ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев көрсеткіштері көңіл көншітпейтін банктерге көмек берілетіні, не берілмейтіні туралы сауалға жауап берді.
Бұл туралы бас банкир ҚР Парламенті Сенатының отырысынан кейін тілшілердің сұрағына берген жауабында айтты деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Ең бірінші кезекте, Мемлекет басшысының нақты жеке банктер бойынша сөзінен бастайық. Менің ойымша, бұл институттардың акционерлеріне – ең алдымен өз бақылауындағы қаржы институттарының тұрақты жұмысына мүдделі болу керектігі турасында нақты үндеу тасталды.
Мұндай жағдайда біз осы барлық банктердің акционерлерімен тұрақты түрде кездесіп тұрамыз. Олардың не істейтінін, нақты даярлаған жоспары бар ма, немесе ұсынатын нақты қадамдары бар шығар, көреміз, қазір соны күтіп отырмыз.
https://kaz.365info.kz/khazakhstannyn-bir-bankin-khytajlar-satyp-aldy-312638
Одан басқа ештеңе айта алмаймын. Иә, бұл институттардың акционерлерімен келіссөздер әлі жүріп жатыр», – деді Данияр Ақышев.
Оның айтуынша,
акционерлер өздерінің қаржы институттарын сақтап қалу үшін күш салуда.
«Алайда біз қадағалаушы орган ретінде қаржы институты жұмысын жалғастыру үшін акционерлердің осы бағытқа жұмсайтын күші қаншалықты жеткілікті екенін қарастыруымыз керек.
Біріншіден, бұл ретте заңнамаға сүйену керек. Бізде жеке тұлғалардың кепілдендірілген депозиттер жүйесі бар. Ағымдағы жағдайда бұл тетікті қолдану керек деп отырған жоқпын. Қандай жағдай болмасын, бұл жүйе бізде жұмыс істей береді. Егер банктің лицензиясы қайтарып алынса, онда кепілдендірілген депозиттердің мемлекеттік қоры ұлттық валютада 10 млн теңгеге дейінгі, шетелдік валютада 5 миллион теңгеге дейінгі жеке тұлғалардың барлық депозиттерін жабады.
https://kaz.365info.kz/olar-bylaj-zhasajdy-ylttykh-banktin-eks-khyzmetkeri-bankterdin-bylygyn-ashty-267188
Қайталап айтамын, осы жағдайда бұл шараны қолдану қарастырылып отырған жоқ.
Бұл – бұрыннан келе жатқан Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы заң. Кепілдендірілген депозиттердің мемлекеттік қорында кез келген банк бойынша төлемдерді жүргізу бойынша қажетті ресурс бар», – деп түйді Ақышев.
Еске сала кетсек, Ұлттық банк қызметінің қорытындылары жөнінде кеңесте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар банктерге ескерту жасаған болатын. Президенттің айтуынша, бүгінде Эксимбанк, Астана банкі, Qazaq банкі сияқты қаржы ұйымдарының көрсеткіштері дұрыс емес. Себебі акционерлер ол банктерді тиімді басқара алмаған.
https://kaz.365info.kz/kete-salam-khazakh-bajlary-zhappaj-yshakh-satyp-alyp-zhatyr-302141
«Олар біраз ақшаға қарыздар болып қалды. Ондай банктер қалай жұмыс істейді? Енді, тағы бәрін мемлекетке артып қоямыз ба? Акционерлер өз банктерін сақтап қаламыз десе, алып шыққан ақшаларын қайтарсын, өз капиталдарын да салсын. Ол банктерге квазимемлекеттік компаниялар да, xалық та біраз ақша құйды. Соны қайтарсын. Содан кейін жұмыс істесін. Онсыз ешқандай қолдау жасалмайды. Ал басқа банктер мемлекеттен алған ақшасын біртіндеп қайтарады», – деп атап көрсеткен еді Мемлекет басшысы.