Патриоттық мақсатта мемлекеттік қызметке аңғал, аңқау жастар барады. Кейіннен қандай қақпанға түскендерін біліп сан соғып жатқанда бәрі кеш боп кетеді.
Осылай ағынан жарылған танымал экономист Олжас Құдайбергенов жастарға, ең алдымен, елдің емес, өзінің жеке басының жағдайын жасап алуға кеңес береді. Оның пікірінше, адам ең алдымен өзі мен жақындарының жағдайын жасауы керек, егер осыны дұрыстап алса, сол кезде барып елінің жайына алаңдауына болады.
Олжас Құдайбергенов
– Бір жас жігітпен сөйлестім. Жасы небәрі 22-де ғана. Бірақ жастығына қарамастан өте талантты, ақылды жігіт. Оны мемлекеттік қызметке шақырыпты. Оған ол кәдімгідей қуанып отыр.
„Онда барсам идеяларым жақсы бағаланып, оған қанат бітеді, ел мен қоғамның игілігіне жұмыс істейді„ деп мәз. Не деген аңғалсың дедім. Сөйтіп ұрсып тастадым:
Елдің қамында нең бар сенің? Өзіңді ойласаңшы. Не үй жоқ, не күй жоқ. Қалай күн көресің? Мемлекет берген жалақыға ма?..
Негізі, қазір мемлекеттік қызметке жататын барлық органның бір-біріне деген сенімсіздігі шырқау шегіне жеткен (оған бір-бірінің ісін растаттыратын процедуралардың өте көптігі дәлел, тіпті 90 процент жағдайда ол құжаттың қажеті де жоқ, бірақ мемлекеттік қызметкер талап етіп қалар деген ниетпен не де болса деп барлық тараппен расталған құжаттарды жинай береді). Жыл сайын осы шек жаңарып отырады. Жаңарған сайын жинататын қағаз көбейіп, қағазбастылық күшейеді.
Негізі, мемлекеттік қызмет деген таза есеп беру. Ол сенің жұмыстағы уақытыңның 80 процентін алады. Тынған дүние болса жақсы ғой. Жоқ.
Бәрі қағаз жүзінде ойша сытырлап атқарылып жатады. Қойшы деп көр, жазалауға бірден ұшырайсың. Ақыры оның қылмыстық жазаға ұласып кетуі бек мүмкін. Сондықтан қандай да бір жақсы бастама қолға алынғанымен, оның арты қағазға „түрте„ салатын жұмысқа айналып кетеді, әйтеуір отчетты жапса болды. Ал бюрократиялық жағдайда отчетты жабудың өзі бір ерлік жасағанмен пара-пар нәрсе.
https://kaz.365info.kz/memlekettik-khyzmetkerlerdin-zhymys-uakhytynda-meshitke-baruyna-tyjym-salynbakh-277797
Әрине, мұнан соң жұмыс өзінің тиімділігін жояды, мағынасы сұйылады. Ал мұндайда өз кәсібіне адал адамның көңілі қалады, жұмыс істеуге құлқы болмайды.
Есесіне, өтірікті қарша боратып, жоқты бар қып, барды одан да зор қып көрсетуге шебер жылпостардың дәурені жүреді…
Мемлекеттік қызмет деген жауапкершілігі өте зор, бірақ өкілеттігі тым шектеулі, ал қауіп-қатері жоғары, жалақысы мен қолдау тым аз орын. Міне, осыған қарамастан осы қызметте адал, таза жүре алатын бір шенді шықса, онда оның жауы өте көп болады.
https://kaz.365info.kz/demalysyn-bolsa-khajtejin-tojda-mas-bolgan-memlekettik-khyzmetkerler-shetinen-zhazalanyp-zhatyr-267339
Кез келген деңгейдегі басшының алғашқы міндеті не екенін білесіз бе? Өз учаскесіне деген сенімді күшейту, сол үшін оның өсіп-өнуіне кедергі келтіретіндердің көзін жою. Иә, кедергі келтіретін кімдер дейсіздер ме? Көп қой. Өсектен басқа қолынан түк келмейтін жылпостар, қажетсіз процедура мен тәртіптер, өз қызметіне сай емес өкілеттіліктер мен жауапкершіліктер деп кете береді. Міне, осылардың көзін жойса, жұмыс процесін жылдамдатуға, жалпы қызметтің тиімділігін бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік туар еді. Ал әзірге ешқандай өзгеріс жоқ…
Міне, осы жағдай реттелмей мемлекеттік қызметке, жалпы мемлекеттік секторға жұмысқа барып керегі жоқ. Ең құрығанда, өз жағдайларыңды түзеп алмайынша…„ депті Олжас Құдайбергенов Facebook-тегі жеке парақшасында жариялаған жазбасында.
Айта кетелік, Олжас Құдайбергенов 2014 жылы ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің кеңесшісі қызметін атқарған. Қазір еліміздегі Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры.
https://kaz.365info.kz/aza-standa-memlekettik-yzmetkerler-zhelto-sannan-bastap-biry-aj-kiim-kietin-bolady-237030