Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альвареспен кездесуінде ауыр бір соққы жасауға тырысты, ал «Канело» бұл уақытта жеңіл жылдам соққыларын көп өткізді. Бұл туралы Олимпиада чемпионы, Мәжіліс депутаты Серік Сәпиев ОКҚ брифингі барысында мәлімдеді.
Бұл туралы Baq.kz хабарлады.
«Гена ауыр бір соққы жасауға тырысқанын көрдіңіздер, Альварес бұл уақытта жеңіл жылдам соққыларын көп өткізді. Гена да жеңіл соққылар жасай беруі керек еді деп ойлаймын. Сол кезде нокаутқа түсіретін мүмкіндік болады. Алғашқы раундтарда нокаутқа түсіретін соққыны емес, боксты көбірек ойлауы керек еді», – деді Сәпиев.
«Альварес өте жоғары деңгейде дайындалған. Келесі жекпе-жекте Генаға жақсылап дайындалу керек, оны зерттеп, соққы жасауға ғана мән бермей, бокстасу да керек», – деп толықтырды Серік Сәпиев.
Оның пікірінше, кездесу 7:5 есебімен Геннадий Головкиннің пайдасына шешілген.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Головкин Альвареспен жекпе-жек өткізіп, төрешілер шешімімен қос боксшы тең түсті.