Даму және инвестиция жөніндегі министріміз Жеңіс Қасымбек Алматының әлі салынбаған Үлкен айналма жолының (биліктің тілінде БАКАД дейді) ақылы болатынын айтыпты.
“Концессиялық БАКАД автожолының құрылысы бойынша ақырғы келісімшарт жасалмақ. Жеңімпаз консорциум анықталды, ол төрт компаниядан тұрады, біреуі оңтүстіккореялық, біреуі Түркияныкі“, — деді Жеңіс Қасымбек.
Министрдің сөзінше, инвесторлар табылып, бәрі нақтыланды.
“Форс-мажор болған еді. 2016 жылы теңге бағамы күрт өзгеріп, келіссөздер қиындап кеткен еді. Енді жолды түркиялық және корейлік консорциум салатын болды“, — деп қосты шенеунік.
БАКАД құрылысы желтоқсан айында басталады. Құрылыс 2025 жылға дейін жалғасады деп көзделген. Оның құны шамамен 180 миллиард теңгеге түспек.
“Осы айдан бастап іске кірісеміз. Ал көктемде күн жылына салысымен құрылыс басталып кетуі тиіс“, — дейді ол.
Бірақ бұл жол ақылы болады екен.
“Бұл – балама жол. Сондықтан ол ақылы болады. Алматының ішіндегі көлік кептелісінін азайтуға да септігін тигізеді“, — деп қосты министр.