Алматылық Сая Қыдырәлі 9 жасында сабақ беріп, 14 жасында екі бірдей оқу орталығын ашқан еліміздегі IELTS-тың ең жоғары көрсеткішке ие болды. Саяның жасы қазір 17-де. Алғыр қыз ағылшын тілін тез үйренудің тетіктерін алты жасында үйреніп, небәрі тоғыз жасында қатарластарына шет тілін үйрете бастаған. Ағылшын тілін меңгеріп қана қоймай халықаралық жүйедегі тестерден жоғары ұпай жинап, былтыр екі халықаралық ұйыммен бірлесіп ағылшын мектебін ашқан.
«14 жасымда өзімнің ағылшын мектебімнің негізін қаладым. Өзім 9 жасымнан бастап сабақ бере бастағандықтан, өзімнің студенттерім бола бастады. Ағылшын тілі соңғы жылдарда өте үлкен сұранысқа ие болып жатыр. Өйткені, тек қана шетелдік қана емес, біздің Қазақстандық мектептердің өзіне IELTS керек болып жатыр. Сондықтан әрқашанда сұранысқа ие сала болып қалады», – дейді Сая Қыдырәлі.
Сая тіл үйренуіне анасының ықпалы зор екенін айтады. Қандай қиындық болса да анасы білім алуына қолдау білдірген. Ол сабақтан бос уақытында зияткерлік мектепте ағылшын тілінен сабақ беріп, табыс тауып, анасына көмектесіп жүр.
«Тілі ерте шықты. Жәй ғана суреттер көрсетіп, көбіне түсінік айту. Кітап бірге оқып, соны түсініктеп. Бестен асып, алтыға таяған кезде бастадық екеуіміз. Саяның 4 жасынан бастап қамқоршысы өзіммін. Әкесі де, анасы да өзім болдым. Баланы әрі қарай дамыту керек деген сияқты. Сондықтан ұлты американдық, британдық адамдармен танысып, қызымды көрсетіп, осындай дарынды бала бар деп келетінмін», – дейді Саяның анасы Шолпан Дінасылова.
Ана тілегі қабыл болып, бүгінде үміт артқан қызы үлкен жетістіктерден көрініп жүр. Ол жақында анасының арманын орындап пәтер сыйлады.
«Көп қаржылай қиындықтар болды. 11 жасымдағы IELTS-ты тапсырайыншы деген кезде, ол ақылы емтихан болғандықтан менің анам бетімді қақпай тапсыра ғой деді. Бірақ сол кезде мен білмеппін сол IELTS-ты төлеп беру үшін бір аяқ-киіммен 1 жыл бойы жүрді», – дейді Сая.
Саяның ендігі мақсаты – жоғарғы білім алып, жақсы маман болу. Ол үшін қабілет те, жігер де бар. Білгенімді өзгелермен бөліскісі келетін талапкер, алдағы күнде тіл үйрететін үлкен орталықтардың санын көбейткісі келеді.