Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) құрылғанына 30 жыл толады. Осы мерейтой қарсаңында ұйымның жас белсенділері атқарылған ауқымды жұмыстарды тілге тиек етті.
ҚХА жанындағы Жас ғалымдар клубының тең төрағасы Анель Пимичеваның айтуынша, бүгінде ҚХА – елімізде тұратын түрлі этнос өкілдерін біріктіретін алаң ғана емес, мәдениет, ғылым, білім және өзара ынтымақтастықты нығайтатын маңызды институтқа айналды.
«Бізде жас ғалымдар клубы құрылды. Осы уақыт аралығында біраз жұмыс атқардық. Этномәдени бірлестіктердің қызметін, әр этностың өзіндік ерекшеліктері мен мәдениетін зерттедік. Бұл зерттеулер этносаралық татулықты нығайтып қана қоймай, жас ғалымдарға этномәдениет пен этносаясат бағытында құнды ақпарат алуға мүмкіндік берді», – дейді ол.
Анель – орыс ұлтының өкілі, Қостанай қаласының тумасы. Дегенмен ол өзін «қазақтың орыс қызымын» деп таныстырады. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген ол қоғамдық қызметпен қатар қазақ тарихын зерттеумен де айналысып келеді.
«Менің басты мақсатым – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту. Бұл бағытта бірнеше жобамыз бар. Атап айтқанда, медиа саласында, балаларды оқытуда және белгілі тұлғалардың қолдауымен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, Қазақстанның киберспорт федерациясымен бірлескен жобаны қолға алдық. Биыл мамыр айында елімізде киберспорттан халықаралық жарыс өтеді. Біз осы іс-шарада жұмыс істейтін комментаторларды қазақ тілінде даярлап жатырмыз. Бұл қазақ тілінің байлығын әлемге танытуға жасалған маңызды қадам», – дейді Анель.
Сонымен қатар, ол қазақ тілін үйренгісі келетін өзге ұлт өкілдерінің санын арттыру үшін интернеттегі қазақша контентті көбейту қажет екенін атап өтті.
«YouTube пен әлеуметтік желілерде қазақ тіліндегі бейнематериалдарды көбейту керек. Қазіргі мультфильмдер мен кинофильмдердің қазақша дубляжбен шығуы мені қуантады. Енді интернет-стримдерге ерекше көңіл бөлетін уақыт келді», – дейді жас ғалым.
Анель алдағы уақытта әріптестерімен бірге қазақ тіліндегі сапалы контентті тікелей эфирде тарату қызметін дамытуды жоспарлап отыр.