Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
7
USD
442
-1.91
EUR
474
-2.45
RUB
4.75
-0.07

Шетелдегі қазақтар туралы фильм түсіріліп жатыр

Тың идеяға Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы туған жер туралы айтқан ойы арқау болған.

Түсірілім тобы Ташкенттегі жұмысын Төлеби бабаның рухына тәу етуден бастады.

Даналығымен дүйім жұртқа мәшһүр болған бидің тарихымен жақынырақ танысты. Сапар барысында маржандар қаласы Самарқанға табан тіреп, Науайыдағы Әйтеке би кесенесіне аялдаған. Осылайша Ұлы жібек жолы бойындағы Өзбекстанда қоныстанған Қазақтардың тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысыпты.

Олжас Беркінбаев, «National Digital History of Kazakstan» интернет жобасының жетекшісі:

– Өткен жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланды.Осында туған жер мәселесі айтылды. Ал жақында Дүние жүзі қазақтарының құрылтайына 40 елден қандастарымыз келді. Бұл содан туған ой. Біздің басты айтарымыз жат елде қиыр қонып шет қонған Қазақ ағайындардың бүгінін көрсету.

Интернет әлемінде Қазақстандық идеологияға басымдық беріп жүрген ұжым бұған дейін арысы Қытайдан бастап, Мажарстан, Ресей мен Моңғолияның Ұлан-батыр жерлеріне дейін аралап шыққан. Қиырдағы қазақтардың жай-күйімен танысып ғана қоймай, Астарахань өңіріндегі күйші Құрманғазының кесенесінде болыпты. Жұрт бабаның басына барып түнегенде бір қолына домбыра, екінші қолына таба нан алып жатады екен. Түсінде домбыра көрсе дәулеткер күйші, нан көрсе басқа қәсіп иесі боласың деген нанымдардың да куәсі болыпты. Ал Қытайдағы қазақ мұражайынан алған әсерім өте керемет, дейді Олжас Беркінбаев.

Олжас Беркінбаев, «National Digital History of Kazakstan» интернет жобасының жетекшісі:

– Қытайдың Баркөл қаласында 3 қабатты Қазақ музейі бар. Сол жерден мен Құмай құстың күртесін көрдім. Үлкен құмай деген құстың терісін сыпырып алып жаңбырда күрте қылып киген. Екінші нәрсе кәдімгі шиден жасалған ши домбыра. Мажарстан, Қытайдағы ағайындардың өте көп айырмашылықтары бар. Мысалы тілдік диалектерінде. Моңғолиядағы ағайындарымыз қызты тұз дейді.

Жаһан кезген түсірілім тобы Қазақ ауылдарын аралай жүріп талай қызық жәйттерді де таспаға басып алыпты. Журналистің көзі әрі ақылдасар кеңесшісі болған Қалижан Оспанов та қайталанбас қадрларды қалт жібермейді. Өзбекстандағы жұмысын тәмамдаған топ енді Тәжікстан аспақ. Бұйыртса, «Қиырдағы қазақтардың» бүгінгі тіршілігі туралы түсірілген тың туындыны алдағы уақытта отандық арнадан тамашалайтын боласыздар.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз