Ауыл жастарын құбыжық қып көрсетіп жүрген кім? Тұрақсыздық пен бассыздыққа ауылдан қалаға ағылған жастары кінәлі ме?
Белгілі әлеуметтанушы Серік Бейсембаев осы тараптағы пікірін ортаға салған екен.
“Абу-Даби Плазадағы” жанжалға қатысты ойын айтыпты әлеуметтанушы.
Осыдан он жыл бұрын басталған. “Елдің ішкі тұрақтылығын ауылдан қалаға ағылып жатқан жастар шайқалтуда” деген дүниені ойлап тапқан.
“Табысы жоқ, жұмысы жоқ жастардың кесірінен, күндердің күні жаппай жанжал, саяси тұрақсыздық туындауы мүмкін” дейді. “Абу-Даби Плазадағы” төбелеске осы тұрғыдан баға бергендер бар.
Қателеседі. Мұндағы жанжалға жастардың ауылдан келгені немесе ауылдан келген жастар себепші болған жоқ. Жанжал шықты, жұрт жұмылды. Басқа да құрылыс нысандардында еңбек ететін жұмысшылар да жетті жанжал туындаған жерге. Солай.
Анығы, басқа мәселеге бас қатыру керек. Мұның алдын-алудың жолы бар ма? Құрылыстағы еңбек тәртібі қаншалықты сақталады?
Шетелдік және қазақ жұмысшылардың алар айлығында теңсіздік бар ма? Мәселе сонда…
Ұлтаралық тақырыпты қазақтілді БАҚ жиі қаузайды. Көпшілігін назарға алмауға болады. Алайда араларында шовинистік ұрандар да жүреді. “Қазақтарға ерекше мәртебе беру керек” деген. Мұны көпшілік құптамайды, бірақ.
Әлгіндей оқиғалар туа қалса, бұл жұртты жұмылдыратын фактордың бірі боларын ескеру керек, дегенмен.
Абу Дабидегі жанжалды әлеуметтік желідегі жазбалар ушықтырды, анығында. Ұлтты қорғау, үндістердің көкесін таныту, бұл елде кімнің қожайын екенін көрсету, бөгде, бөтенге бөлу туралы ұрандар айтылды, жазылды.
Бұл не? Мен білсем, постотарлық синдром. Белгілі бір ұлттың әлемге өзін-өзі танытуға ұмтылуы. Мұндайда қарсылық танытқан қауіпті, қарсы реакцияға ұшырайсың.
Жастарды мұндай ұранмен тәрбиелеген қауіпті.
Мұның алды – арандату, арты – абақты. Қазақстанда саяси мәдениет жоқ, азаматтық қоғам атымен жоқ. Осыны да ескеру керек.
Ұлтаралық қақтығыс бұдан бұрын да болған. Қазақтар мен түрлі этникалық топтардың өкілдері кикілжіңге келген. Оңтүстік өңірдегі осындай бірнеше дау-жанжалдан хабардан шығарсыздар.
Көпшілігіне, тұрмыстық дау себеп болды. Күнделікті күйбең тіршіліктегі кикілжіңдердің арты ұлтаралық сипат алды.
Негізінде, біз ғана емес, бір кездегі Қызыл империяның шекпенінен шыққан басқа мемлекетер де осы күйді бастан кешуде.
Мұны шешудің жолы бар ма? Бар. Тілдесу, сөйлесу керек. Диалогке келу керек.
Мәжілістің вице-спикері Божконың не дегенін білесіздер. Оның арам пиғылы болған жоқ. Ойын дұрыс жеткізе алмады. Сынға ұшырады, сол үшін.
Анығы, Божко айтқанды бұдан бұрын басқалар да айтқан. Ол ауыл жастарының қалаға келуіне шектеу қоюды ұсынған жоқ.
Ауыл жастарына қатысты билікті позициясына мән беру керек. Божконың ұстанымымен ұқсас. Билік не істеді? “Дипломмен ауылға” бағдарламасын қабылдады. Не үшін? Ауылдан қалаға ағылған жастарды тежеу үшін.
Негізінде біз урбанизацияны толық өткермеген елміз. Толық урбандалмаған елміз. Бұл дұрыс емес. Бәсекеге қабілеттілік адамдар тығыз топтасқан жерлерде туады.
Қазақстандағы халықтың 60 пайызы қалада тұрады деген ақпар бар. Мұның өзі аз. Урбанизацияның ең төменгі деңгейі. Одан қалды адам болам дегендердің дерлігі, Астана мен Алматыдан қоныс табуда. Ал өзге өңірлер ше? Оларды кім дамытады?
Бізге бір емес, бірнеше агломерациялар керек. Сол кезде көшіп-қону да біркелкі болады.
Білеміз, билік Оңтүстіктен Солтүстікке көшіру бағдарламасын қолға алған. Соның нәтижесі болды ма? Әй, қайдам…Биліктің айтқаны мен көзбен көргендегі жағдай екі бөлек.
Жұмыс та, баспана да жоқ. Кім көшеді? Мәдени, психологиялық факторы өз алдына.
Иә, мұның идеологиялық, саяси мазмұны бар шығар. Бірақ, бұларды жүзеге асыру үшін, алдымен әлеуметтік мәселені шешкен жөн. Солай емес пе? Барған жерінде үйі боларына, жұмыс береріне кепілдік бермесе, кім көшеді? Адам жайлы жер іздейді ғой.
Бас тақырыптағы сурет vlast.kz сайтынан алынды.