есеп комитетінің төрағалығына тағайындалып, одан әрі Хорватия асты. Оны елші етіп қыр асырғанда президент Н.Назарбаевтың «сенімін жоғалтқаны» туралы әңгіме гулеп кеткені де бекерден-бекер емес.

Сөйте тұра, елшіліктен босатқанда «сенімді жоғалтуына байланысты» деген «үкім» қолданылған жоқ. Мұндай себеппен босатса, оны бірден тұтқындауға тура келетін еді. Дәл қазір «Мусинді тұтқындай ма жоқ па?» деген сұрақтан гөрі «Мусин елге келе ме, келмей ме?» деген сұрақ өтімділеу. Өйткені оның ендігі тағдыры елге қайту-қайтпауына тікелей байланысты болмақ. «Өмір көрген түлкінің үш-үштен іні болады» дегенді атам қазақ бекер айтты дейсіз бе.

Әлде, тағы да Әблязов кінәлі ме?

Естеріңізде болса, бірер жыл бұрын Ютуб-те «Виктор Храпунов пен Аслан Мусиннің арасындағы әңгіме» жарияланған болатын. Онда Виктор Храпунов Әблязов пен Құлыбаевтың арасына делдалдық жасағысы келетінін айтады. Ал «Аслан Есболаевич» деген адам Храпуновқа: «Виктор Вячеславович, көп сөзді қой да, елге кел. Әуежайдан өзім күтіп аламын да, керек жерге апарамын. Тұтқындайды деп қорықпа. Тұтқындауға ешкімге жол бермеймін! Қашан бір шешімге келесің, сол кезде хабарлас» деп бір-ақ кеседі.

Сөйлескен адамдардың Храпунов пен Мусин екенін дәлелдеп әуре болмаймыз. Тыңдаған адам өзі қорытынды жасай жатар.

Айтпағымыз, бұл күнде Мусиннің өзімен әлдекімдердің дәл осылай келіссөз жүргізіп жатпағанына кім кепіл бола алады?..

Төңкерілген құмсағат түгесілген жылы ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев тұтқындалды. Оған «мемлекеттік құпияны жариялады» деген айып тақты. Бұл не құпия болуы мүмкін. «Саяси жауырыншылардың» алғаш аузынан шыққан болжамына сенсек, бұл іс Мұхтар Әблязовпен байланысты болуы мүмкін. Жауырыншылардың тағы бір тобы мұны Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілеріне жасалған қастандықпен байланыстырады. Мұны «ҰҚК төрағасы Мәсімовтің белсенділігі» деп бағалайтындар да жоқ емес. Қалай болғанда да, анығы мынау: Дүтбаев «біреудің» құпиясын «әлдекімге» айтып қойған, «әлдекім» оны «біреуге» жеткізген. Жекелеген адамдардың қылмысы мемлекеттік құпия болып саналатын елде мұндай нәрсеге таңғалуға бола ма?

Айтпақшы, «Нартай Дүтбаев пен Әділбек Жақсыбековтің әңгімесі» деген жазба да Ютубте тұр. Мұнда президент әкімшілігінің жетекшісі Ә.Жақсыбеков «Өзіңе тапсырылған адамды неге қадағаламайсың?!» деп Н.Дүтбаевты әбден сілкілейді. Әңгіме оппозицияның бүгінгі жетекшісіне қатысты өрбиді…

Бұл жазбаны да «шын болған» ден ант-су ішпейміз. Сөйте тұра, бұдан да бір қорытынды жасауға әбден болатынын ескертеміз.

«Азапты дилемма» (А.Сәрсенбайұлы), яғни екі жолдың бірін таңдауға тура келетін қиын сәт жақындаған сайын түрлі қаржылық топтар мен кландардың қақтығысы күшейе түсетіні заңдылық. Кез келген қоғамда солай. Бірақ бұл процесс қазақ қоғамында аса ауыр әрі зардабын төге ойсыратып өтетін сияқты.

Ерік Рахым, oinet.kz

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз