Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп барған шымкенттік жігіт қамауға алынды. Ол өзін жазықсыз екенін, бірақ тіл білмегендіктен оны дәлелдей алмай жатқанын айтады.
23 жастағы Аманат Жұмаштың ата-анасы биліктен жазықсыз жапа шеккен баласына көмектесуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Оңтүстік Корея елінің азаматшасы ұлым Аманаттың үстінен зорлады деп полицияға арызданған. Мен баламның бұл қылмысты жасамағанына толық сенімдімін. Өйткені ол мұндай қылмысқа бармайды. Оның жазықсыз қамалғанын жанындағы жолдастары да айтып отыр. Бірақ айтайын десе кәріс тілін білмейді. Болмаған соң елшілікке де хат жазып, көмек сұрадық. Ол жақтағылар заңсыз жұмысқа барғандарға көмектесе алмаймыз, тек бақылауда ұстаймыз деп қысқа жауап берді», – дейді Қайсар Шерім.
Белгілі болғандай, Аманат Жұмаш Оңтүстік Кореяда әртүрлі жұмыс істеген. Оны полиция қамап қойғаны жөнінде сол елде жүрген жолдастары хабарлапты.
«Баламның жанындағы да жұмысқа заңсыз түрде барған. Сондықтан оларды да куәгер ретінде қабылдамауда. Әйтпесе олар болған жағдайды айтып, куәгер болуға дайынбыз деп отыр. Оның үстіне бәрінің де кәріс тілін білмейтіні бар. Мен еліміздің Сыртқы істер министрлігінен көмек сұраймын. Осы іске араласса, істің ақ-қарасын анықтауға көмектессе екен. Қазір біз сол жаққа баруға жолға ақша жинап жатырмыз. Оның өзіне бір миллион теңгеден көп қаражат кетеді»,- дейді Амант Жұмаштың әкесі.
Қайсар Шерімнің айтуынша, сот бір айдан астам уақыттан кейін болады. Егер Аманатты осы қылмыс бойынша айыпты деп тапса, 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.