Air Astana әуе компаниясы Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты Біріккен Араб Әмірліктеріне рейстерді уақытша тоқтатты. Компанияның мәліметінше, 13 және 14 шілдеге жоспарланған KC897/898 Алматы – Дубай – Алматы рейстері, сондай-ақ 14 шілдеге жоспарланған KC205/206 Астана – Дубай – Астана рейстері орындалмайды.
«Әуе тасымалдаушысы жолаушыларға билет құнын сатып алынған орны бойынша толық қайтаруды немесе 12-18 шілде аралығына жоспарланған рейстерді 31 шілдені қоса алғанға дейін тегін қайта брондауды ұсынады», – делінген хабарламада.
Air Astana рейстер кестесіндегі алдағы өзгерістер туралы қосымша хабарлайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ компания Таяу Шығыстағы жағдайды жіті бақылап отырғанын және жолаушыларды елге қайтару мәселелері бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.