Нұр-Сұлтан
Қазір
12
Ертең
15
USD
456
+0.46
EUR
529
+1.85
RUB
5.25
0.00

Туған ауылына тәртіппен бірге спортты серік еткен полицей

Мұхамедқали Садуақасов ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2012 жылы жылдам қимылдайтын арнайы жасақ бөлімінен бастаған. Биыл наурыз айынан бастап туған ауылына учаскелік полиция инспекторы болып оралып, ел тыныштығын қамтамасыз ету ісіне білек сыбана кірісті.

Туған жерге туын тіккен тәртіп сақшысы ең алдымен ауылдың ахуалын зерделеп, жергілікті билік өкілдері және ауыл ақсақалдарымен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған жұмыстарды қолға алды.

– Ауылдық жердегі басты мәселелердің бірі – мал ұрлығының алдын алу. Осы бағытта жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірқатар жұмыстар атқардық. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыс жолға қойылды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында Талды ішімдіксіз ауыл атанды, – дейді учаскелік полиция инспекторы Мұхамедқали Садуақасов.

Полиция капитанының айтуынша, ауылдағы тәртіптің сақталуы тек құқық бұзушылықтың алдын алумен шектелмейді. Әсіресе жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды тетігі.

Осыны ескерген учаскелік инспектор Талды ауылдық округінің әкіміне ұсыныс айтып, бос тұрған үйді жастардың спортпен шұғылдануына арналған жаттығу залына айналдыруды қолға алған.

Өзі жауынгерлік самбодан спорт шебері болған Мұхамедқали Садуақасов енді жинаған тәжірибесін ауыл балаларына үйретуді мақсат етіп отыр.

– Өзім жауынгерлік самбодан спорт шеберімін. Сондықтан білгенімді жастарға үйретіп, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасағым келді. Бала тәрбиесіне арналған спорт залын ашу – көптен бергі арманым еді. Бүгінде сол арманымды жүзеге асырып жатырмын. Алдағы уақытта осы жерден елдің тыныштығын күзететін, заң мен тәртіпті ту ететін жастар шықса, еңбегімнің ақталғаны, – дейді ол.

Жаңа спорт залдың ашылу салтанатына Қарағанды облысы Полиция департаменті мен аудандық полиция бөлімінің басшылығы, аудан әкімі, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Талды ауылдық округінің әкімі Нұрлан Абжанов бұл бастаманың ауыл жастары үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Осыдан екі-үш ай бұрын ауылдың учаскелік полиция инспекторы Мұхамедқали Садуақасов жастарды спортқа баулып, олардың талабын ұштайтын зал қажет екенін айтып, ұсыныс білдірді. Біз бұл бастаманы қолдадық. Бүгін сол жұмыстың нәтижесінде спорт залын ашып отырмыз. Бұл – полиция тарапынан балалардың болашағына көрсетілген үлкен қолдау. Осы бастаманы жүзеге асыруға атсалысқан полиция бөлімінің басшылығына және Полиция департаментіне алғысымды білдіремін, – деді ауыл әкімі.

Қызмет бабында жүріп, талай байрақты бәсекеде топ жарған тәртіп сақшысының ендігі мақсаты – өзі ашқан спорт залында жаттыққан әр баланың биіктен көрінуі.

Ал жаңа залдың ашылуына куә болған ауыл жастарының жүзінен қуаныш пен үміт байқалды.

– Ауылымызға Мұхамедқали ағамыз қызмет бабымен ауысып келгелі бері Талды ішімдіксіз ауыл атанды. Бүгін жастарға арналған спорт залдың ашылып жатқанына да қуанып отырмыз. Осындай бастамамен ауылымызға еңбек ететін азаматтар көп болса екен, – дейді ауыл тұрғыны Айдар Қамиев.

Туған жеріне қызмет ету – елге қызмет етудің ең биік үлгісі. Ал қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді жастардың тәрбиесімен ұштастырған Мұхамедқали Садуақасов үшін полицейлік міндет пен азаматтық парыздың түйісер тұсы да осы.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз