Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова солтүстікке қоныс аударғандар не себепті оңтүстікке қайта оралатынын мәлімдеді.
Бұл туралы Baq,kz хабарлады.
«Өткен жылы 19 азамат әртүрлі себептерге байланысты оңтүстікке қайта оралды. Олардың айтуынша, ауа райы жақпаған. Бұл жағдай денсаулықтарына әсер етіпті. Осы себепті қайта оралған», – деді Мәдина Әбілқасымова Сенат отырысының кулуарында журналистерге.
Министрдің айтуынша, қайта қоныстануға бөлінген қаражатты азаматтарға мемлекетке қайтарудың қажеті жоқ. Себебі, бұл қаражат – қайтарылмайтын шығын болып саналады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласында 10 мың жұмыс жұмысшы жетіспейтінін айта келе, биыл қанша тұрғын солтүстікке көшірілетінін айтты.
«Өткен жылы солтүстіктегі өңірлерге 3,8 мың отбасы көшіп барды. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге жоғары. Биыл 9 мың тұрғынды немесе шамамен 4,5 мың отбасы солтүстікке көшіру жоспары бар», – деп түйіндеді сөзін Мәдина Әбілқасымова.