Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Ауыл шаруашылығы министрлігі аграр-ғалымдардың ауыл шаруашылығының құлдырап кеткені туралы айтқан сынына жауап берді. 1 бөлім.

Ауыл шаруашылығы

6 сәуірдегі “Жер комиссиясының құрамына аграрлық сала ғалымдары кірмеген – ауыл шаруашылығына кім көмектеседі?” атты мақалада Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті Ғани Қалиев мемлекеттің жалпы аграрлық ғылым және ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысын сынға алды.

Академия ұжымы ескертулері мен ұсыныстарын премьер-министр Асқар Маминге  жолдады. Ғалымдардың пікірінше, жер комиссиясы ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге жалға беру және сату мәселесін шешуді көздейді. Дегенмен, бұл сала түбегейлі өзгерту енгізуді қажет етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары ғалымдардың өтінішінде көтерілген ең өзекті мәселелерге жауап берді.

Өзіңіз қаламадыңыз ба?

“ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының мүшелері мен аграрлық бейіндегі ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның құрамына неліктен шақырылмады? Олардың қатысуы көптеген қиындық туғызатын мәселелерді нәтижелі және жоғары деңгейде талқылауға мүмкіндік берер еді”, — дейді ғалымдар.

— Жер реформасы жөніндегі комиссияның құрамына кіретін тұлғалардың тізімін жасаудың басты өлшемдері Мемлекет басшысының 2021 жылдың 25 ақпанындағы Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында берген тапсырмасынан туындады, – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабында. – Тапсырмада аграрлық сектордың беделді өкілдерінен және жер қатынастары саласындағы сарапшылардан Жер реформасы жөніндегі комиссия құру туралы айтылды.

Комиссия мүшелерінің көпшілігі агрономдар мен топырақтанушылар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында да ғылыми дәрежелері бар.

Комиссия құру кезінде аграрлық мәселелермен айналысатын бірқатар ғалымдар түрлі себептермен қатысудан бас тартты,

оның ішінде қазіргі эпидемиологиялық жағдай да бар.

Сонымен қатар, комиссия жұмысының қарқындылығын арттыру үшін жер реформаларының экономикалық және құқықтық негіздемелері бойынша жұмыс топтары құрылды, олардың құрамына орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақ АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары және салалық бағыттардың өкілдері кірді.

Экономикалық негіздемелер бойынша жұмыс тобын ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Ақылбек Күрішбаев басқарады. Құқықтық бөлігіне – Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Ерлан Барлыбаев жетекшілік етеді.

Жұмыс топтарының отырыстарына әрбір тілек білдіруші шақырылған қонақ ретінде қатыса алады және Жер туралы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша өз ұсыныстарын айта алады

Комиссия отырыстары Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында және Facebook әлеуметтік желісінің парақшасында тікелей эфир режимінде барлық халық үшін ашық түрде өткізіледі.

Оң динамика

“Еліміздің ауыл шаруашылығының тиімділігі төмен және бәсекеге қабілетсіз. Негізгі себептерінің бірі – инновацияларды енгізуге жағдай жасалмауына байланысты еңбек өнімділігінің төмендігі. Бұл экономикалық дамыған мемлекеттермен салыстырғанда 5 есе төмен”, – дейді ғалымдар.

– Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі соңғы 5 жылда — 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін – екі есе өсіп, жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда 2 млн 5 мың теңгені құрады (2019 жылдың орташа жылдық бағамы бойынша 6,4 мың АҚШ доллары).

Бұл өсім негізінен заманауи технологияларды енгізу есебінен орын алуда. Олар аралық шығындарды азайтуға және жалпы қосылған құнды арттыруға мүмкіндік береді.

Өсімдік шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттырудың негізгі өлшемдері мыналар:

  • тұқымның сапалы болуы. Оларды пайдалану деңгейі 2010 жылдан бастап 2020 жылы 72,7%-дан 92,8%-ға дейін ұлғайды;
  • ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі – 2%-дан 4,1%-ға дейін;
  • тыңайтқыштарды қолдану – ғылыми негізделген нормада 7%-дан 22%-ға дейін артты.

Бұл нәтижелерге агроөнеркәсіптік кешенге көрсетілген мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткізілді. Мәселен, техникалық жаңарту мақсатында Министрлік төмендегідей қаржы құралдарын жүзеге асыруда:

  • инвестициялық субсидиялау
  • ауыл шаруашылығы техникасын, жабдықтарын және ауыл шаруашылығы малдарын сатып алу кезінде несиелер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау
  • “ҚазАгроҚаржы” АҚ арқылы жеңілдікпен несие беру.

Нәтижесінде тек 2020 жылдың өзінде 15,3 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда үш есе артық

Жоғары өнімді комбайндарды сатып алу үрдісі байқалды. Бүгінде олардың саны шамамен 20 мың бірлікті немесе барлық комбайндар санының 40%-ын құрайды. Мұндай комбайндар өткен жылы егіс алқаптарының 60%-дан астамын жинады.

Саланың жалпы өнім көлемінің өсуі

– Сонымен қатар базалық субсидиялар бойынша субсидиялау көлемін арттыру есебінен 2025 жылға қарай:

  • ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін — 4,1%-дан 6%-ға дейін
  • минералды тыңайтқыштарды қолдануды – ғылыми негізделген нормадан 22%-дан 30%-ға дейін
  • IV репродукцияға дейінгі жоғары сапалы тұқымдарды отырғызу деңгейін — 93%-дан 97%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

Мал шаруашылығында басты факторлардың бірі ұйымдастырылған шаруашылықтардағы ірі қара мал басының үлесін арттыру және оларды тұқымдық түрлендіруге қатыстыру болып табылады.

Мал шаруашылығы саласында жүргізіліп жатқан жүйелі шаралардың арқасында ұйымдастырылған шаруашылықтардағы ірі қара мал басының үлесі жыл сайын артып келеді. Бүгінде ол жалпы мал басының 46%-ын құрайды. Салыстыру үшін: 2010 жылы бұл көрсеткіш тек 19%-ды құраған болатын.

Өткен жылғы пандемия кезіндегі дағдарысқа қарамастан, саланы техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру АӨК саласындағы барлық дерлік макрокөрсеткіштер бойынша оң бағыттағы өсу серпінін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 5,6%-ға артып, 6,3 трлн теңгені құрады

Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең жоғары өсім. Сонымен қатар, азық-түлік өнімдерінің өндірісі 4%-ға өсті.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар ағыны 15%-ға, тамақ өнімдері өндірісіне – 13,5%-ға ұлғайды. Нәтижесінде АӨК бөлінген инвестициялардың жалпы көлемі жоспарлы мөлшерінен 154,2 млрд теңгеге асып, 677,2 млрд теңгені құрады.

АӨК өндірісінің өсу көлемі қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының ұлғаюымен расталады. Ол 22%-ға өсіп, 1,3 млрд АҚШ долларын құрады. 2019 жылы көрсеткіш 1,1 млрд теңгені құрады.

Болашаққа жоспарлар

Жүргізіліп отырған саясаттың тиімділігін Британдық Economist журналы жасаған Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингі де растайды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша

Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 16 орынға көтеріліп, Түркия мен Бразилияны басып озып, әлемнің 113 елінің ішінен 32-орынды иеленді

Мемлекет басшысының 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы бойынша келесі бесжылдыққа АӨК дамыту жөніндегі жаңа Ұлттық жобаны әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоба міндеттерінің бірі еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру болады.

Осы міндетке қол жеткізу мақсатында мынадай жоспарлар жасалды:

  • саланы техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруға баса назар аудару
  • қолжетімді қаржыландыру, жер қатынастары, аграрлық ғылымды дамыту, саланы цифрландыру мәселелерін, сондай-ақ шикізаттың ғана емес, оны қайта өңдеудің экспорттық әлеуетін дамыту мәселелерін пысықтау
  • егістік алқаптарын әртараптандыруды, суармалы жер ауқымын ұлғайтуды, оның ішінде рентабельділігі жоғары дақылдарға көшу
  • озық технологияларды тартуға және қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа инвесторларды тарту бойынша жұмыстарды жалғастыру.

Жоғарыда айтылғандардан басқа, келесі жылдан бастап АӨК субъектілерінің ғылыми әзірлемелерді енгізуге жұмсалған шығындарын субсидиялауды енгізу жоспарлануда. Бұл заманауи технологиялар мен инновацияларды енгізуге қосымша экономикалық қызығушылық тудырады. Оның ішінде бизнес пен ғылымның интеграциясын қамтамасыз етеді.

Бесжылдыққа құрылған осы аталған барлық жетістіктер мен жоспарлар қуантпауы мүмкін емес. Бірақ ауыл шаруашылығы министрлігі Қалиевтің қазақстандық ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі экономикалық дамыған елдерден бес есе төмен деген сөзін жоққа шығарған жоқ. Әңгіме негізгі көрсеткіштердің әлдебір өсуі туралы болып отыр. Оның ішінде сала өнімдері бағасының өсуі де бар. Оны маусымдық емес кезеңдерде қатардағы тұтынушының қалтасы көтермейді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз