Ақтөбе облысы Алға ауданында шаруалар ірі қара белгісіз аурудан өліп жатқанын айтып, дабыл қағып жатыр. Айтуларынша, қорада тұрған сап-сау сиыр 7-8 сағаттың ішінде өліп қалады екен. Қайрат Тоқсанбаевтың бір аптаның ішінде 11 сиыры мен 13 бұзауы өлген. Айтуынша, ауру ешқандай белгі бермейді.
«Сап-сау жүрген сиыр 7-8 сағаттың ішінде шөп жемей қалады да бірден өледі. Алғашқы кезде көп малдың ішінде өлім болады ғой деп мән бермедім. Бірақ екінші күні де сиырларым өле бастады. Содан мал дәрігерін шақырттым», – дейді Қайрат Тоқсанбаев.
Өлген малдың қаны мен етін алған ветеринарлар алдын ала болжам бойынша шөптен улануы мүмкін екенін айтқан. Алайда қожалық басшысы бұлай болуы мүмкін емес деп отыр. Себебі осыдан үш жыл бұрын өңірде аусыл ауруы тараған кезде, мал жайылатын 250 гектар жерді қоршап алған. Осы уақыт ішінде бұлай бірде бір малы өлмеген көрінеді. Ал бұл оқиға аумақтағы өзге шаруа қожалықтарын да алаңдатып отыр. Олар ветеринария саласына көңілдері толмайтынын айтты.