Астанада екі күннің ішінде айлық жауын-шашын мөлшерінің шамамен 70%-ы түсті. Қала әкімдігі көшелерді су басқан нөсерден кейін қанша жауын-шашын жауғанын мәлімдеді. Әкімдіктің мәліметінше, 23 шілдеде Астанада 18,2 мм жауын-шашын түскен. Бұл айлық норманың шамамен үштен бірі. Ең қатты нөсер небәрі 22 минутқа созылып, осы уақыт аралығында 11,4 мм жауын жауған.
Ал 22 шілдеде елордада 20,8 мм жауын-шашын тіркелген. Осылайша, екі күн ішінде қалаға барлығы 39 мм жауын жауып, бұл айлық норманың шамамен 70%-ы болды.
Еске салайық, 23 шілдеде Астанадағы нөсер мен найзағай салдарынан бірнеше көшені су басты. Кейбір жолдарда көлік қозғалысы қиындап, LRT станцияларының бірінде төбеден су ақты. Соған қарамастан, қала тұрғындарының көбі бірнеше күнге созылған аптап ыстықтан кейін жауған жаңбырдың салқын леп әкелгенін айтты.