Қарағанды қаласының даму жоспарына қатысты қоғамдық тыңдаулар Достық үйінде өтті. Бас жоспарға енгізілетін өзгерістер талқыланған жиынның негізгі өзегі — қаланың экологиялық болашағы болды. Тыңдауды қалалық әкімдік ұйымдастырды. Оған 200-ге жуық тұрғын, мемлекеттік органдардың өкілдері, жобалаушылар мен сарапшылар қатысты.
Қала әкімі Мейрам Кожухов пен оның орынбасары Қайрат Қамзин қатысқан тыңдауда «Биосфера Қазақстан» компаниясы әзірлеген жоба ұсынылды. Жоба авторларының айтуынша, жаңа жоспар экология мен жайлы өмір сүруді басты назарға алады.
Қайрат Қамзиннің айтуынша, жаңартылған Бас жоспар жүйелі түрде әзірленген. Онда жаңа рекреациялық аймақтар қарастырылып, көлік инфрақұрылымын жетілдіру көзделген. Қалада экологиялық ахуалды жақсарту үшін заманауи тазарту технологиялары енгізіліп, жасыл белдеулер кеңейтіледі. Қалдықтарды басқару, шуды азайту және мониторинг жүйелері де қамтылған.
Жоба авторы Валентин Жирковтың мәліметінше, дамудың негізгі бағыты Майқұдық, Пришахтинск пен оңтүстік-шығыс аймақтарға қарай жылжиды. ЖЭО-1 және ЖЭО-3 нысандарында экологиялық тиімді қазандықтар орнатылады. Сондай-ақ газдандыру жұмыстары жалғасып, 28 мыңнан астам үй газға қосылады.
Бас жоспардың маңызды тармақтарының бірі – көлік жүйесін жаңғырту. Оған қоғамдық көлік пен жол желісін кеңейту, «CargoHUB Karaganda» логистикалық орталығы аясында әуежайды дамыту, жаңа айналма жол салу және велосипед жолдарын біріктіру кіреді. Жерүсті жүрдек көлік пен қалааралық теміржол желілері де қарастырылған.
Пришахтинск, Майқұдық және Сортировка аудандарында жаңа кәріз тазарту кешендері салу көзделген. Қаланың сумен жабдықтау жүйесі апаттарға төзімді және орталықтан тыс болады. Тазартылған суды қайта пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
Жаңа бақылау бекеттері, гидробекеттер мен шу деңгейін қадағалау жүйесі енгізіледі. «Сары-Арқа» АЭА мен өндірістік аймақтар экологиялық бақылауға алынады. Жоба ҚР Экологиялық кодексінің 78-бабына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалауды міндетті түрде қамтиды.
Тыңдауға қатысқан тұрғындардың басым бөлігі жобаға оң бағасын берді. Қайрат Қамзин ұсынылған идеялар ескерілетінін атап өтті. Осылайша, Қарағандының тұрақты әрі экологиялық дамуына бағытталған маңызды қадам жасалды.