Қызылорда облысы қазалы ауданы орталығы – Әйтеке би кентінде 150 орындық орталық аудандық аурухана пайдалануға берілді.
Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазіргі таңда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында еліміздің денсаулық сақтау саласы жүйелі түрде дамуда, Қазақстанның түкпір-түкіпірінде озық технологиялармен жабдықталған жаңа медициналық мекемелер ашылуда. Бүгін, міне, 150 орындық аурухана ашылды. Бұдан бөлек, биыл осы аурухана жанынан 250 орындық емхана салуды көздеп отырмыз. Қазір емхана құрылысын салу бойынша құжаттары әзірленуде», – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Сондай-ақ, аурухана үшін құны 400 млн. теңге тұратын ангиограф медициналық қондырғысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алынуда. Бұл қондырғы жедел және сапалы ота жасауға септігін тигізіп, Қазалы, Қармақшы, Арал аудандары мен Байқоңыр қаласының тұрғындарына қызмет көрсететін болады.
Аудандық аурухананың ашылуына қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Мұхтар Ерман және Геннадий Шиповских пен аудандық денсаулық сақтау саласының ардагері Орақ Кеубасов қазалылықтарды қуаныштарымен құттықтады.
Сондай-ақ, облыс әкімі аудандық сот жаңа ғимаратының ашылуына қатысты. Ғимарат ішінде судья мен хатшылардың кеңселері, сот мәжілісі залдары мен мұрағат, кеңсе және қызметтік бөлмелер орналасқан.