Қостанай облысында бруцеллез анықталған 23 сиыр санитарлық союға жіберілді. Ауру бір ауылдық округтен тіркелгендіктен, ветеринарлар аталған аумақта шектеу шараларын енгізді.
КТК телеарнасының мәліметінше, Қазанбас ауылдық округінде малды әкелуге және әкетуге уақытша тыйым салынған. Сондай-ақ тұрғындарға әзірге шөп, сабан, ет және сүт өнімдерін сатуға рұқсат жоқ.
Қазіргі уақытта адамдар арасында жаңа жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ. Алайда жыл басынан бері екі адам бруцеллезбен ауырған. Соған қарамастан, жауапты органдар өңірдегі эпизоотиялық ахуал бақылауда екенін және былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда төмен екенін мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта инфекция ошағын толық жою және аурудың таралуына жол бермеу мақсатында кешенді сауықтыру іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Әулиекөл аудандық аумақтық инспекциясының ветеринариялық дәрігері Саян Жансұлтанов.