Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

“Айтпай ма, басында!”. “Нұрлы жер” бойынша тұрғын үй құрылысы тоқтады

«Біз бұл жобаны іске асыруға өзіміздің қаржымызды жұмсап отырмыз. Сондықтан, баспана алуға тілек білдіргендер қаржыландыру мәселесін шешкенде ғана іске кірісетін боламыз. Ал, бұған дейінгі салынған үйлерге сұраныс болмағандықтан біз жаңа үйдің іргетасын қалауды тоқтаттық», – дейді мердігер «Ирина и К» ЖШС директоры Александр Корчинский.

Жергілікті билік жоғарыда аталған шағын ауданда барлық инфрақұрылымды тартып, үйді заман талабына сай салып берудің жолын тапқанымен іс алға басар емес.

Бұл жердегі бар мәселеге мемлекеттік бағдарламаға селқостық танытып отырған тұрғындардың өздері кінәлі екен.

Бұл – әкімдіктегілердің ойы. Ал халық ол үйді алғысы келеді-ау, бірақ қол қысқалығы алдыртпасын алдыртпай тұр. Айына 70 мың теңге төлеуге бұл жерде қабілетті адам саусақпен санарлық. Басты мәселе осында. Сондықтан құрылысқа кіріспестен бұрын осыны басынан неге шешіп алған дейміз де…

«Солтүстік» шағын ауданында жеке баспаналарды салып жатқан құрылыс фермалары биыл ғана іске қосылған «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жұмыс істеуде. Осы уақытқа дейін Заречный ауылында тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға кезекте тұрғандардың барлығына жерімен қосып дайын үй салып беретіндігі жөнінде бірнеше жиын өтті. Жұртшылық барлығынан хабардар болды. Өкініштісі сол олардың тарапынан осы уақытқа дейін ешқандай қызығушылық болған жоқ. Бұл үйлерді қаражаты барлар сол жерде сатып алуына болатын еді, қалтасы көтермейтіндер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы несие ала алады.

«Заң бойынша бұл баспаналардың әрбір шаршы метрі 120 мың теңгеден аспауы керек. Ал, баспаналарды салып жатқан екі фирма да 115 мың теңгені белгілеп отыр. Мұнда салынып жатқан үйлердің аумағы 90-нан 110 шаршы метр аралығында. 90 шаршы метр болатын үйдің жалпы құны – 10 млн 350 мың теңге. Сатып алушы жалпы құнының 30 пайызын алын ала төлеуі керек. Ол шамамен 3,1 млн теңгені құрайды. Одан кейін банкке ай сайын 70 мың теңге төлеп тұруы керек», – дейді «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қостанай облыстық бөлімінің директоры Ботагөз Қамарова.

Биыл 100 үй салуды көздеген жергілікті әкімдіктің жоспары тоқыраудың аз-ақ алдында тұр. Мысалы, соңғы дерек бойынша баспана алуға төлем қабілеттерінің барын растап шыққан 28 отбасы ғана болып отыр. Оның жетеуі жаңа салынған тұрғын үйді дайын ақшасына алуға ниетті.

2020 жылға дейін осында 279 баспана салу керектігін ескерсек, көкейге күмән оралады.

«Біз тығырықтан шығудың жолын табамыз. Сондықтан, бұл мемлекеттік бағдарлама орындалмай қалады деп байбалам салудың қажетті жоқ», – дейді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Мейрам Соқытбаев.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз