Өткен демалыс күні әлеуметтік желідегі қазақтілді қауымның қызу талқылаған тақырыбының бірі – Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың кетіп, оның орнына жаңа министрдің тағайындалуы болды.
Айта кетелік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Тамара Дүйсенованы сынап, оның ақыры отставкамен тынған еді. Босаған орынға екі кештің арасында 40 жастағы Мәдина Әбілқасымованың тағайындалғаны белгілі болды.
Алматыда туған, мұхиттың арғы жағында жүріп жоғары білімін жетілдірген. Атақты Гарвардтың түлегі. Қызметін де күрделі саладан бастаған. Елдің стратегиялық жоспарындағы құжаттарды әзірлеумен айналысқан. Иә, ол Стратегиялық жоспарлау агенттігінің бас маманы, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің стратегиялық жоспарлау басқармасының басшысы, «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ мемлекеттік саясатты талдау департаментінің директоры болып еңбек еткен.
Тіпті, 2006-2008 жылдары Мәдина Әбілқасымова ҚР Президенті Әкімшілігінің құрамына да енеді. Онда ол Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған. Одан соң, яғни, 2011 жылғы қыркүйекте ҚР экономикалық даму және сауда вице-министрі лауазымына дейін көтерілді.
Демек, ол министр боп аяқ-асты аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ. Кәдімгідей жүріп өткен еңбек жолы бар. Оған қоса, үш баланың анасы екен.
Жаман айтпай, жақсы жоқ демекші, ең бірінші, жаңа министрдің келісіне әлеуметтік желіде пікір білдірген қауымның негативтерін тізбелеп көрелік.
https://kaz.365info.kz/khazakhsha-sojlegen-tyrin-aj-sagadievtin-deputat-tileuhanga-bergen-zhauaby-253119
“Осы Тамара Дүйсеновамен жылап көрісетін секілдіміз”, – дейді Facebook-тегі бір топ қауым.
Өйткені Алматыда туған, Гарвардта оқыған дегеннен-ақ секем алған жұрт:
“Осы қыз қазақшаға жоқ-ау” деп күмәнданды. Бұл ретте тілін бұрап, қазақша не сөйлеп, не қойғанын білмейтін Сағадиевтің баласын да жұрт мысал қылды. “Ондайлармен сөйлесу мүмкін емес, бәрінің быт-шытын шығарады” деп әңгіменің бір шеті қайырылды желіде.
“Ал Тамара түк тындырмады дегенде де оның сөзі сөз-тұғын, ұғасын әйтеуір бірдемені. Қайтарсын соны орнына!”. Бұл да желідегілердің пікірі. Иә, қазақшаңыз қалай, Мәдина?..
Еңбек және әлеуметтік қорғау деген аты айтып тұрғандай бұл министрлік стратегиялық жоспарларды бір бөлмеде талқылап, қағазға түртіп тып-тыныш отыратын жер емес. Талай адам есікті қағып, мұң-зарын шағады. Басым көпшілігі – қазақтар. Оларды қабылдауға, тілін, жанын түсінуге дайынсыз ба, қалай, министр ханым?
Мәдинаның әкесі де бірқыдыру әңгімеге тиек болды.
“Депутат, министр деген мұраға берілетін лауазымдар ма?”, “Сағадивтің ұлы, Әбілқасымовтың қызы, келісісі кім екен?”, “Біздің билік әкеден балаға қалатын мұра болды”, “Таныс бар жерде шанс бар” деп, ашынды желідегі тағы бір топ жұрт.
Бұл әңгімені қоюлата түскісі келген біреу:
“Бұлар баласы түгіл немере-шөберелеріне де қызмет даярлап қойған, бізде бәрі мүмкін, таң қалатын несі бар” деп салды.
Дегенмен коммунистік жүйеден келе жатқан, қайта-қайта жылтың-жылтың ете беретін кәрі-құртаң саясаткерлерден әбден мезі болған халықтың бір парасы жас буын – Мәдинаға үлкен үміт артуда.
“Басы істейтін, көзі ашық қыз секілді. Көрейік, батамызды берейік, көсегемізді көгертетін осы болар”.
Желіде жылт еткен осы мағынадағы үміттің артынан өтініш пен тілектер де қарша борап жатыр.
Ең біріншісі, әйелдердің зейнет жасын 55, еркектердің зейнет жасын 58 қылу!
“63-ті ұмыт жаным, басқа-басқа бірақ тұрмысы нашар, тіршілігі ауыр қазаққа бұл лайық емес, ол деңгейге біз әлі жеткен жоқпыз,
– деп бірауыздан шулайды желідегі жұрт.
https://kaz.365info.kz/natsispin-khajtesin-endi-zhurnalist-lazzat-sakhieva-shyndykhty-estidi-264826
Екіншіден,
“Өзің де анасың, қаншама баланы жалғыз өзі өсіріп отырған ана бар, төрт баланың жәрдемақысын қиып кетті, соны қайтаршы”,
деп жалынады қазақтілді қауым.
https://kaz.365info.kz/otirik-bari-eks-ministr-kharagysova-zhalakhyga-khatysty-symdykh-malimdeme-zhasady-301102
Үшіншіден,
“Гүлжан Қарағұсова ханым, қандай мақсатта айтса да шындықтың бетін ашты. Жалақыға қатысты әділетсіздіктің орнын толтыр. Рас, көтеріледі дейді, бірақ өскен жалақымыз жоқ. Бәрі өтірік. Ол рас. Бірақ баға жылыңыз не, тоқсан сайын өсіп, ұнжырғамызды түсіріп, еңсемізді езіп, ашындырып барады”,-
деп базынасын айтады желідегілер.
Осы ретте, Абу-Дабиде бір күнде 400 қазақтың жұмыстан шығып қалуын да тілге тиек етті жұрт.
“Бір шикілік бар, өзің көрші”, – дейді олар.
“Жас келсе – іске!” – дейді қазақ атам.
Міне, білек түріп жаңа іске кірісемін десеңіз, министр ханым, жұмыс дайын Сізге!
Халықтың қалауы мен тілегін ескеріп, іс қып жатсаңыз үлкен марапат – кем дегенде халықтың батасын аласыз. Ал ақ бата өзіңізді ғана емес, ұрпағыңызды да биік шыңдарға жетелейді.
https://kaz.365info.kz/yshakhtary-dajyn-tyr-bilik-auyskhanda-bygingi-elita-shetelge-khashady-294100