Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинаның сынағы 2021 жылдың мамырында аяқталады

199
Сурет biosafety.kz сайтынан алынды

Қазақстан 2020 жылғы мамырда әлемде алғашқылардың бірі болып QazCovid-in жеке вакцинасын әзірлейтіні туралы мәлімдеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың ноу-хауын кандидаттар тізіміне енгізді. 17 тамызда Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты клиникаға дейінгі зерттеулердің сәтті аяқталғанын мәлімдеді. 17 қыркүйекте институт клиникалық зерттеулердің бірінші кезеңін бастады. Барлығы үш кезең болады.

Қазақстандықтар отандық әзірлеменің қауіпсіздігі мен тиімділігіне қатысты алаңдап отырғанда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов QazCovid-in вакцинасын өз еркімен салдырды. Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ-дің бас директоры Күнсұлу Закарияның айтуынша, QazCovid-in әзірлеу және сынау жұмыстары шетелдік вакциналарға қарағанда бірнеше есе арзанырақ.

Клиникаға дейінгі сынақтың жетістіктері

— 7 тамызда «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов Қазақстан мен Ресей біздің еліміздің аумағында коронавирусқа қарсы вакцинаны бірлесіп өндіру туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бұл түбегейлі жаңа вакцина ма? Әлде қазіргі вакцинаның өндірісі бойынша күшімізді біріктіру туралы сөз болып жатыр ма?

— Жоқ, бұл сіз айтқанның екеуіне де қатысты емес. Бүгінде Ресейлік вакцинаға тапсырыс көп болғандықтан, ол өндіріс көлемін ұлғайту үшін алаң іздеуде. Ең алдымен, Қазақстан аумағында өндірістік қуаттарды табу туралы сөз болып отыр. Бұл біздің вакцинаға қатысты емес.

— Біздің вакцина ресейлік вакцинадан несімен ерекшеленеді? Ол қаншалықты тиімді болады? Клиникалық сынақтар туралы айтып берсеңіз.

— Алдымен біз клиникаға дейінгі сынақтар жүргіздік, оларды 17 тамызда аяқтадық. Біз вакцинаны жануарлардың бірнеше түріне — кішкентай кеміргіштерден бастап маймылдарға дейін сынап көрдік. Клиникаға дейінгі сынақтар аяқталғаннан кейін материалдар Денсаулық сақтау министрлігіне мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Дәл осы сараптама келесі сынақ кезеңін өткізуге рұқсат береді.

Біздің әзірлемеміз сараптамадан сәтті өтті және клиникалық сынақтардың келесі екі фазасын адамдарға жүргізуге рұқсат алды

Қазір клиникалық зерттеулердің 1-ші кезеңі жүріп жатыр. Оған 44 ерікті қатысады.

Күнсұлу Закария, сурет: biosafety.kz

ДДҰ қабылдаған клиникалық зерттеулер хаттамасы әлемнің барлық елінде бірыңғай екенін атап өткім келеді. Және бәрі оны ұстанады. Ешкім вакциналарды өз стандарттары мен талаптары бойынша клиникалық түрде тексере алмайды. Қазақстан да солай. Сондықтан біз ДДҰ хаттамасын қатаң ұстанамыз.

Еріктілерді ынталандыру

— Ал 44 ерікті де ДДҰ талаптары ма?

— Жоқ, ДДҰ еріктілер саны мынанша болуы керек ұсынбайды. Ресейлік вакцина бірінші клиникалық кезеңде  38 еріктіге, әскери міндеттілерге салынып сыналды. Біз  халықтың  арасынан еріктілерді таңдап алдық.  Айтпақшы, 44 еріктінің барлығына бірде вакцина салынбайды.

Олардың 22-сі плацебо, олар жай ғана физраствор алады. Алайда, олар бұл тұзды ерітінді екенін білмейді. Бұл бізге психосоматиканы жоюға мүмкіндік береді

Біздің және ресейлік вакциналардың технологиялары мүлдем басқа, сондықтан оларды біріктіруге де, салыстыруға да болмайды. Вакциналардың әсері де, иммуногенділіктің көрсеткіштері  де әртүрлі және т.б.

— Клиникалық сынақтарды аяқтап, дайын вакцинаны қашан тіркейміз деп жоспарлап отырсыздар?

— Жоғарыда айтқанымдай, 17 қыркүйектен бастап клиникалық сынақтардың бірінші кезеңі жүріп жатыр. Екіншісі 15 қазаннан басталады. Оған 200 адам қатысады. Ол жыл соңына дейін жалғасады. Қазір

еріктілерді іздеу жүріп жатыр. Біздің таңданысымыз бен қуанышымызға орай зерттеуге қатысқысы келетіндер көп

Әрине, олардың мотивациясы әртүрлі, бірақ еріктілердің саны клиникалық зерттеулердің екінші кезеңі өткізуге  жеткілікті.

— Еріктілерді клиникалық сынақтарға қатысуға қалай ынталандырасыздар?

— Бұл халықаралық тәжірибе, еріктілерді міндетті түрде ынталандыру  керек. Көптеген елде тіпті еріктілер пулы бар.

Біздің еріктілер зерттеуге қатысқаны үшін салықты алып тастағанда 200 мың теңге алады

Айта кетейік, үшінші фазада сыналатындар көп болғандықтан, ұзағырақ жүреді.  Біз кем дегенде 3 мың ерікті болады деп шештік. Қазір оның қашан аяқталатынын айту қиын. Себебі сынақтар аяқталғаннан кейін барлық материалдар қайтадан мемлекеттік сараптамадан өтеді. Нәтиже мұқият тексеруден өткеннен кейін ғана нақты бір нәрсе айтуға болады. Шартты түрде, біз клиникалық зерттеулердің соңғы үшінші кезеңін 2021 жылдың мамыр айының соңына дейін аяқтаймыз деп ойлаймыз. Бұл қазірге жоспарлы мерзім.

Вакцина өндіретін зауыт

— Сол кезде Қазақстан ковидке қарсы вакцина әзірледі деп мәлімдеуге болады ма?

— Жоқ, олай емес. Біз оны 15 мамырда әзірледік. Қазір сынақтар жүріп жатыр. Олар аяқталғаннан кейін жаппай қолдануға ресми рұқсат алу туралы айтуға болады.

Көптеген елде уақытша мемлекеттік тіркеу сияқты нәрсе бар. Қазақстанда мұндай норма заңнамада жоқ, өйткені ел алғаш рет пандемияға тап болды. Мұндай норманы төтенше жағдай қайталанған жағдайда енгізу керек.

Вакцинаны уақытша мемлекеттік тіркеу барлық іс-шараларды жеделдетіп жүргізуге және эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді

Айтпақшы, Ресей де, басқа елдер де осы жолмен жүрді. Қазақстан да әлемдік үлгіге ереді деп ойлаймын.

— Үшінші елдерге экспортқа вакцина шығару жоспарда бар ма?

— Біз әзірге экспорт мәселесін  қарастырмаймыз, өйткені алдымен өз халқымызды қамтамасыз етуіміз керек. Қазір вакцина шығаратын зауыт та жоқ, ол тек салынып жатыр.

2020 жылдың соңында немесе 2021 жылдың басында зауыт салынады деп үміттенеміз. Содан кейін біз бірінші кезекте өз қажеттіліктеріміз үшін вакцина өндіруді бастаймыз

Кез келген саналы ел, ең алдымен, өз халқы туралы ойлайды. Бұл дұрыс.

Егер біздің қуаттылығымыз артық өнім өндіруге мүмкіндік берсе және өнімді жылжытумен айналысатын қызметтер пайда болса, біз вакцинаны экспорттау туралы ойланатын боламыз.

Арзан әрі сапалы

— Вакцинаның бір дозасы қанша тұрады?

— Әлемде пайдалануға ұсынылған вакциналардың түпкілікті құны туралы айтсақ, 1 дозасы 7 доллардан 50 долларға дейін бағаланады.

Біздің вакцинаның 1 дозасының құны жұмсалған ресурстарды ескере отырып 2,5 долларды құрайды

Бұдан әрі логистика мен басқа да шығындарға қарай сату құны белгіленеді. Баға аздап өседі, бірақ соншалықты үлкен айырмашылық болмайды. Сондықтан әзірше қазақстандық әзірлеменің бағасы ең қолжетімді.

— Білім және ғылым министріне сіздер әзірлеп жатқан вакцина егілді. Яғни, ол клиникалық сынақтарға қатысатын еріктілердің бірі ме?

— Асхат Қанатұлы Аймағамбетов процесті басынан бастап қадағалайды және толық бақылайды.

Ол нәтижелердің тиімділігі мен иммуногенділігінің жоғарылығын көріп, вакцинаны салу туралы шешім қабылдады.  Бұл біраз уақыт бұрын болды. Нәтижелері де жаман емес

Бұл біз үшін үлкен қолдау және тану. Министр — бұл  әзірлемемізге сақтықпен қарап,  Үкіметке вакцинаны алдымен өздеріне сынап көріңдер, содан кейін халыққа ұсыныңдар деген адамдарға үлгі болады.

— Вакцина өндірісінің бүкіл процесіне бюджеттен қанша қаржы бөлінеді?

— Нақты сомасын айтпай-ақ қояйын. Тек біздің зерттеулеріміз шетелдік зерттеулерден жүздеген, тіпті мыңдаған есе арзан, ал нәтижесі бірдей.

— 3 мың адамды сынап, вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы айтуға бола ма? еріктілердің саны тым аз емес пе?

— Еріктілерге қатысты міндетті талаптар жоқ. Оларды әр ел өз қалауы бойынша және есептеулеріне сәйкес таңдайды. Біздің жағдайда  еріктілердің саны жеткілікті.

Үшінші кезеңде вакцинаның қауіпсіздігі де, иммуногенділігі де қарастырылмайды, өйткені бұл көрсеткіштер сынақтың бірінші және екінші кезеңінде анықталады.

Яғни, 3-ші кезеңде вакцинаның қауіпсіздігі мен иммуногенділігі дәлелденген болып саналады

Үшіншіден, біз эпидемиологиялық маусымда вакцинаның тиімділігін тексереміз. Осы себепті біз сынақтың соңғы кезеңі үшін қыс пен көктемді — қаңтардан бастап мамырға дейігі кезеңді таңдадық. Сондықтан жақын арада COVID-19-бен күрестегі вакцинация деңгейіндегі біздің жетістігіміз туралы айтуға болады.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз