Париж Олимпиадасында бесінші орын алған қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақыноваға тағы бір көлік сыйға берілді.
Қазақстандық дзюдошының Instagram Stories-інде жарияланған видеоға көзжүгіртсек, спортшы қызға «Жеңіс» дзюдо клубының президенті атынан су жаңа автомобиль тарту етілген. Әбиба Әбужақынова Парижден оралғалы осымен үшінші көлікті сыйға алып жатыр.
Ең бірінші болып дзюдошыға «Республика» партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров көлік мінгізсе, кейін Атырау облысының әкімі де темір тұлпардың кілтін табыстаған еді. Еске салсақ, Әбиба Әбужақынова Париж Олимпиадасында 48 кг салмақ дәрежесінде белдесті. Ол қола жүлдеге таласта швециялық Тара Бабулфаттан жеңіліп, бесінші орын алған. Әбужақынова Парижде аралас командалық сынға да қатысты. Бұл сайыста Қазақстан құрамасы Бразилиядан 5:2 есебімен жеңіліп қалды. 57 кг салмақта белдесетін дзюдошы қыз болмағандықтан, осы салмақта Әбиба ел намысын қорғап, Рафаэла Сильвадан жеңіліп қалған.