“Президент Никол Пашинян бастаған Арменияның жаңа үкіметінің түрі жаман”, дер еді біздің биліктегі бәзбіреулер. Шен-шекпенге қарап жатқан жоқ, полицияның бастығы тұрмақ, депутаттар мен министрлер, бұрынғы премьер-министрдің өзі қамауға алынды.
Иә, күні кеше ғана ең биік лауазымда отырғандар бүгін жемқорлығы үшін жауапқа тартылуда.
Пашинянның “Халықтан ұрланған ақшаны халқыма қайтадан қайтарып берем”, “Армения коррупциядан ада мемлекет болады” деген мәлімдемелері мүлдем өтірік емес екен.
Тамыз айының соңғы аптасында елдің бұрынғы премьер-министрі Овик Абрамянға, оның інісі Джоник Абрамянға және Армения полициясының бұрынғы бастығы Алик Саркисянға қарсы қылмыстық істер қозғалды. Тергеу комитетінің деректерінше, бұрынғы көлік және байланыс министрі Гагик Бегларян, депутат Мгер Седракян сияқтылар қызмет бабын асыра пайдаланып, алаяқтық пен ақша бопсалаумен айналысты деген күдікке ілінді. Тіпті
бұрынғы президент Серж Саргсянның інісі Левонға да заңсыз жолмен байып алды деген айып тағылып,
кешегі Левон-батырыңызға бүгін халықаралық іздеу жарияланды. Ол аздай, Саргсянның тағы бір бауыры Александрдың ұлдары да қамауға алынып, тергеуге түсті.
https://kaz.365info.kz/tyrkimenstan-khyrdymga-ketkeli-otyrgan-memlekette-ne-bolyp-zhatyr-329383
Тергеу комитеті талай былықты ашып жатыр. Мәселен, өте жоғары шенді бір топ тұлға тау-кен өндірісіндегі “Авазаатик” компаниясының жұмысына тосқауыл болып, компания басшылығынан кәсіпорын акциясының 60%-ін беруді талап еткен деседі.
Компания басшысы мен басқа да бірнеше куәгер бұл істе Овик пен Джоник Абрамяндар мен Алик Саркисянның есімдерін атапты.
Ал, не дейсіз? Масқара ғой мынау!
Арменияда қылмыстық істермен айналысатын адвокат бар, Ваагна Бабаян есімді. Ол былай депті:
“Арменияда өзара қарым-қатынастар құрудың өзіндік жүйесі қалыптасқан.
Бүкіл халық елде құрылған коррупциялық жүйенің қатысушысы болатын – баланы мектепке орналастырудан бастап, жұмысқа тұру, кәсіпкерлікпен айналысу, салық, кедендік қызметтер, бүкіл мәселе жең ұшынан жалғасу арқылы шешілетін.
Заңгердің сөзінше, бұл жүйенің негізі тірегі құқық қорғау органдары мен сот органдары, олар да жемқорлыққа белшеден батқан: жұмысқа тұрудан бастап пара алу құқығына дейін сатылып келген” дейді.
“Барлық жерде өзінің коррупциялық схемалары бар, ал күштік құрылымдар мен соттардың бәрі тек бір адамға – мемлекет басшысына ғана тікелей бағынышты болатын. Енді ел еркіндік алды. Жақын арада бұрын министр болғандар мен депутат болғандарға да тықыр таянатыны анық. Өйткені,олардың бәрі жемқорлыққа белшеден батқан , – дейді Бабаян DW басылымына берген сұхбатында.
Бірақ Бабаян бір проблеманы айтты. Құқық қорғау органдарындағы кадрлар құрамы мәселесі ашық тұр:
“Көптеген жоғары лауазымдарда, оның ішінде бас прокуратура мен соттарда ескі билік қойып кеткен ескі кадрлар отыр. Өз жүйесінің жемісін әбден көрген олар көп жағдайда өзін өтірік тәуелсіз етіп көрсетеді, ал шын мәнінде жемқорлыққа қарсы күреске тосқауыл қоюға құмар“.
Олай болмас үшін, дейді сөзін сабақтаған Ваган Бабаян, елде жуық арада соттардың “өтпелі кезең” тәртібі енгізілуі мүмкін. Әрине, бүкіл құқықтық нормаларды сақтай отырып. “Әйтпесе үкіметтің коррупцияға қарсы бұл күресін бәзбіреулер кек қайтару деп қабылдап қалуы мүмкін“, — деп қорытты Бабаян.
Фото: © picture-alliance/dpa/AP/S. Grits
https://kaz.365info.kz/ol-da-kytip-otyr-imangali-tasmagambetov-zhakhynda-zhana-khyzmetke-keledi-329876