Әлия – Алматы облысы Нұра ауылында туып, сол арада білім алған. Алматыда политехникалық колледжді тәмамдаған соң, киноакадемияда білім алады. Сөйтіп «Ritox» сауда үйінің өңірлік менеджері болып жүріп 28 жасында Дубайдың үндісіне күйеуге шығады.
Ол 2014 жылдан бері Дубайда өмір сүреді. Сөйткен Әлия Ахсутова таяуда елге оралып, сұқбат берді.
– Қазақта қыз тұрмысқа шықса, жігіт артынан қалың мал әкелуі керек қой. Ал үндістерде, керісінше. Қыз жақ қалың мал әкеледі. Көп алтын мен ақша түрінде. Немесе көлік, пәтер түрінде де болады. Үндістанда қалыңдық жаңа үйіне көп алтын мен ақша әкелді, енді бақты-дәулетті болады деген ырым бар. Ал алда-жалда ажырасқан жағдайда ол теңдей бөлінеді.
Бірақ бұл салттың ең жаман жағы бар. Кедей отбасы қызына қалың мал бере алмайды ғой. Сондықтан әлеуметтік жағдайы отбасылар әйел екіқабат кезде оның жынысын біліп, қыз болса аборт жасатып тастайды. Бұл – халықаралық дауға дейін ұласқан мәселе.
Одан тыс,
халық саны үлесінде Үндістанда еркек басым, үйленейін десе, қыз тапшы.
Сол секілді Үндістанда каста көп, әрқайсысының салт-дәстүрі түрлі-түрлі. Әрқайсының жүгінетін өз заңы бар. Әрқайсысы Құдайға әртүрлі жолмен құлшылық етеді. Каста тәртібі онда әлі сақталады. Көбіне үлкен кісілер, олар баласына әйелді тек өз кастасынан ғана таңдап алып береді. Ал жастар жағы дәстүрге онша мән бермейді.
Менің күйеуім жат кастасынан, олар өмір бойына жерді өңдеумен айналысқан. Сондықтан менің күйеуім де фермер болуы керек еді. Бірақ ол кәсібін өзі таңдап, елін 11 жыл бұрын тастап кеткен.
Әрине, бір мұнаймен араб елдері байып, халқының жағдайын жасап қойған. Ал Қазақстанда мұнайдан да тыс түрлі табиғи байлықтары бола тұра, халқы кедей өмір сүреді. Осы жағы ішіңді ашытады.
Арабтар патша секілді өмір сүреді, ал қазақтар болса, жарты метр жер мен басында баспана болу үшін өмір бойына еңбекке жегіледі. Араб елінде жаңадан туған сәбиді үкіметтің өзі ақшамен бөгіп тастайды, ал Қазақстанда еткен еңбегінің бір бөлігін туған баласына алу үшін қаншама құжат жинап, оны дәлелдеп тентіреп жүргені. Онда да қолға тиетіні арабтардың жанында тиын-тебен ғана.
Бір артықшылығы арабтар мұсылмандар болса да өз дінін қатты насихаттап, біреуге міндеттемейді, ал Қазақстанда намазға жығылатындар соңғы кездері қалай жүріп-тұруына дейін сөз қылатын болған ғой. Мен Алматыда жүріп, менің қалай жүріп-тұруымды дікіңдеп, нұсқаған жайттармен талай кездескенмін. Мұнда ондай жоқ. Бұл – мәдениетсіздіктің белгісі.
Мұнда сырттан келгендер көп (көбісі мигранттар), бірақ біреудің жеке өмірі ешкімді қызықтырмайды. Ал Қазақстанда мені қызғанғандар болды, кейбіреуі менімен сол үшін араласпай қойды, ал бірі шетелдікке тигенше бір қазақтың нақсүйері болған дұрыс еді ғой деп салған кезде болған.
Мұндағы адамдарды адамның бақыты емес, ел не дейді, сол қатты мазалайды. Осы менің жанымды қатты ауыртты. Біреудің өмірінен өзгенің не шатағы бар?
Мүмкін Кеңес үкіметінде барлық адам тең, бірдей болу керек деген түсініктен қалып қойған шығар. Қазір заман өзгерді, бірақ көбісі ескі түсінікпен өмір сүреді, бұл дұрыс емес.
Қазақстанға оралғым-ақ келеді, бірақ орта мені кеудемнен итереді. Біріншіден, менің өз отбасым: „Неге шетелдікке күйеуге шығасың, қазаққа тимедің бе„ деп есімді шығарады. Екіншіден, күйеуіме Қазақстаннан жұмыс табыла қоюы екіталай. Бірақ ешқашан үмітіңді үзбе деген ғой. Алдымызда бізді не күтіп тұрғанын білмейміз ғой. Қазақстан – менің елім, ата-анам тұратын төркінім. Бастысы осы.