Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өңірдегі соғыс ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, блокада куәгерлері мен концлагерь тұтқындарын арнайы қабылдап, Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Салтанатты шара әскери оркестрдің орындауындағы соғыс жылдарының әндерімен ашылды. Қонақтарды құрмет дәлізін құрып, Талғат Бигелдинов атындағы әскери мектептің курсанттары қарсы алды. Шара аясында әскери техника мен архивтік жәдігерлерден құралған көрме де ұйымдастырылды.
— Құрметті ардагерлер! Бұл жыл – ерекше жыл. Жеңістің 80 жылдығын қарсы алып отырмыз. Сіздердің ерлігіңіз, өмір жолдарыңыз – жас ұрпаққа үлгі. Ел үшін жасаған еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, — деді Ермағанбет Бөлекпаев өз құттықтауында.
Шара барысында ардагерлерге арнайы «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы» мерекелік медальдары табысталды.
Ардагерлер өткен күндерді тебіреніспен еске алды. 100 жасар Григорий Степенко майданға 17 жасында аттанған. Биыл ол Астанада өтетін Жеңіс шеруіне Қарағанды делегациясы құрамында барады.
— Бүгінгі балалар соғыстың не екенін ешқашан білмесін. Туған жерді сүйіп, тыныштығын сақтаңыздар, — дейді ол.
Анна Котова майданға сұранып, үш рет әскери комиссариатқа барған. Оның табандылығы арқасында ол 65-эвакогоспиталь құрамында Венаға дейін барған.
— Соғыстың аяқталғанын естіген сәтіміз әлі күнге есімде. Біз жеңдік! – деп қуанып едік. Бұл күннің маңызы жылдар өтсе де кеміген жоқ, — деді ол.
Тыл еңбеккері Виктор Абраменков соғыс басталғанда алты жаста болған. Ол партизан қозғалысы белсенді болған Смоленск облысында тұрған.
— Жарылыстардың дауысы құлағымнан кетпейді. Кейде түсімде естіп, шошып оянамын. Жеңіс туралы хабарды анам жылап қарсы алған еді. Себебі отбасы мүшелерінің бәрі майданнан оралмады, — дейді ол.
Кеш соңында концерттік бағдарлама ұсынылды. Облыстық шығармашылық ұжымдар соғыс жылдарының әндерін шырқап, «На привале» әдеби-музыкалық қойылымын сахналады. Ардагерлер таныс әндерге қосылып, бірге шырқап, естеліктерімен бөлісті.
Еске сала кетейік, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстаннан 1,2 миллионнан астам адам майданға аттанған. Қарағанды облысынан 60 мың жауынгер қатысып, оның 25 мыңы елге оралмаған.