Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

«Қазақ елі өте жақсы жағдайда тұр» — ДСҰ бас директорының орынбасары Алан Вульф

АЭФ-тің екінші күнгі пленарлық жалпы отырысына Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев қатысты.

– Үкімет өз жұмысында Елбасы белгілеген міндеттерді, ұстанымдарды басшылыққа алады. Мемлекет басшысы кеше АЭФ аясында технологиялық революция дәуіріндегі Қазақстанның миссиясын, әлем дамуының 5 мегатрендін айқындап берді. Жалпы, Қазақстан Президенті жариялаған стратегиялық бағдарлар мен бастамалар аса ғаламат болып келеді, сонымен бірге олардың межесі де нақты, тетігі де түсінікті, – деді Премьер-министр.

Ол форум қатысушыларына Елбасы бастамасымен іске асырылып жатқан «Қазақстан – 2050» стратегиясының басты межелері, «Бес әлеуметтік бастама», «үшінші технологиялық жаңғыру» «Рухани жаңғыру» бағдарламалары туралы айтып берді.

– Технологиялық, экономикалық жаңғырумен бір мезгілде Қазақстан рухани жаңғырады. Әйтпесе, адами капиталды кешенді түрде дамытпай, қоғамдық сананы жаңғыртпай, елдің лайықты модернизациялануы да мүмкін емес. Бұл тіпті әлем үшін де мүлдем жаңа даму стратегиясы. Оны біздің Елбасы ілгерілетуде, үлгі көрсетуде, – деді Үкімет басшысы.

Пленарлық отырыста сөз алған Нобельдің бейбітшілік сыйлығының лауреаты Раджендра Кумар Пачаури Астанада әлемдік ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары «Болашақ энергиясын» ілгерілету бойынша манифест дайындағанын хабарлады.

– Астанадағы ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесіне арқау болған ізгілікті идеяның ары қарай өркен жайып, таралуы маңызды. Осы орайда арнаулы манифестті даяр еткенімізді қуана жеткізгім келеді. Оның құрамына әр елдегі Нобель сыйлығының лауреаттары кірген, 12 адамнан тұратын ұйымдастырушылық комитет әзірлеп шықты. Бұл манифестте сондай-ақ ЕХРО – 2017 көрмесінің идеяларын бүкіл әлемге жеткізу үшін Қазақстан тарапынан қандай қадамдар мен бастамалар жасалуға тиістігі де айтылады, – деді ғалым.

Құжаттағы тағы бір маңызды ұсыным «Болашақ энергиясы» бойынша жаһандық институтты құруды қарастырады екен. Р.Пачауридің түсіндіруінше, егер мұндай институт түңлігін жаңадан түрсе, ол Қазақстан атынан планетамыздағы барлық елдермен осы бағытта байланыс жасағаны, әрбір мемлекетке арналған жол картасының әзірленуіне септескені абзал. Бұл келер ұрпаққа табиғатты ластанудан ада, ал Жерді аман-сау күйде табыстауға ықпалын тигізері сөзсіз.

Сондай-ақ институт болашақ қуатын дамыту және ілгерілету саласындағы әлемдік білімді бір жерде біріктіріп, елдерге оңтайлы технологиялық шешімдерді ұсына алар еді.

«Энергетикалық сектор осыдан 50 жыл бұрын жасалған білімдерге сүйенеді. Мысалы, жылу-электр орталықтары көмір мен мазут, көмірсутек шикізатын жағады. Бұл – көнерген технология. Қазір қуат алудың басқа көздері бар. Бірақ олардың ілгерілеуі күрделі жүруде. Мұны институттық жөнсіздік деп атауға да болады. Қазақстан осы олқылықты аңғарған тамаша ел және оның көшбасшысы «Болашақ энергиясының жаһандық институтын» құрып, осы олқылықты жоюға әсер етуға қабілетті деп санаймын» деді Нобель сыйлығының лауреаты.

Дүниежүзілік сауда ұйымы бас директорының орынбасары Алан Вульф жаһандық экономикаға тығызырақ кірігіп, ДСҰ-ға мүше болғысы келетін Беларусь, Өзбекстан, Ирак және басқа да елдерге қазақ елін үлгі ететінін білдірді. Өйткені ұйымға мүше болғысы келетін елдер ұлттық заңнамаларын жетілдіріп, төл нарықтарындағы ойын ережелерін түзетіп, экономикасын трансформациялауы шарт.

– Мен бірнеше ай бұрын Ирак делегациясымен кездестім, бұл ел қазіргі ауыр жағдайына қарамастан, ДСҰ-ға кіруді қалайды. Өз өңірінде Сомали да осы бағытта екпінді жұмыс жасауда. Өзбекстанда да осыған ықтиярын білдіруде. Бұлардың және басқалардың бәріне Қазақстан модель, үлгі қызметін атқара алады. Қазақстан өз экономикасын жақсартуда орасан зор, ғаламат іс тындырды. Жан басына шаққандағы ЖІӨ-і 1996 жылғы 1300 доллардан енді он мыңдай долларға дейін артты. Бұл дегеніңіз – керемет секіріс. Бұл жұмыста ДСҰ да Қазақстанға қолдау көрсетті, – деді ДСҰ басшысының орынбасары.

Ол қазіргі кезде ұйымға 164 мемлекет мүше екенін, тағы екі мемлекетті қатарға қабылдауға дайындалып жатқандарын жеткізді.

– Қазақстанның да ұйымға кіру жолы оңай болмады. Техникалық кедергілер де кездесті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі араласып, бұл процестің аяқталуына саяси ерік-жігер танытты. Яғни, бұл істе ең жоғарғы деңгейдегі саяси көшбасшылықтың болуы талап етіледі. Тағы бір атап өтер жайт, тұрақтылық, заңның үстемдігі Қазақстанды тек сауда ғана емес, қаржылық транзакциялар мен инвестициялар үшін тартымды ете түседі.

Қай жағынан алғанда да, Қазақ елі өте жақсы жағдайда тұр. Бұл экономикалық қана емес, саяси келіссөздер жүргізу үшін де таптырмас орын болып табылады. Өйткені Қазақстан бүкіл әлемдегі барлық ірі ойыншылармен – Қытай, АҚШ және Еуропалық одақпен, Араб елдері, Ресеймен және басқаларымен жақсы қарым-қатынаста,

– деген Алан Вульф басқа мемлекеттер мұндай татулығымен және достық қарым-қатынастарымен мақтана алмайтынын қосты.

Ол сөз соңында Қазақстанды «адамзаттың бірігуі үшін бірегей орын» деп атады. Сондықтан жаһандық деңгейдегі интеграциялар да қазақ елінен бастау алады, қазақ жерінде жүзеге асады.

«Қазақстан қысқа ғана уақыт ішінде әр салада жетістікке жету, ілгері кету бойынша бүкіл әлемдік деңгейдегі үлгі, өнеге бола алады. Менің ойымша, бұл елдің жаңа тарихы – таңғалдырар табыс тарихы және ол өзгелерді осыған шабыттандырады» деп түйді сөзін ДСҰ басшылығының өкілі Алан Вульф.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз