Нұр-Сұлтан
Қазір
-6
Ертең
-11
USD
499
+3.47
EUR
520
-0.93
RUB
4.85
-0.06

Қанша ақылды болса да Баяндікі дұрыс емес!

316

Қалаулысын төбесіне көтеріп, төрін ұсынған адамын қазақтың жамандыққа қимайтыны белгілі. Соның нәтижесінде басыңнан өткен оқыс оқиғаның себебін күтпей-ақ жаппай саған алаңдағаны түсінікті де. Көңіл сабасына түсіп, ақ-қарасын ажыратқан соң- ақ, қазақ руханиятыңың құрметіне бөленген Баян Есентаеваны жамандыққа қимағаны да рас. Бірақ, қанша жерден ақылды, қанша жерден дана, қанша жерден құрметті болсаң да, сенің істегенің дұрыс емес!

Патша көңіл қазақтың төбесіне көтеріп құрметтегенін біле тұрып, қазақ әйелдеріне лайық емес іс жасағаның қателік емес! Ұят! «Арым жанамның садағасы» деп ұрпақ тәрбиелеген қазақ, неге «қызға қырық үйден тыйым» жасады?! Ертеңгі елге, ұрпаққа ұят болмасын, ердің намысы тапталмасын деген тәмсілді бәрінен жоғары қойды.

Баян, сен екі үлкен қателік жасадың.

Біріншісі – өзіңнің “істеп жүрген ісіңді” біле тұрып, жиырма жылдан артық бірге ғұмыр кешіп, ұрпағыңды тәрбиелеп отырған, сенің ғұмырыңдағы барлық қиындығың мен жетістігіңнің куәсі болған өмірсерігіңді, құдай қосқан қосағыңды оп-оңай жолдан кездескен жолсерікке айырбастай салдың.

Екінші – ұя бұзған деген жақсы атақ емес. Бір емес, екі бірдей ұйып отырған ұяны бұзып, балалардың көз жасына, жардың ғұмырлық назасына қалдың. Екі бірдей азаматтың басын қатырдың. Адал жар бола алмадың.

Адамзаттың өмірге бір-ақ рет келетіні сияқты, әйел үшін бір-ақ рет неке бар. Бірінші жарды – құдай қосады, екінші жар – жолдан қосылады.

Текті бабаларымыздың ұғымында ; Туған күйеу, туысқан күйеу – деген бар. Туған күйеу – өзіңнің туғаның сияқты, қиын шақта, қуанышта қасыңда, жан-дүниесін сенімен бөлісіп, ғұмырын саған арнаған адам.

Туысқан күйеу – әлдеқашан сенен бұрын өзгемен өмір мектебін өткізген, жаман-жақсысы белгісіз, сенен бөлек өз әлемі бар, әр ісіңе сын көзбен, сақтықпен қарайтын саясаткер.

О, баста қосылған жарына, бәйбішесіне адал бола алмаған адам, тоқалына адал бола ма?! Әйелі жүгенсіз кеткен елдің ерлері намыссыз деп ойладың ба?! Бір мемлекеттегі өзге ұлттың өкілдері сияқты, ертең –ақ басыңа күн туған шақта бірінші солар тастай қашады.

Осы жазбаны жазбас бұрын ұзақ ойландым. Бір ойым, «біреудің жығылып-сүрінгенінде нем бар, болмаса бордай тозсын» десе, енді бір ойым, «бөріктінің намысы бір, Баянның ісі бүкіл қазақ қызының намысы. Бір елді қорғайтын азаматтың бір әйелдің құрбаны болып кеткеніне қалай көз жұмып отыра беруге болады?» дейді.

Жамандық тез тарайды. Бабаларымыз мұндай жаман әдеттерді «мал құлағы саңырау» деп елге таратуға тыйым салған. Кәзіргі таңда олай емес. Ел алдында жүрген жандардың осындай қылықтары жеңіл-желпілерге үлгі болып кетсе қайтеміз?!

Баян, сен ақылды болсаң, біріншіден мұндай қадамға бармас едің. Тіпті өзің айтқандай махаббат әкетіп бара жатса, алдымен басыңды ажыратып алмадың ба?! Оған шамаң жетпесе азаматқа, отбасың мен шаңырағыңның иесіне обал жасамауың керек еді. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байламауың» керек еді. Бақытбектің орнында кез келген азаматты мұндай жағдайда намыс өлтіретіні анық қой. Сатқындықты кім кешіреді?!

Алды-артыңды, отбасыңды, балаларыңды ойлауға шамаңды келтірмеген нәпсі – сені осы жағдайға әкелді.

Есіңді жинап алған соң, сот алдына барғанда әлгі жігітіңді ертіп барып, барлық шындықты мойындап, құдай қосқан жарыңа соңғы демің қалғанша кінәлі екеніңді дәлелдеп, сот үкіміне ара түспедің бе?! Неге осалдық жасадың?! Болары болып, бояуы сіңген соң, елге мойындағаның неге керек?! Өмір бойы қасықтап жинаған абыройыңды бір сәтте-ақ айрандай төктің. Өзің білесің, Отанын сатқандарды атып тастайды. Ал, отбасы деген әр азамат үшін – Отаны.

Әз Тәукенің жеті жарғысының 4-ші тармағында: «Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасы бұйырылсын» дейді. Бұл жарғы отбасы бірлігін сақтау арқылы неке парызын өтеу, ұрпақ тазалығын сақтау үшін маңызы зор болған. Отбасындағы азаматтың орны мен Қыз баланың тәрбиесі жөнінде айтарда мынандай тәмсілді басты назарда ұстаған жөн.

Ол жайында Төле бидің былай дегені бар: «Бір түйеші жігіттің түйесі бошалап, туған ботасы жоғалып кетеді. Түйенің ботасының тірі екенін тау баурайында боздап, әрі-бері кезе бергенінен білген түйеші ботасын іздеп шығады. Ботасын қасқыр жесе немесе шала туса түйе олай іздемейді. Жігіт өтіп бара жатқан керуен көшінен өзінің ботасын таниды. Бірақ керуеншілер де жолдан тапқан олжасын бергісі келмейді:

-Түйенің ботасын сен қалай танисың? Өтірік, – деп мойындатпайды.

Екі жақ Төле биге келіп жүгінеді:

-Ботаның енесі бар ма?,- деп сұрайды би.

-Туған енесі бар,- дейді екі жақ та.

– Онда екеуінің де енесін алып келіңдер,- дейді.

Олар алып келеді.

-Ботаның тақымына қыл бұрау салыңдар, -деп бұйырады би.

Жігіттер айтқанын лезде орындайды. Ботаның тақымына қыл бұрауды салып, шыңғырта бұрағанда жігіттің түйесінің көзінен жас парлап, мұрындығын жұла тартып, ботаның үстіне құлаған екен. Ал, саудагердің түйесі орнынан қозғалмай, жайымен күйсеп тұра беріпті.

Туған әкенің де күйі осындай.

«Тұрсынмен бақытты боламын» депсің. Әрине, тілектеспіз. Бірақ, бәйбішесіне адал болмаған адам, тоқалына адал бола ма? Жолдан қосылып, бір шаңырақтың астындағы екі мемлекеттің аңдысқанынан не бақыт табасың?! Күндердің күнінде кесенің сыңғырымен көзін алайтқан күні туған бала мен тумаған бала арасын өмір мектебінің өзі-ақ ашып-ашып беретінін ұмытпағаның жөн.

Бұл жазбамды жанашырлық ес жиғызу деп қабылдайтыныңа сенемін.

Бұл дүниенің ісі – ол дүниеге ешқашан кетпейді. Одан да ақылға кел де, өз миссияңды орындап, сен үшін құрбан болып отырған азаматыңды күт. Ал, азаматыңның сені кешіру, кешірмеуі бөлек мәселе.

Алмахан Мұхаметқалиқызы,

ақын. Астана қаласы

Дереккөз: zheruiyq.kz

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз