Қызылорда облысының екі тұрғыны киік аулағаны үшін 6 және 7 жылға сотталып кетті. Олар киіктерді автокөлікпен қуып, оқ атқан. Көліктен 30 кг-дан астам киік еті, 5 киік басы табылған. Сараптама қорытындысына сай, мемлекетке 80 млн теңгеден астам шығын келтірілген. Сотталушылар мемлекетке 3 млн теңге қайтарған.
«Бір сотталушының жазасын ауырлататын мән-жайлар ретінде оның ішкі істер органдары қызметкерінің антын бұза отырып, құқық бұзушылық жасағаны танылған. Сот сотталушыларды ҚК-нің 337-бабы, 6-бөлігі, 2)-тармақшасы бойынша кінәлі деп танып, оларды 7 және 8 жылға аң аулау құқығынан айыра отырып, 6 және 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олардан ортақтасқан тәртіпте 77 млн теңгеден астам материалдық шығын өндірілді. Қызылорда облыстық соты үкімді өзгеріссіз қалдырды», – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.