Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
-14
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

Дін саласында мемлекеттік саясатты жүргізудің тиімді жолы қандай?

144
Muslims pray during Kurban-Ait, also known as Eid al-Adha in Arabic, in front of Central Mosque in Almaty, Kazakhstan, September 24, 2015. Muslims across the world celebrate the annual festival of Eid al-Adha or the Feast of the Sacrifice. REUTERS/Shamil Zhumatov

Зайырлы мемлекет болғанымызбен осы тұрғыда мемлекеттік тиісті механизмдер әлдеқашан жасалуы керек еді. Заңның өзгеріссіз қалуынан 20 жылдың ішінде теріс діни ағымдардың кең таралып, қоғамда күрделі діни ахуал қалыптасуына сеп болды.

Бөтен елдің қолшоқпарына айналып, экстремистік идеологияны таратумен айналысатын діни топтар пайда болды. Қару атылып, қан да төгілді.

Мұның бәрі егемендік алып, есігіміз төрткүл әлемге ендей ашылғанда, жақсыны жатсынбаумен қатар, жаманды да сақсынбай қабылдай бергеніміздің салдары. Жұртымыз етек-жеңін енді-енді жинап жатқан сол бір елең-алаң шақта алды-артымызды тегіс дұрыс бағамдауға мұршамыздың келмегені де жасырын емес. Соны жақсы пайдаланған жат жұрттық неше түрлі діни ағымдар қырық сылтаумен сыналап еніп жатты. Олардың теріс пиғылдылары көп ұзамай төрімізге шығып тайраңдай бастайтынын билік те, бұхара да соңыра біліп қалды.

2004-2006 жылдары ҚР Жоғарғы соты және Астана қаласы сотының шешімімен экстремистік және лаңкестік сипаттағы діни ұйымдардың қызметіне ел аумағында алғаш тыйым салынды. Олар әл-Каеда, Шығыс Түркістан ислам партиясы, Күрд халық конгресі, Хизб-ут-тахрир, Асбат әл – Аңсар, Мұсылман бауырлары, Талибан, Өзбекстан Ислам қозғалысы, Лашқар-е- Тайба, Бозқұрт, Шығыс Түркістан азат ету ұйымы, Әлеуметтік реформалар қоғамы, АУМ Сенрике, Халифат солдаттары ұйымына тыйым салынды. Осылайша діни саладағы тығырықтан шығу үшін мемлекеттің қатал шара қолданбасқа амалы қалмады.

Осы мақсатта 2011 жылы Дін істері жөніндегі агенттік құрылып, Қазақстан Республикасының «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заңы күшіне енді. 20 жылдан кейін кеш те болса қабылданған бұл Заң да жекелеген сарапшылардың, кейбір діндарлардың көңілінен шықпағанымен, тұтастай алғанда дұрыс қабылданды. Осы Заңдағы ережелерді іске асыру үшін діни бірлестіктерге бір жыл уақыт берілді. Соған діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу үдерісі аяқталды. Нәтижесінде діни аһуал біршама дұрысталып, Қазақстандағы конфессияларды жіктеу жүйесі жетілдіріліп, олардың нақты саны 46 емес, 17 екені нақтыланды.

Сот шешімімен ел аумағында 1000-ға жуық діни-экстремистік сайттар жабылды. Бұл ақпараттық сала да қоғам мен мемлекет мүддесін қамтамасыз етуге бағыттаған. Өйткені жастар діни тақырыпқа қатысты сұрақтарды интернет сайттарынан іздейтіні ақиқат. Сондықтан да қазір кезде ақпараттың экстремистік қайнар көздеріне қарсы тұратын, діни радикализм мен экстремизм идеяларының мәнін ашып көрсететін сайттар ашу керек.

Әрине, Қазақстан – зайырлы, демократиялық мемлекет. Мемлекет пен дін бөлінген. Десек те, діннің АҚШ, Германия, Түркия секілді осы заманғы демократиялық және құқықтық мемлекеттердің әлеуметтік-мәдени өмірінде қомақты рөл атқаратынын естен шығармаған жөн. Сондай-ақ бүкіл әлемдегідей қазақ қоғамында да діннің рөлінің өсуі қоғамдық тұрақтылық пен тұтастай алғанда, жалпыұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық маңызға ие болып отыр. Ендеше, мемлекеттің мұндай үдерістерге батыл араласқаны керек.

Жаңа Заңымыз дәстүрлі діндердің, оның ішінде ханафиттік мәзһабтағы исламның тарихи рөлін атап көрсетті. Жалпы, жһандану заманында әрбір мемлекет өзінің ұлттық қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі – рухани қауіпсіздігін қорғауды ерекше назарға ұстауға тиіс. Сондықтан Қазақстандағы дәстүрлі ислам құндылықтарың, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрып, ұлттық діл, ұлттық мәдениет пен дүниетаным ерекшеліктерін, Әбу Ханифа Имам Ағзам мазһабының ұстанымдарын және Әл-Матруди ілімін ғылыми және теологиялық тұрғыдан зерделеп, талдайтын ақпараттық материалдар жастарға қолжетімді болуы керек. Шет елдерге діни білім алуға баратын жастарды арнайы іріктеуден өткізу керек. Алғашқы діни білім елімізде және дәстүрлі құндылықтар негізінде берілуі керек.

Ата-бабамыз, жалпы Орталық Азия елдері атам заманнан исламның ханафиттік мәзһабын ұстанған және ұстанып та келеді. Басқа мәзһаб имамдарымен салыстырғанда адам факторына ерекше мән берген, адами құндылықтарды мүмкіндігінше барынша қорғауға тырысқан Имам Ағзам Әбу Ханифа екендігін мұсылман әрі мұсылман емес көптеген зерттеушілер мойындаған.

Ханафи мәзһабының өзге мәзһабтардан ең негізгі айырмашылықтарының бірі – шариғат дәлелдерінің қатарына әдет-ғұрыпты да қосуы. Әдет-ғұрып діни үкім шығару, яки, пәтуа беру тұрғысынан мұсылман құқығының қайнар көздерінің бірі болып табылады. Әдет-ғұрыпқа мән беріп, оны негізге алу – ислам құқығының динамизмін, барлық уақытта жергілікті халықтың дүниетанымына сай келетін кеңдігін көрсететін бірден-бір ерекшелігі.

Ендеше, сан түрлі зиянды сектаның шырмауында кеткен жастарды түзу жолға түсіру, діннің саясилануына жол бермеу бүгінгі таңда еліміз үшін аса маңызды. Дін адам рухымен байланысты мәңгілік құндылықтармен ерекшеленеді. Діни салада мемлекеттік саясатты жүргізудің тиімді жолдарының бірі діни бірлестіктердің қызметін заңнамалық негізде қадағалау мен реттеу арқылы дін мен қоғамның үйлесімді дамуына бағдар ұстану екенін естен шығармаған абзал.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз