Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданына қарасты Дубровное ауылында әжесі жаңа туған немересін пешке жағып жіберді, деп хабарлайды КТК арнасы.
Орталық көшеде орналасқан үйде Олеся Грудинская анасымен, 9 жасар ұлымен және жаңа туған қызымен тұрып жатқан. Олеся Грудинская 19 қазанда қыз босанған екен. Араға үш күн салып үйіне келгенімен, шақалақтың қызуы көтеріліп, олар қайтадан ауруханаға түскен. Әжесі немереме дәрі егетін болды деп уайымдаған да көрінеді. Алайда оқиға болған күні неге екені белгісіз, ол қызы мен үлкен немересін нанға жұмсап, өзі сұмдық қылмысқа барған.
“Ол пештің үстіндегі плитаны алып тастап, жанып жатқан отқа сәбиді қойған. Баланы шешіндіріп тастапты. Олеся үйге келгенде, қызын таппай қалған. Пештен күйген еттің иісін сезгенде, ыстық плитаны қолымен алып тастап, шақалақты алып шыққан. Мен оның күйік шалған қолдарын көрдім”, – дейді Дубровное ауылының тұрғыны Мария Морозова.
Алпысты алқымдаған Любовь Русалиеваның мұндай әрекетке не итермелегенін қазір тергеушілер анықтап жатыр. Ауыл әкімінің айтуынша, отбасы ақшадан тарлық көрмеген, тұрмыстары түзу екен.
“Бұл отбасы бізде тұрмысы нашар отбасы ретінде есепте тұрған жоқ. Әжесі зейнетақы алатын. Аздап ішетіні болмаса, Любовь Русалиеваның ешкімге зияны жоқ еді. Көршілерімен тату болатын. Оқиғаның ақ-қарасын тергеушілер анықтар. Егер біздің тарапымыздан көмек керек болса, әрине, қол ұшын беруге дайынбыз”, – деді Дубровное ауылдық аймағының әкімі Галина Швецова.
Телеарнаның мәліметінше, мерт болған шақалақтың денесі әлі мәйітханада жатыр. Алдағы күндері жерленетін оған анасы әлі туу туралы куәлік те алып үлгермепті. Тек Валентина деп ат қойған.