Олжас Сүлейменовтің немересінің өлімі бойынша өтіп жатқан сот отырысында келтірілген мүліктік залалды өтеу туралы талап айтылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
“Жасалған қылмыс нәтижесінде мүліктік залал келтірілді: жол апаты болған кезде 2012 жылы шыққан Дукати маркалы мотоциклі өртеніп кетті, оны қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Оның бағасы – 3 миллион 956 мың теңге. Жерлеу рәсімі мен ас беруге кеткен шығын – 7 миллион 124 мың 200 теңге, сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеуге қатысуға 2 миллион 542 мың 990 теңге жұмсалды”, – деп оқыды талапты зардап шеккен тараптың өкілі Дамир Сальдинов.
Оның айтуынша, келтірілген шығынның жалпы сомасы – 14 миллион 753 мың 190 теңге.
“Осыған байланысты (…) Олжасқызы Лейла Сүлейменова мен Хан Сергей Петровичтің пайдасына сот алдына келген Малика Мұхитовадан 14 миллион 753 мың 190 теңге көлемінде мүліктік залал өтелуін сұраймыз”, – деді Сальдинов.
Осыған дейін сот отырысы барысында ІІД басшысының қызы 26 жастағы Ескендір Сүлейменовтің өлімі үшін кешірім сұраған болатын. Еске сала кетейік, Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендір қаза тапқан жол апаты Астанада 2018 жылдың 22 маусымында Мәңгілік ел мен Керей, Жәнібек хандар даңғылдарының қиылысында болған еді.
Кейін полиция тергеу жұмыстары жайлы айтып берген болатын. Сот алдына 29 жастағы Малика Мұхитова келді. Сотталушы Мұхитованың “Самрұк-Қазына” АҚ-та жұмыс істейтіні белгілі болды.
“Олжас Сүлейменовтің немересін қағып кеткен қыздың әкесі Қызылорда облыстық ІІД басшысы болып жұмыс істейді: Мұхитов Қайрат Болатұлы. (…) Жүргізуші Мұхитованың тарапынан мынандай әрекет – ол солға бұрылған кезде жол қозғалысы туралы ереженің 13.5 пунктін бұзғаны анықталды. Мұхитова Алматы көшесінен Мәңгілік ел даңғылына бара жатып, Керей Жәнібек хандарының көшесіне келгенде солға бұрылды. Бұл жерде ол мотоциклшіге жол беруі тиіс болатын”, – деп хабарлаған еді осыған дейін Астана қалалық ІІД басшысының орынбасары Санжар Әділов.