Нұр-Сұлтан
Қазір
17
Ертең
23
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Біз ұлтжандылықты тіліндегі сөзімен ғана өлшейтін болып алдық

144

Білмейтінім одан да көп. Түсінбейтінімнің бірі ҰЛТЖАНДЫЛЫҚ тақырыбы. Ойымды жазайын. Сырласып көрейік.

Әр адам өзінше ұлтжанды. Ешкімді сен ұлтжанды емессің деп айыптай алмаймыз. Тіпті айыптауға да құқымыз жоқ.

Осы біздің қоғамда қазір ұлтжандылық тек бірнеше қалыпқа салынып қойған түсінік сияқты. Ұлтжанды адам кім десе тіл деп сөйлеп аты шыққан, жер деп сөйлеп мәселе көтерген, қытай қауіп деп пост жазған, орыс дұшпан деп пікір қалдырған адамдарды көрсетеміз қазір.

Көрсетпесек де солар деп ойлаймыз. Ісіне емес, сөзіне қарап, сөзі әлгі қалыптарға сай келсе болды, ұлтжанды деп атайтын құбылыс қалыптасып қалды.

Астын сызып айтайын, мұны қате деп тұрғаным жоқ. Бірақ осы құбылыс қаншалықты дұрыс? Ұлтжандылық тек осы мәселенің айналасында ғана ма?

Көшеге қоқыс тастамайтын адамды неге ұлтжанды деп айта алмайсыз? Біздің қоғамда ұлтжанды болу үшін міндетті түрде ел назарындағы тақырыптарды қозғау керек пе? Тіл деп ұрандаған адам мен көшеге қоқыс тастамайтын адамның қайсысы ұлтжанды десе, көп адам тіл деп ұрандаған деп жауап береді? Неге? Мұндай түсінікті бізге кім сіңірді?

Үйде отырып, баласына тәрбие беріп отырған ана, немересін арқалап жүрген ата, жас келінге ибалылықты үйретіп жүрген әженің ісі ше? Ұлтжандылық емес пе? Неге осы істерді ұлтжандылық деп айта алмаймыз?

Тілде бар да ділде жоқ дегендей, өкінішке қарай біз ұлтжандылықты тіліндегі сөзімен ғана өлшейтін болып алдық.

Ел алдында ұлт сөзін сөйлеп, экраннан[әлеуметтік желіден] тыс өмірде арақ ішіп, қызға барып, көшеге түкіріп, туыстарымен ұрысып, баласына боқтау үйретіп, досын сатып, бауырын өсектейтін болса да ол тілім деп жылап, елім деп еңірегені үшін ұлтжанды дер құрметтеп төрге отырғызамыз.

Бұл бәрімізге таныс. Әсіресе журналистер жақсы түсінеді.

Қазақша дұрыс сөйлей алмайтын қазақ досым бар. Үнемі балалар үйіне барайық деп маған тыныштық бермейді. Қымбат ойыншықтар алады. Жетімдерді қуантады. Қазақша нашар сөйлеген үшін оны ұлтжанды деп айта алмаймыз ба сонда? Балалар үйіне барғаны ұлтжандылық емес пе?

Қазақ даласындағы жетімдерге қамқорлық танытып, көңілін көтеріп басынан сипап жүр. Егер бұл ісін ұлтжандылық дей алмасақ оның бұл ісі қалай аталады?

Адамдық, мейірімділік, қамқорлық деп аталса… неге ұлтжандылық де атауға келмейді? тілім демегені үшін, жерім демегені үшін бе?

Сонымен жоғарыда түсінбейтін нәрсем дедім ғой. Түсінбейтінім осы. Қызық. Мүмкін 40-қа толғанда түсінермін. Әзірге іздене берейін.

Берік Сұлтанның facebook парақшасынан

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз