Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
8
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Қазақстанда отбасы институтын насихаттау қай деңгейде жүргізілуде?

2046

 

Эдуард ПОЛЕТАЕВ, саясаттанушы:  

Картинки по запросу эдуард полетаев

“Елімізде отбасы саясаты бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде”

Бұған дәлел болатын мысалдар да жеткілікті. Атап айтар болсам, 2013 жылдан бастап қыркүйек айының әр жексенбісінде Қазақстанда отбасы күні өткізіледі.

Ал былтырғы жылдың ақпан айында Қазақстанда Бала құқығы бойынша өкілетті институт құрылып, дәл сол жылдың аяғында Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясатқа қатысты тұжырымдамасы қабылданды.

Бұл ғана емес. Күллі ТМД кеңістігі бойынша биылғы жыл Отбасы жылы деп аталып отыр. Бұл бастама өз кезегінде Достастық елдері арасындағы әріптестікке байланысты одан әрмен арттыра түсеріне сенімім мол.

Жалпы біздің елімізде отбасылық құндылықтар мәселесі ешқашан да назардан қалыс қалған емес. Тіпті аумалы-төкпелі 90-шы жылдардың өзінде бірқатар маңызы жобалар жасалынды.

Атап айтар болсам 1995 жылы Қазақстан Президенті жанына Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат мәселесі бойынша кеңес құрылды.

1998 жылы бұл ұйым ресми түрде Қазақстан Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер ісі бойынша ұлттық комиссиясы болып өзгерді. Тиісінше, оның шекарасы кеңейді, құқықтық құзіреті өсті.

Сонымен қатар отбасы құндылығын арттыратын байқаулар да тұрақты түрде өткізіліп отырады. Айталық, “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауына қатысатын жанұялардың саны жыл сайын артып келе жатыр. Демек, осы байқау арқылы жас отбасы өзін-өзін тәрбиелеп жатыр, алдындағы аға-апа буыннан үлгі алып жатыр деуге әбден негіз бар.

 

Жұлдыз ОМАРБЕКОВА, “Нұр Отан” партиясы Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы, “Бауыржан” қайырымдылық қорының президенті:

Картинки по запросу жулдыз омарбекова

“Ажырасу көрсеткішін азайтқанымыз жөн” 

“Мемлекеттік отбасы құндылығын арттыруда атқарып жатқан жұмыстары өте көп. Бүгін болмаса да, алдағы уақытта бұл жұмыс өз нәтижесін беруі керек. 

2012 жылы Қазақстанда 47 598 ажырасу тіркелген. 2013 жылы – 51 305, 2014 жылы – 54 438, 2015 – 53 007 ажырасу жағдайы тіркеліпті. Бұл дегеніміз еліміздегі әрбір төртінші отбасы ақыр аяғы ажырасып тынады деген сөз. Міне, біз мәселені ретке келтіруіміз қажет. 

Қазақстандағы отбасылық құндылық мәселесі туралы айтқанда алдымен ажырасу көрсеткішін азайтқанымыз жөн. Себебі, талқандалған отбасының артында бала қалады. Айналып келгенде, бұл жағдайда бала бағудың бар машақаты анасының мойнына түседі.

Қазіргі күні Қазақстанда 400 мыңнан аса жалғызбасты ана бар. Ал жалғызбасты әкелердің саны 60 мың.

Мемлекет отбасы институттарын құруда, отбасы құндылықтарына қатысты түрлі байқаулар өткізуде.

Осыған байланысты шамамен 10 жыл бұрын мен де зерттеу ұйымдастырғанмын.  Ажырасу туралы шешімге келген үш мың жұптың арасында сауалнама жүргізгенмін. Сол кезде “не себепті ажырасу туралы шешім қабылдадыңыздар?” деген сұрағыма көпшілігі “мінез-құлқымыз сай келмеді” деп жауап берген еді. Екінші орында “ата-анасымен сыйыса алмадым, туысқандары араласа береді, достары нашар” деген пікірлер айтылды.

Ал үшінші орында тұрмыстық проблемалар тұрды.

 

Евгений ПАСТУХОВ, Тұңғыш Президент қоры-Ұлт көшбасшысы жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының ғалым хатшысы:

Отбасы – ең басты құндылық” 

Қазіргі таңдағы басты мақсат – жастардың санасына отбасы туралы құндылықтарды, оның қадірі мен қасиеті туралы мағыналы дүниелерді көбірек сіңіру. Иә, бұл бағытта мемлекет тарапынан ауқымды істер атқырылып жатыр.

Жалпы отбасы құндылығын айтқанда оның түп-тамырына үңілу керек сияқты. Неке құрудағы мақсат не? Бұл белгілі бір құндылықты табу және оған жету болып табылады ғой?! 

Айталық, неке құру арқылы балалы боласыз, алдыңыздан ақша табу мәселесі, отбасын асырау, құдай қосқан қосағыңмен тіл табысу проблемалары шығады. Бұлар да құндылықтар. Осы құндылықтардың қадірі кеткенде отбасының шаңырағы құлайды.

Ғылымда “дұрыс неке” деген түсінік бар. Бұл нені білдіреді? Сіздерге мынадай сауал қояйын: “Христиандық мәдениеттегі мемлекеттерде екі әйел алу деректері болды ма? Болған. Айталық, 1650 жылы 30 жылға созылған соғыстан кейін Германия 5 млн. адамынан айырылады. Міне, сол тұстағы неміс билігі ер-азаматтарға 10 жыл бойына екі әйел алуына рұқсат береді.

Бұл не үшін керек болды? Әрине, халық санын, адам капиталын көбейту үшін. Бұл жалқы емес, жалпының – мемлекеттің мүддесі болды.

Айтайын дегенім неке, отбасылық құндылығы туралы түсініктің өзі мемлекеттік деңгейдегі дүние. Бұл мораль мәселесі. Ал мораль мәселесіне кез-келген мемлекетте сол елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы әсер етеді.

 

Зәмір ҚАРАЖАНОВ, саясаттанушы: 

“Отбасы құндылығы демографиямен тығыз байланысты” 

Қазіргі таңда біз урбанизация мәселесімен бетпе-бет келіп отырмыз. Бұл өз кезегінде отбасы құндылықтарына өте үлкен әсерін тигізуде.

Менің ойымша мемлекет алдағы уақытта отбасы құндылығын насихаттайтын жаңа тетіктер ойлап тапқаны жөн сияқты.  Айталық, Қазақстанда отбасымен бірге демалатын сауда ойын-сауық орталықтарын неге құрмасқа?

Мұны неге айтып отырмын? Алматыда өткен Универсиада ойындары елімізде отбасылық демалысқа деген сұраныстың жоғары екенін көрсетіп берді. Сайып келгенде, бұл әрбір отбасылы адамның алдынан шығатын сауал. Отбасыңмен бірге қайда барып демалуға болады? Сайып келгенде, отбасыларды қолдайтын әлеуметтік инфрақұрылым жасалған деген ұсыныс бар.

Отбасы құндылығы деген не? Жалпы бұл ұғым, бұл түсінік демография мәселесімен тығыз байланысып жатыр. Бұл ретте сіздерге “демографиялық дүмпуге” әсерін тигізген Америка тәжірибесін айтып берейін.

Америкада бұл мәселені деурбанизация жолымен шешті.  Билік қаланың шетінде жеке үйлерде тұратын отбасыларға көмектесе бастады. Бұл амал өз кезегінде көп балалы отбасыларды сақтап қалу себеп болды. Бәлкім, бізге де бұл тәсілді пайдаланып көрген жөн шығар.

Осы арқылы шет елді-мекендерде тұратын отбасыларды қолдап, қолпаштау жобасы жасалса тамаша емес пе?

Сосын жоғарыда ажырасу мәселесін тілге тиек еттіңіздер. Иә, оның себептері көп. Сонымен қатар менің ойымша медицина қызметін сапалы қылу керек. Перзентханалардағы медициналық қызметтің сапасын жақсартсақ бұл біздің отбасы құндылықтарын дамуға қосқан үлкен бастама болар еді.

 

Сергей ДОМНИН, экономист:

“Қиыншылық кез-келген отбасында болады” 

“Анығында, біз нәрсені мойындауымыз керек. Біз отбасы туралы тым аз білеміз. Соңғы халық санағы қашан жүргізілгені естеріңізде ме? 2009 жылы. Осыдан 8 жыл бұрын…

Демек, қазіргі күні Қазақстанда 4 млн. отбасы бар деген дерек 2009 жылдың мәліметі деген сөз. Меніңше, одан бері көп дүние өзгерді, сондықтан аталған деректі нақты деп айта алмаймын.

Жоғарыда Жұлдыз ханым мына бір деректерді алға тартты. “Ажырасу туралы шешімге келген үш мың жұптың арасында сауалнама жүргізгенмін. Сол кезде “не себепті ажырасу туралы шешім қабылдадыңыздар?” деген сұрағыма көпшілігі “мінез-құлқымыз сай келмеді” деп жауап берген еді. Екінші орында “ата-анасымен сыйыса алмадым, туысқандары араласа береді, достары нашар” деген пікірлер айталды. Ал үшінші орында тұрмыстық проблемалар тұрды” деді ол.

Меніңше, бұл зерттеулердің өзі қайта қарап шығуды қажет етеді және “мінез-құлқымыз сай келмеді, сыйыса алмадық” деген сөз бұл арада ажырасудың басты себебі емес.

Бұл арада тек қана насихат қажет. Қиыншылық кез-келген отбасында болады. Отбасыға құндылық ретінде қараған адам шаңырағын шайқалтпауға тырысады.

Айталық, жас отбасы ипотекаға үй алды делік. Төлей алмады. Қиналды. Отбасында ұрыс-керіс шықты. Жастар екі жаққа тарап тынды.

Болмаса тағы бір мысал. Айлық аз. Отағасының тапқан табысы отбасыға жетпейді. Тарығу басталды. Мұның арты неге алып келері белгілі ғой. Тағы да ұрыс-керіс. Жастар екі жаққа тарап тынды. Иә, бұл арада ажырасудың негізгі себебі тұрмыс болып тұр. Оның ішінде баспана.

Бұл ретте қуантарлық жақсы тенденция бар. Мемлекет жас отбасыларды баспанамен қамтуда үлкен жұмыстар атқаруда. Бұл өз кезегінде ажырасу көрсеткішін де азайтады деген сенімдемін. Себебі, тұрмыс түзу болса, ыдыс-аяқ та сирек сылдырлайды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз