Қазақстан ғалымдары дәстүрлі темекіден гөрі, қыздырылатын темекіге ауысудың ауыз қуысының шырышты қабығына, қызыл иекке және сілекейге әсерін зерттеуді қолға алды. Бұған «Қазақстан стоматологтарының сараптамалық қауымдастығы» мұрындық болған. Жобаның жетекшісі осы қауымдастықтың президенті, стоматолог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, PhD Мейрам Раганин.
Бұған дейінгі көптеген зерттеу шылым шегетін адамдарда қабыну үдерісі, шырышты қабық құрылымында өзгеріс пен өзге де патологиялық белгілер болатынын байқатты. Әйтсе де медицина саласында темекінің әсері әлі күнге дейін пікірталас тудырып келеді. Енді жаңа зерттеу сол мәселенің басын ашпақ. 2024 жылы күзде басталған бұл зерттеу биыл көктемде аяқталмақ. Астана, Алматы, Шымкент және Өскемен сынды ірі төрт қаладан зерттеуге 80 адам қатысқан. 40 адам дәстүрлі, қалғаны тең жарымы қыздырылатын темекі шегетіндер.
«2021 жылы осындай зерттеуді пилоттық түрде жүргізген болатынбыз. Соның нәтижесінде қыздырылатын темекі тартатын адамдардың ауыз қуысының жағдайы дәстүрлі темекі шегетіндерге қарағанда жақсырақ екенін көрсетті. Бірақ олар темекі шекпейтіндермен салыстырғанда әлдеқайда нашар. Бұл жолы қатысушы саны артып, зерттеудің ауқымы кеңейді. Енді жаңа зерттеу анағұрлым терең, нақты әрі объективті деректер береді деп күтіп отырмыз», – дейді қауымдастық президенті, медицина ғылымдарының кандидаты, PhD Мейрам Раганин.
Айта кетейік, бұл зерттеу Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр. Сала мамандары мен дәрігерлер мұны аса маңызды қадам деп санайды. Себебі темекі шегу тек өкпеге және жүрек-қантамыр жүйесіне ғана емес, сонымен қатар ауыз қуысының саулығына да зиян. Қоғамда дәстүрлі темекіден гөрі, қыздырылатын темекінің зияны аз делінеді. Ауқымды клиникалық зерттеу дәл осы түрлі темекі өнімдерінің ауыз қуысына әсерін түсінуге жол ашады. Ең бастысы, бұл зерттеу отандық медицина қауымдастығы үшін ғылыми негіз қалыптастыруға септігін тигізеді.