Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
6
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Алматылықтар тым тік мінезді — Өзбекстаннан келген қазақ

299

— Өзіңіз туралы айтып берсеңіз — қай жақтан келдіңіз? Неге Қазақстанға келемін деп шештіңіз?

— Мен Өзбекстанда, Ташкентте тудым. Шетелде жоғары білім алу менің арманым болатын. Білім беру көрмесінде Орталық Азия аймағында дәрежесі биік қазақстандық жеке жоғары оқу орындарының бірі туралы білдім. Шетелдік студенттер үшін оқу грантын жеңіп алдым.

Этникалық қазақ болғандықтан тарихи отанда оқу екі есе қызық болды

Мұнда бакалавр дәрежесін алдым, қазір магистратурада оқып жатырмын.

— Алматыдағы студенттік жылдар несімен есте қалды?

— Екінші курста оқып жүрген кезімде студенттер арасында университеттің жабылатыны туралы алып-қашпа әңгіме жүрді. Сол кезде қатты уайымдадым. Оқуды қалай жалғастыруға болатын жолдарды іздей бастадым. Бақытымызға орай, біздің ЖОО өз қызметін жалғастырды. Осы жылдар ішінде көптеген жарқын сәттерді бастан кешірдім, жақын достар таптым, көп тәжірибе жинақтадым.

Жақында Мен Erasmus Mundus алмасу бағдарламасының стипендиаты болып, Шотландияда оқып келдім. Еуропаны көру арманым болатын. Міне, сол арманым да орындалды. Менің ойымша, еуропалық жастар өз таңдауында еркін, бізге қарағанда шектеулері аз, сондықтан жастық кезеңдері де қызықты өтетін сияқты. Бірақ, мен ол жаққа барғанда мәдени шок алдым.

Артық еркіндік адамға кері әсер еткен кездерді көптеп байқадым

Не дегенмен, отбасымызбен берілген, қоғам қалап берген негіз көзқарастарымызды айқындайды. Сол жақта жүріп мен еуропалық жастар мен біздің көзқарасымызда үлкен айырмашылықтар бар екенін байқадым.

— Қазақстанға бейімделу кезінде қиындықтар болды ма?

— Бастапқыда бейімделу оңай сияқты болып көрінді, себебі бәрі маған жақын сияқты болды. Шын мәнінде қиындықтар көп болды. Мысалы, қазақ тілі. Өзбекстанда қазақ тілін жақсы білетін сияқты едім. Бірақ Алматыға келген соң менің жергілікті акцентім көпке бірден білінетінін аңғардым, кейбірі тіпті не айтып жатқанымды түсінбейтін. Ташкентте жергілікті қазақтар өзбек сөздерін араластырып сөйлейтін. Тіпті таксистермен түсініспей қалатын кездеріміз болған. Екіншіден, адамдар.

Қазақстанның басқа аймақтарында қалай екенін білмеймін, бірақ Алматыда олар тік мінезді көрінді

Өзбекстанда адамның кемшіліктерін бетіне айтпайды, ал мұнда айта салады екен. Бір жағынан, бұл дұрыс та шығар — ойыңды тіке айту, екінші жағынан — бұл адамның жүрегін жаралауы мүмкін ғой. Осы тұрғыда кішкене қиындық болды.

— Ал экономикалық тұрғыда қалай? Шетелдік студент ретінде сіз өз қаржыңызды қалай жоспарладыңыз?

— Шетелдік студентке Қазақстанда жұмыс табу екі есе қиын. Әлі есімде, Қазақстанға келгеннен кейін танымал жерлерге барып, көргім келді. Нәтижесінде екі апта ішінде барлық ақшамды жұмсап жіберіппін, бұл маған келесі жылдарда сабақ болды. Оған қоса, мен тамақ дайындай алмадым, кафелерде тамақтануға тура келді — бұл да шығын. Сондықтан да бірінші каникул кезінде мен осы кемшілікпен жұмыс істедім. Айтпақшы, тамақ пісіре алу Шотландияда да құтқарды.

Жатақханада басқа елдерден келген студенттерді біздің шығыс тағамдарымызбен тамақтандырдым. Оларға өте ұнады

Бұдан басқа, бірінші курста тәжірибе жинақтауға басты назар аударуды шештім. Көптеген тәжірибеден өтіп, өз қарым-қатынас аясын кеңейте бастадым. Содан кейін магистратураға түсіп, оқу мен жұмысты біріктіре бастадым. Бұл тұрғыда университетте қолдау жүйесі жұмыс істейді: ЖОО әкімшілігі студенттерді оқытушылардың, кафедралардың, спорт орталығының ассистенттері етіп жұмысқа орналастырады. Кампуста оқуды жұмыспен ұштастыру мүмкіндігі бар. Бұдан басқа, кейінірек мен басқа жобаларда да табыс таба бастадым.

— Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

— Әзірге нақты жоспар жоқ. Бакалаврда оқып жүрген кезімде Қазақстан азаматтығын алуға құжаттар тапсырғым келді. Бірақ уақыт өте келе Ташкентте жұмыс істей тұрамын деп шештім, әрі қарай көре жатармыз. Қазақстанда білім алуға мүмкіндік берген тағдырыма ризамын.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз