Білмейміз, бізде солай қалыптасқан. Қазақша сөйлейтін шендіні іш тартып қабылдаймыз. Анығында, ол қазақша сөйлеуге тиісті. Бірақ, біздің айыртілді қоғамда мемлекеттік тілді меңгермеген шенеуніктер өте көп. Содан шығар атақ-абыройы бар, әжептәуір сыйлы қызметте отырған адам қазақша сөйлесе көңіліміз өсіп қалады.
“Қазақстан” Ұлттық арасындағы “Апта” бағдарламасының сараптамалық орталығы қазақ тілінде мүдірмей сөйлейтін атқамінерлердің ондығын жасаған екен. Көрдік. Тізімді дұрыс түзіпті. Өкініштісі, осы-ақ. Құдай біледі, қазақша қапысыз сөйлейтін шенділердің саны 10-нан аспайды бізде.
10-шы орын
Осыдан екі ай бұрын Маңғыстаудың әкімі қызметіне тағайындалған Ералы Тоғжановқа бұйырыпты бұл орын.
https://kaz.365info.kz/mynau-tysinip-otyr-ma-ozi-berdibek-saparbaev-khazakhsha-bilmejtin-audarmashyny-zher-khyldy-249512
9-шы орын
Бұл орын Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың еншісіне бұйырыпты. Бұған орай пікір білдірген сарапшылар былай депті:
“Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың да тілі жатық, қазақтың жалпақ тілімен кез-келген мәселенің тігісін жатқызып жеткізеді. Сан алуан шара мен алқалы жиындарда қазақ тілінің қадірін арттырып сөйлейтін Нұрлан Асқарұлын рейтингіміздің тоғызыншы орнына лайық деп таптық”.
8-ші орын
Бас прокурор – Жақып Асанов жайғасыпты бұл орынға. Асановтың бұл рейтингіден орын алғаны заңды деп білдік. Қазақшасы жаттық. Құқықтық саланы бір ізге түсіріп, жетілдіріп жатқаны тағы бар.
7-ші орын
Бұл орынға сарапшылар Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты лайықты деп тауыпты.
Шыны керек, дұрыс емес. Бұдан да жоғары орынға жайғасуға лайықты Сапарбаев.
Оның тілдің тағдырына қатысты айтқан ой-пікірлері бір төбе. Қытайлық инвесторды мемлекеттік тілді білмегені үшін сөгіп тастағанын да көргенбіз. Бір емес, бірнеше рет сөйтті. Құдай біледі, Сапарбаевтың орнында басқа біреу болса, үндемей қалар ма еді?.. Мұндай қызметте отырып, қазақ тіліне қатысты өткір пікір айтудың өзіне мінез керек, біздіңше.
6-ші орын
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аптаның алтылығына ілігіпті.
5-ші орын
Бұл орын Мәскеудегі елшіміз – Тасмағамбетовке бұйырған екен.
“Тілі мірдің оғындай саясаткерлердің бірі – Иманғали Тасмағамбетов. Сан лауазымды қызметтердің тізгінін ұстаған Иманғали Нұрғалиұлының кез-келген мәселеде шегелеп сөйлейтінін бұқара жақсы біледі”, – дейді “Апта” сараптамалық орталығы.
4-ші орын
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев та қазақша жақсы біледі. Ең бастысы, осы. Премьер-министріміздің қазақшасы мүкіс емес…
3-ші орын
Үшінші орыннан Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан көрініпті. Бұған енді дау жоқ.
https://kaz.365info.kz/khazakhsha-sojlegen-tyrin-aj-sagadievtin-deputat-tileuhanga-bergen-zhauaby-253119
2-ші орын
Бұл орын Нұр Отан партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің үлесіне тиіпті.
“Мұхтар Абрарұлы әуезді тілімізде әуелетіп сөйлеп, ағылта жөнелгенде қазақ тілінің қадірін білетін қаймана жұртты баурап алады. Шешен сөйлеудің хас шеберіне екінші орынды лайық көрдік”, – дейді сарапшылар.
1-ші орын
Бұл орынға Құл-Мұхаммедтің де, Тілеуханның да, Сапарбаевтың да, Тасмағамбетовтің де таласы бар негізі.
Алайда “Апта” бағдарламасының сарапшылары бірінші орынға осыдан төрт жыл бұрын Болашақ бағдарламасының мерейтойында Назарбаевпен әдемі де ұтқыр диалог құрған, әзіргі күні прокурордың көмекшісі қызметін атқаратын Мақсат Ысқақовты лайық деп тауыпты.
Солай. Қазақшаға судай шенеуніктердің ондығын осылай түзіпті. Сол-ақ па? Осы-ақ па? Ал сіз бұл қатарға кімді қосар едіңіз?
https://www.youtube.com/watch?v=s_kixzUoSRY
Видео қолданушы Нұрғали Нұртайдың youtube-тегі парақшасынан алынды.