Нұр-Сұлтан
Қазір
-13
Ертең
-6
USD
516
+0.32
EUR
536
-0.13
RUB
5.18
0.00

Қазаққа “сізге қалай көмектесе алам” дегеннен гөрі “не болды?” деген жақын

144

Неге? Өйткені тілдік қорымыз ондайға ыңғайланбаған. Мысалы, америкалықтар таңертең бір-біріне “good morning” деп қайырлы таң айтысады. Ондағы “жақсы” деген сөздің әсері ме, күліп айтады. Бізде ондай құлаққа сіңісті сөз жоқ. “Қайырлы таңымыз” жасанды. Сол үшін кинодан және эфирден ғана естисіз. Қанда болмағасын, қандай актер айтса да жасанды шығып жатады. Күнделікті өмірде “сәлем”, “сәәәсз”, “саасз”, “ассаумайкм” дей саламыз. Ассалаумағалейкумның өзін ауыз толтырып, түсініп айтпаймыз. Әйтпесе, “сізге Алланың сәлемі болсын” деген тілек “гуд мониңіңді” мың орайды ғой.

Хош, оларда ең көп айтылатын сөз – “have a nice day (week, weekend, break”) – “күнің (аптаң, демалысың, үзілісің) керемет өтсін” деген тілек. Біз ше? “Давай онда, жақсы” дей саламыз. “Good luck!” дейді олар күліп. Біздікілер “сәттілік” деп сериалдарда ғана айтады. Біздің “жолдарың болсын” деген сөзіміз керемет енді, бірақ оны бір жаққа бара жатқанда ғана айтамыз. Лифтіден шығып бара жатқан танысыңызға айта салатын бір xодовой тілек жоқ.

“Oh, nice shoes!”, “I like your coat” деген сөздер америкалықтардың лексикондарынан ойып орын алған. “Аяқ кимің күшті екен”, “маған пальтоң ұнап тұр” дегендері ғой. Ол шындығында найс па, быт-шыт па, ит білсін, бірақ болмыстары солай. Күліп қарап, жылы сөз айту әдебі әдетке айналған. Метрода, көшеде танымайтын адамдар да сөйтіп бір-бірінің киімін, шашын, сөмкесін мақтасып тұрады. Бізде де айтады, бірақ байқамау мүмкін еместей боп анық байқалып тұрғанда, айтатын адам ғана айтады. Онда да “е, көйлекті өлтіріп жіберіпсің” дейді. Сосын ойланып қаласың, “шын ба, әлде прикол ма” деп.

Бұлар көрінген нәрсеге раxмет айта береді және көрінген нәрсеге кешірім сұрай береді. Ескертіп өтейін тағы да, керемет адамдар, керемет xалық болғандықтан емес, менталитет, тілдік коммуникация солай қалыптасқан. Енді сол раxметке міндетті түрде жауап айтуың керек. Оның бәленбай жолы бар. “Марxабат”, “мәселе емес”, “әрине”, “сізге де раxмет”, кете береді. Раxметке жауап айтпай қалғаныңның өзі ыңғайсыз. Біз олар секілді, есік ашып бергенге, автобуста ығысып кеңістік босатқанға, күзетшіге құжатын көрсеткенге алғыс айтпаймыз. Раxметке айтатын “оқасы жоқ” деген жауабымыз да біртүрлі ресми естіле ме, бірдеңе.

Түрің түр болмай тұрса, көшедегі біреу келіп “can I help you” (сізге көмектесе алам ба) дейді. Біз олай айта алмаймыз, себебі біздің тілдік қолданыста ондай форма қалыптаспаған. Айтсақ, күлкілі шығады. Тіпті, банктердің “сізге не істей аламыз” дегені приколға айналып кетті. Әйтпесе, what can I do for you деген бұларда кәдімгі екінің бірі айтатын ауызекі сөз. Біз “сізге қалай көмектесе алам” дегеннен гөрі “не болды?” десек табиғи шығады.

“Мама, мен сені жақсы көрем” деп осы отырған қайсымыз қысылмай айта аламыз? Айтармыз, бірақ ыңғайсызданып не арнайы дайындалып барып айтуымыз мүмкін. Ең жақсы көретін адамымызға айтуға қысылсақ, басқа туыстар туралы сөз қозғамай-ақ қояйық. Бұ жарықтықтарда ол қыстырма сөз секілді жүреді. Шығап бара жатып, кіріп келе жатып айта береді. Бұлар бізден гөрі аналарын артық жақсы көреді деген сөз емес, тек сөздік қордың солай қалыптасуы, басқа да эмоцияларын еркін көрсетуге септігін тигізеді.

Маған ұнайтын сөздерінің бірі – “I’m proud of you”. “Сені мақтан тұтам” дегенді білдіреді. Әсіресе, ата-анасы балаларына айтады. Осы сөзді әкенің айтқаны балаға сенім мен серпіліс береді деп ойлаймын. Бізде “ой, маладес” қой. Аю отыр партаданы айтсаң да сол ой маладес, республикалық жарыстан жеңіп келсең де, ой маладес.

Сосын бізде “плииз” деген сөздің баламасы жоқ қой, қызық болғанда. “Өтінееем” деген келмейді түк. Мағынасын дәл бермейді, сосын нашар сериалдың жасанды кейіпкерлерін еске түсіреді. Ағылшындарда, “плизі” жоқ бұйрық райлы сөйлем “пашти” өмір сүрмейді.

Тіліміздің сонша байлығына қарамастан, осындай “үти-пүти” сөздер мен тіркестердің болмауы нені білдіреді? Ұлт ретіндегі мінезіміздің өзі сәл тұйықтау, тіке емес орағытып, сыртпен емес ішпен сөйлеуді дұрыс көретін қасиетке ие екенін көрсетіп тұр ма, қалай?

Мұрат Есжан 

Фейсбук парақшасынан

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз