Мәжіліс депутаттары каникулға демалуға кетпепті. Олар Елбасының тапсырмалары қалай орындалып жатқанын қадағалау үшін өңір-өңірді аралап жүр екен.
Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәжіліс депутаттарының аймақтарға сапары барысында Елбасының тапсырмаларын орындауға оның ішінде, экономиканы цифрландыру, агроөнеркәсіптік кешенді заңнамалық қолдауға назар аударылды. Атап айтқанда,
Мәжіліс депутаттары Мейрам Пішембаев, Альберт Рау, Александр Суслов, Айгүл Нұркина, Айзада Құрманова мен Анар Жайылғанова Павлодар облысында өңірдегі ірі өндіріс орындарында болды.
Мысалы, мәжілісмендер «Қазақстан алюминий» зауытында өндіріс процесімен танысып, еңбек ұжымымен кездесіп, өндірістік саланы цифрландыру мәселелерін талқылады.
«Алюминий заводы – бұл өте қуатты, елімізде ғана емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие өнім шығаратын алып өндіріс орны. Бүгінде заводта жаңа технологиялардың енгізіліп жатқанын көрдік. Цифрландыру жүзеге асырылуда. Бұл заводтың ел экономикасына қосқан үлесі өте зор. Меніңше, мұндай алдыңғы қатарлы кәсіпорындар әрі қарай дами беруі және олардың айналасында кіші және орта кәсіпкерлік жетілуі тиіс», – деді депутат Мейрам Пішембаев.
Компания күніне 49 тонна ірімшік, сары май және сүт шығарады. Жалпы зауытқа 8 ауыл шаруашылық кооперативі, 50 шаруақожалығы, 25 жеке кәсіпкер сүт өткізеді. Бүгінгі таңда компанияда 93 адам жұмыс істейді.
Зауыт жұмысшыларымен әңгіме барысында депутаттар өндіріс қуаттылығы, салық салу, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға заңнамалық қолдау көрсету мәселелерін талқылады.
Мәжіліс депутаттары, «Ақ жол» фракциясының мүшелері Ерлан Барлыбаев пен Берік Дүйсенбинов Шығыс Қазақстан облысындағы сапар барысында Семей қаласында өткен дөңгелек үстелде қатысып, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының іске асырылу барысына тоқталды.
– Бес бастамамыз елдің игілігіне жарайтындай болып атқаруымыз керек. Бұл тек қана Елбасы мен Мәжіліске ғана байланысты дүние емес, ол үшін құзырлы органдар, Ұлттық банк, басқа да мемлекеттік органдар қатысуы керек. Ал мемлекеттік органдарға халықтың талап-тілегін, үмітін жеткізетін – Мәжіліс депутаттары, – деді Дүйсенбинов.
Кездесуде депутат Ерлан Барлыбаев Президенттің әлеуметтік бастамасымен іске асып жатқан жатақханалар мен қолжетімді ипотекалық несиелердің құрылысы Қазақстандағы мыңдаған адамдарға тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.