Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдағы коронавирустың таралуын халықаралық дәрежедегі төтенше жағдай деп таныды.
Сондай-ақ сарапшылар сегіз жағдайда вирустың адамнан адамға жұққанын растады. ДДСҰ бас директорының айтуы бойынша, қазіргі таңда 1370 адамның жағдайы ауыр, 170 адам қайтыс болды. 12 167 адам вирусты жұқтырды деген күдік бар.
ДДСҰ бұл індетке «2019-nCoV тыныс жолдарының жіті ауруы», вирусқа «2019-nCoV» деген уақытша атау беруді ұсынды.
Тедрос Адханом Гебрейесус айтуынша ұйым вирусты тоқтатуға болады деп есептейді. Сарапшылардың пікірінше, барлық ел билігі ауруды ертерек анықтап, оны жұқтырғандарды оқшаулау шараларын алдын ала қабылдау керек. Сондай-ақ жұғу фактілерін қадағалаудың өзі аурудың таралуына кедергі болады.
Ұйым тауарларды тасымалдауға, адамдардың жүріп-тұруына, шекараларды жауып, визалардың берілуіне шектеу қоймауды ұсынды. ДДСҰ барлық мемлекет билігіне аурудың таралуына байланысты жалған ақпараттармен күресуге кеңес берді.
Сарапшылар Қытай билігіне вирустың зоологиялық шығу көзін, ауру белгілерін ертерек анықтап, вирус жұқтырған адамдарды оқшаулау үшін халықаралық әуежайларда тексеру жүргізуді ұсынды.