Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Асылы Осман: “Ассамблеяның әрбір мүшесі “Рухани жаңғыру” бағдарламасын насихаттауға атсалысуда”

266

– Асылы апай, сіз Ассамблеяның белсенді мүшелерінің бірісіз. Айтыңызшы, бұл ұйымның атқарған жұмысы елі­міз­дің бірлігіне, түсіністігіне, теңдігіне қаншалықты әсер етті?

– Білетін болсаңыз, «бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген түсініктің өзі осы Ассамблеяның кезекті құрылтайында пайда болған балам. Бұл нені білдіреді? Бұл осы елде тұратын барлық азаматтардың тағдыры ортақ, бағыты бір деген сөз.

Тағдырымыз бір болды екен, ендеше бірлікті болуымыз керек. Бір болуымыз керек.

Елбасының Ассамблеяның әрбір құрылтайында сөйлеген сөзіне мән берсеңіз, бәрі де осы бірлік пен татулықтың іргесін бекітуге бағытталғанын байқайсыз.

Ал тікелей сұрағыңа келер болсам, осы уақыт ішінде Ассамблея Қазақстанда тұратын жүздеген ұлт пен ұлысқа ұйытқы бола білді. Өзге ұлт өкілдері де то­пырақ иесі, ел иесі – қазақ халқы оларды қа­лай қастерлесе, дәл солай қадірлеп, қас­тер­леп өтуі тиіс. Шыны керек, қазақты сүйемін, құрметтеймін деп айтатындар өте көп, алайда нақты іс жүзінде қауым болып баршамыз топтасқан түрде осы ниетте болғанымыз жөн.

Жеке бастың мүддесі ешқашан да татулық пен бірліктен жоғары тұрмауы керек. Айналып келгенде бұл саяси мәселе.

– Сөзіңіздің жаны бар. Жалпы осы елде тұратын барлық ұлт пен ұлыстың тағдыры бір десек, тиісінше тіл де ортақ болуы керек. Сіз «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымысыз. Қазақ тілін қолданысқа енгізуде қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Бұл бағытта Ассамблеямен қойын-қолтық  жұмыс істеудеміз. Өзіңіз де білетін боларсыз, мен әрдайым тұрған елдің тілінде білім алып, оқиық деп насихаттап жүрем. Бастысы ілгерілеушілік бар. Біздің бірлестік қолға алған бастамаға Ассамблея да мұрындық болып, қоғамдық мүддеге қызмет етуде.

– Ассамблеяның мақсат-міндетін, жалпы оның қызметін барлығымыз жақсы білеміз. Бірақ, біздің естуімізше ұйымның халалық жерлерде ғана орталықтары бар екен. Болашақта бірлікті бекіте түсуге ұйытқы болатын Ассамблея филиалдарын ауыл­дық аймақтарда да ашу жөнінде көзқарасыңыз қандай?

– Негізінде, еліміздегі барлық аймақтарда әр ұлттың мәдени орталығы бар. Сіз айтқан мәселені мен де біраздан бері көтеріп келемін.

Жағдай өзгеріп жатыр. Айталық, көптеген өңірлерде, оның ішінде ауылдарда, аудандарда Ассамблея күндері аталып өтіледі. Ірі-ірі деген ауылдық округтерде, түрлі ұлт өкілдері тұратын елді-мекендерде Ассамблея орталықтары ашылуда.

Дегенмен, өз басым мұндай идеяға біржақты баға бере алмаймын. Құптай алмаймын. Неге? Себебі, бір қазақ ауылында бес шаңырақ әзір­бай­жан, бес-алты үй орыс, бес-алты, он шақты үй ұйғыр, түрік тұрса, осының әрқайсысы бө­лініп, мен әзірбайжанмын, сен ұйғырсың, сен орыссың дегеннен не табамыз, бұдан қандай пайда? Мемлекет басшысы айтқандай, біздің тегіміз бөлек бол­ған­мен, теңдігіміз бір. Ендеше Қазақстан өзге ұлт­ты бөтенсімей, барлық жағдайын жасап, ер­кіндіктің кілтін қолымызға беріп отырған­да, ауылдағы айрандай ұйып отырған аға­йын­­дарды бөле-жарудың қандай қажеті бар?

– Ассамблея осы күнге дейін өзіне жүктелген ең ауыр міндеттерді толықтай атқарып болған сияқты, сіздің ойыңызша ендігі жерде бұл ұйымға қандай міндет жүктелуі керек?

– Дұрыс айтасыз. Ұлтты ұйыстыруда, татулық пен бірліктің іргетасын қалауда Ассамблея үлкен жұмыс атқарды. Бәлкім, сырт көзге бұл көрінбейтін шығар, бірақ өткенге көз жүгіртсек елдегі бірлік пен ынтымақты сақтау бағытында ауқымды істер атқарылғанын аңғарасың.

Өз басым ендігі жерде Қазақстан халқы Ассамблеясының әр мүшесі өзі және өзінің айналасына қазақтың жан дүниесін ұғып, түсіну деген миссияны міндеттеуі тиіс деп санаймын.

Анығында, Елбасы­мыз қазақтың ұлы болғаннан ке­йін ғана Қазақстан бүгінгі сипатқа ие бо­лып отыр. Ашығын айтайын, егер өзге ұлттың ұлы болса, мұн­дай кеңдік пен теңдікке қол жеткізе алмас па едік, кім білсін. Мемлекет басшымыз тек қазақ халқы үшін ғана емес, Қазақстандағы мекендейтін барлық ұлт пен ұлыс үшін қызмет етіп келеді.

Ұлт көш­басшысы Нұрсұлтан На­зар­баев кең­діктің, теңдіктің, дарқан көңілдің, бақытты, баянды елдің белгісі, символы болып отыр.

Тағы бір дау тудырмас ақиқат қазақ достыққа адал, қазақ достықты сақтай біледі. Ендеше өзге ұлт оның дәм-тұзын ақ­­тай білуі тиіс! Қазақ даласына сонау 40-жылдары қоныс аударғанда жартысын жа­рып, бүтінін бөліп жеген қасиетті қазақ хал­қының арқасында бүгінгі дәрежеге жеттік. 

Елбасымыздың: “Қазақ хал­қы – мемлекет құраушы, ұйыс­тырушы ұлт” деген сөзін ойларыңызға өзек етіп тұрғындар арасында “Қазақ халқы – мем­лекет құраушы ұлт” деген тақырыпта жиындар өткізген екенсіздер. Нәтижесі қандай болды?

– Енді мұндағы мақсат ел ішінде орын алып жатқан оң өзгерістерді, жағымды жетістіктерді, мемле­кетті құраушы қазақтан басқа балама ұлттың жоқтығын кеңінен насихаттап, барша қазақстандықтарды мемлекет құраушы ұлт төңірегіне топтасуға шақыру болатын. Сонымен қатар осы жолдың дұрыс екендігіне жұртшылықтың көзін жеткізсек, ұғындырсақ деген мақсатымыз болды. Мақсатымызға жеттік те. Кемел келешек пен жарқын болашаққа жету үшін Елбасымыз­дың жүйелі саясатын ту етіп, тұ­рақ­тылығымыз бен бірлігімізді бе­кем­дей түсу – қазақ ұлтының ай­наласына топтасуға жеткізері анық.

Елбасымыдың салиқалы да салмақты саясатын қиыннан қиюластырып түсіндірудің қажеті жоқ. Бұл өте қарапайым саясат.

Қазақстан халқын бөліп-жармай теңдікте ұстау. Елімізде тұратын барлық ұлт пен ұлыс Мемлекет басшысының осы мақсатын жүрегімен сезінсе, жанымен ұғынса бұдан асқан бақыт жоқ.

Одан еш­кімнің ештеңесі кетпейді. Қайта қайтарым ретінде бірлігіміз нығай­ып, ел арасында мәртебеміз көте­рі­ліп, сыйластығымыз артып, ме­рейі­міз жоғары болады. Мұ­ның жаршысы алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясының мү­шелері болса, нұр үстіне нұр. Яғни, ұлттық қасиетті қадірлеп, құрметтей оты­рып, әр тасында та­рихтың таңбасы бар Қазақ елін та­нып, туған Отанымызға деген сү­йіспеншілікті арттыра, патриоттық сезімді жастар бойына дарыта қалыптастыра білсек, ұтарымыз көп болмақ.

– Елбасымыздың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын оқыған боларсыз?

– Әрине. Ассамблея мүшесі ретінде айтарым Мемлекет басшысының осы мақалада көтерген мәселелері мен бастамалары Қазақстандағы 30 дамыған елдің қатарынан көрсетуге септесетін болады.

Бұл мақала менің түсінігімде барша қазақстандықтардың жүрегін жібітіп, елге, жерге деген өзінің ерекше патриоттық сезімін оятқандай болды. Туған жер деген тамаша идеяның тууына себепкер болды. Бұл – бір ғажап дүние.

Сендердің естеріңде ме екен, бір уақыттары теледидардан «Туған өлке» деген хабар көрсетілетін. Міне, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында осындай танымдық жобаларды жаңартып, жаңғыртуымыз керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтып жатқан жаңалығы, бастамалары сол бағдарламалар арқылы халыққа жеткізілуі тиіс. Дегенмен, осы бағдарламада көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға келгенде баршамыз бір кісідей болып, жүзеге асырсақ деймін.

Жасырары жоқ, соңғы жылдары рухани жағынан сәл болсын кемшін тартып қалдық. Елбасымыздың рухани жаңғыру мақаласы арқылы сол олқылықтың орнын толтыратын кез келді ендеше.

Неге? Себебі, экономика, саясат барлығы жасалып жатыр. Бұдан былай ұлттың өзіндік кодын көрсететін рухани қасиет дамытуымыз керек.

– Бұған қалай қол жеткіземіз?

– Мұның бір ғана жолы бар. Бұл үшін біз біртұтас бір ұлт болуымыз керек.

Тұтас ұлтқа арналған сананы қалыптастыруымыз керек.

Сонан кейін барып, ұлттық мүдде болу керек. Елдік мүдде болуы керек. Мемлекеттік мүдде болуы керек. Елбасымыз соны биылғы мақаласында орынды көтеріп кетті.

– Осы мақалада Елбасымыз алдағы жылдары біртіндеп латын әліпбиіне көшетінімізді айтты. Бұл ретте Ассамблея мүшелері бұл бастаманың маңызы мен мақсатын жұртшылыққа қаншалықты насихаттауда?

– Күні кеше осы мәселеге байланысты Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Алматы облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы, тіл жанашыры ретінде қазақ тілін латын графикасына көшіруді толығымен қолдаймын.

Мәселен, кириллицаның ь, ъ, ю, ц сияқты әріптері бізге не үшін керек? Мұның барлығы мемлекеттік тіліміздің қайта шұрайлы болуына тұсау болып келді. Оны да айтқанымыз жөн. Өз басым тіл маманы ретінде осы мәселені айтпасам, өзіме кінә санаймын. Дұрыс түсініңіздер, біреуді жамандаған да емес, даттаған да емес бұл. Тек шындық. Ал қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін, ішкі дүниесі мен мазмұнын осы латын қарпімен толық көрсетуге мүмкіндік бар. Осы жиынға қатысқан Ассамблеяның мүшелері бір мәселені атап өттік. Қазақ тілін латын графикасымен таңбалағанда қазақ сөздерінің әуезділігін барынша сақтау қажет.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы жылғы XXV сессиясы «Жаңғыртудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» атты тақырыппен өтті. Өзіңіз де сөз сөйледіңіз. Жалпы сіздің ойыңызша жаңғырту дегеніміз не? Оның түп тапыры неде жатыр?

 –«Жаңғыртудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы атының өзі айтып тұрған негізгі ортақ тақырыптар. Жаңғырудың негізі – меніңше тұрақтылықта, ынтымақта және келісімде жатыр.

Дәл қазіргі таңда біз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүрудеміз. Тұрақтылық дегеніміз сол. Бірлігімізге шүкір, келісіміміз жүріп жатыр. Міне, сол идеямыз ары қарай жалғаса берсін. Алла тек көп көрмесін!

 

Кейіпкер туралы анықтама:

Асылы Әлиқызы ОСМАН

1941 жылы 13-тамызда Грузин ССР-і, Ахалкалак ауданы, Хавет селосында дүниеге келген. 1944 жылы ол отбасымен бірге Қазақстанға, Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Жаңаталап колхозына көшіріледі. Жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін Түркістандағы педучилищеге оқуға түсіп, мектепте сабақ берген. 1963 – 1967 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік Қыздар институтында оқып, оны өте үздік бітіреді. 1973 жылы кандидаттық диссертация қорғады. 1973-1993 жылдар аралығында Қазақстан ҒА Тіл білімі институтында қызметте болды. Монографиялар мен 200-ден астам ғылыми мақалалардың авторы.

2004 жылы Американың өмірбаяндық халықаралық зерттеу институты Асылы Әлиқызына «Әлемдегі 2004 жылдың ең таңдаулы әйелі» деген атақ берді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз