Оқыс оқиға Павлодар облысы Железин ауданында болған.
Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, ҚазАқпарат хабарлады.
Өткен жылы Железин территориалдық сот орындаушылары бөлімінің көлік жүргізушісі көшемен келе жатқанда әкесін кездестірген. Оның жанында бейтаныс бір ер адам болған. Екеуі де мас күйінде жүрді. Көлік жүргізушісі әкесін үйге қайтарамын деп тұрғанда бейтаныс кісімен ұстасып қалады. Әкесімен арақ ішкені үшін оны айыптайды. Содан екеуінің арасында жанжал шыққан. Ашуға мінген жігіт көлігіне отырып, әкесінің танысын басып кетпекші болады.
Үлкен кісі соққыдан жалтарып үлгерсе де, көліктің оң жақ бүйіріне соғылып, жолдың жиегіне құлайды. Осы кезде көлік жүргізушісі кері бұрылып, жерде жатқан адамды басып өтеді. Көлігінен шықса, жерде жатқан адамның кеудесі қысылып, демі тарылады.
Осы кезде қызуқанды жігіт өз қателігін түсінеді. Іле-шала жедел жәрдемді шақырады.
«Железин аудандық соты шығарған шешімге сәйкес, Б. есімді азамат Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 1-тармағы бойынша адамға ауыр жарақат салғаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Бұдан бөлек, ол жергілікті атқарушы органдардың нұсқауымен жылына 240 сағаттан аспайтын жұмысқа жегілетін болды. Сот үкімі күшіне енді», – делінген соттың ресми хабарламасында.