Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас (10-1, 5 КО) Бангкок қаласында (Таиланд) өткен бокс кешінде өнер көрсетіп, әлем чемпионы атанды. Ангелина Лукас әлем чемпионы атағы үшін аргентиналық спортшы Анай Лопеспен (21-2-1, 1 КО) жұдырықтасты. Олар екінші аса жеңіл салмақта бос тұрған IBO атағын сарапқа салды. Жекпе-жек екі минуттан 10 раундқа есептелді. Кездесу төрешілердің ұйғарымымен қазақстандық боксшының пайдасына шешілді.
«Қазақстан тарихында алғаш рет. Әйелдер боксындағы ең ірі жеңіс. Мен WBO тұжырымының төрт дүркін чемпионы – аргентиналық боксшыны жеңдім және IBO чемпиондық титулын иелендім. Мен өте бақыттымын», – деп жазды Лукас өзінің Instagram-парақшасында.
Бұл Ангелинаның кәсіпқой бокстағы 11-ші жеңісі. Ол тек бір-ақ рет жеңілген. Ал, оның аргентиналық қарсыласы осымен үшінші рет жеңіліп отыр. Айта кетейік, Ангелина биыл WIBF және WBF нұсқалары бойынша екінші дәрежелі чемпиондық белдіктерді жеңіп алған еді.